Мысыр елі Омