Тән саулығының формуласы: руханият, спорт, ас.

Тән саулығының формуласы: руханият, спорт, ас.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Біз әр күні жаңа шыңдарды алуға, беймәлім дүниелерді білуге әрі Құран аяттарын жаттап, жаңа тілдер үйреніп біраз да болса өмірімізді жақсы жаққа қарай өзгертуге тырысамыз.

Ислам күнделікті жасалатын істерге кемелденген тәсілдемені талап етеді.  Сол себепті де біз өзімізді рухани және тән саулығы жағынан жетілдіріп отыруымыз қажет. Өміріміздің әрбір сәтін пайдалы өткізу маңызды. Алайда бұл үшін адам баласына өмірден дұрыс қуат көзін алу керек екенін естен шығара береміз.

Өкінішке орай, алдымызға қойған мақсатқа жету барысында физикалық жағдайымызға аса мән бермейміз, не ішіп, не жеп жүргенімізді қадағаламаймыз, физикалық жаттығулар жасау қажеттілігін есімізге де алмаймыз.

Біздің тәніміз, сана-сезіміміз Алладан аманат ретінде берілген. Егер біз жалға бір қымбат автокөлікті алар болсақ, оны сылап-сипап күтіп ұстаймыз, жолда байқап жүріп, ойлы-шұңқырлы жерлерден айналып өтіп, тек сапалы деген жанармайды құйып отыратын боламыз.

Автокөлік – адамның бір орыннан басқа бір орынға баруын қамтамасыз ететін қатынас құралы ғана; ал адамның тәні болса жанды бұл дүниеден келесі дүниеге апаратын сауыт..

Біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) былай айтқан: «Кімде-кім таңды өзі және отбасы үшін қауіпсіздікте атырса, дені сау болса, бір күнге жетерлік рызығы болса, онда күллі әлем оған сыйланған деп айтуға болады» (Тирмизи).

Салауатты өмір салтын ұстану маңызды, өйткені біздің тәніміздің жағдайы біздің діни міндеттемелерімізді орындауға ықпал етеді. Қазіргі таңда адамдардың арасында орындықта отырып намаз оқып отырған жандарды көптеп кездестіруге болады. Мұның себептері жетіп артылады, кейбір адамдар артық салмақтан зардап шегіп жүргендер, олардың аяқтары өз денелерінің салмағын көтере алудан қалған. Ал кейбіреулердің буындары ауырғандықтан, аяқтан тіке тұра алмай, намаз оқу үшін орындыққа отырады, енді біреулер қан қысымынан зардап шегіп жүргендер. Бұл адамдардың сәждеге жығылуы тән қиналысы арқылы жасалады. Сөзсіз, Алла Тағала намазымызды өз тән жағдайымызға қарап ыңғайластырып оқуға рұқсат берген, бірақ намазды Пайғамбарымыз (ﷺ) көрсеткендей етіп оқуға тырысқан жөн.  .

«Мықты мүмін әлсіз мүмінге қарағанда Алла алдында сүйіктірек әрі жақсы, бірақ екеуінде де игілік бар» (Мүслим).

Алла денсаулықты сақтауды ұйғарып, онымен бізді оңаша қалдырып қоймаған, Құранда және Сүннетте физикалық қалпымызды сақтап, белсенді салауатты өмір салтын сүруге үйреткен. Осы мақалада осы турасында бізге көмектесетін бірнеше аяттар мен хадистерді келтіреміз.

Дұға жасаңыздар

Алланың көмегінсіз біз қолымыздан келетін нәрсені де жасай алмаймыз, сол себепті бір іске кіріспес бұрын Алланың атымен бастаған өте маңызды. Пайғамбарымыз (ﷺ) былай айтқан: «Дұға – құлшылықтың негізі» (Тирмизи).

Тамақтануыңызды қадағалаңыз

Ислам барлық істе ұстамдылық танытуға шақырады, тіпті тамақтануда да. Алла Тағала былай айтады: «...Және жеңдер, ішіңдер де ысырап етпеңдер. Күдіксіз Алла ысырап етушілерді сүймейді» (7:31).

Жоғарыда айтып өткендей, шамадан тыс тамақ жеу, артық салмаққа әкеліп соғады. Алла Тағала Қасиетті Құранда тамақтануда ұстамдылық танытуға үндейді. Тамақтануда, есте ұстайтын ең басты нәрсе – бірінші кезекте, ас біздің аштығымызды басып, бізге күш-қуат беруі керек. Дәмді екен деп кез-келген тәтті тағамды жей беру ақылға қонбайтын жайт.

Тамақты асығып-үсігіп жемеңіз. Алдымызға келген тағам ыстық болса, біз көбіне оны үрлеп жатамыз. Исламда асты үрлеу жағымсыз амалдардан (мәкрүһ) болып табылады.  Дұрысы, буы бұрқыраған тамақтың біраз салқындағанын күтіп, содан кейін жеу абзал. Осылай жасау арқылы біз тамақты көрген кезде пайда болатын  ашкөзділігімізді басамыз. Сондай-ақ, асығыс үстінде біз асқазанымызға мөлшерден артық тамақ салып қоямыз. Мәселе мынада, асқазанды нығайтып толтырып алу мен тою сезімінің арасында біршама іркіліс бар. Ас жеу арқылы біз күш жинаудың орнына шамадан тыс тамақтану бізді біраз шаршатып тастайды.  Исламда жиналып тамақтану аса маңызды болып табылады. Сахабалар Пайғамбарымызға (ﷺ): «Уа, Алла Елшісі! Ақиқатында, біз тамақтанамыз, бірақ тоймаймыз!» - деген екен. Ол: «Мүмкін сендер оңашада тамақ жейтін шығарсыңдар», - деп айтады. Сахабалар: «Дәл солай», - деп жауап береді. Сонда ол: «Жиналып, бірге тамақтаныңдар, тамақтану үстінде Алланы еске алыңдар, сонда тамақ сендерге жұғымды болады», - деп жауап береді (Әбу Дәуд).

Отбасымызбен, достарымызбен жиналып отырып тамақтану арқылы біз үмбеттің нығаюына әкеліп соғатын туыстық қарым-қатынасымызды нығайтамыз әрі Алла разылығына қол жеткіземіз.

Беленді салауатты өмір салты

Сүннетте Пайғамбарымыз (ﷺ) бен оның сахабаларының жоғары физикалық белсенділік дәрежесін көрсететін бірнеше хадистер бар. Пайғамбарымыз (ﷺ)мұсылман жасақтарын шайқастарға бастап барғанда 40 жастан  асқан болатын. Бұл Алла Елшісінің (ﷺ) күші мен төзімділігінің жарқын үлгісі. «Үш нәрседен: садақ ату, ат үстінде жүру және әйелімен араласудан  басқа нәрсемен айналысқан мұсылман уақытын зая кетірген болады», - деген болатын Пайғамбармыз (ﷺ) (Әбу Дәуд).

Салт атпен жүрудің бірқатар артықшылығы бар: координация мен тепе-теңдікті ұстауға үйретеді, әдетте, салт атпен жүру таза ауа, табиғат ортасында жүргізіледі және көптеген бұлшық еттер жұмылдырылады.

Бүгінгі күнде біз автокөлікті пайдаланғанды қолайлы көреміз, өйткені бұл ыңғайлы әрі біздің күш-қуатымыз кетпейді. Алайда Пайғамбарымыз (ﷺ) жылдам әрі жаяу жүргенді ұнатқан.  Біз де осылай жасауымыз керек және әлем дәрігерлерінің бізге беретін кеңесі де осы.

Жабир ибн Абдулла (р.а.) мынаны баяндап берген:

«Меккеге бара жатқанда адамдар Пайғамбарымызға(ﷺ)жаяу жүрудің қиындап кеткенін айтып наразылық танытады. Сонда ол әлгі адамдарды шақырып алып, былай айтады: «Сендер қадамдарыңды жылдамырақ басыңдар. Асылында, бұл сендерге жолды тезірек әрі жеңіл жүріп өтулеріңе себеп болады». Содан кейін мұсылмандар қадамдарын жылдамдатып басып, денелерін жеңіл сезінген болатын».

Сонымен қатар, Алла Елшісінің (ﷺ) өмірінен білетініміздей,  ол көбіне өз әйелдерімен жарысып жүгіретін. Физикалық жаттығулар жасауға барлық отбасы мүшелерін, әсіресе балаларымызды баулуымыз керек. Балаларға физикалық жаттығулар мен белсенді өмір салтын ұстанудың аса маңызды екенін айтып түсіндірген жөн. Сондай-ақ, спортпен отбасы болып айналысу - отбасының өз ішінде қарым-қатынас үйлесілімдігін сақтауға септігін тигізеді.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: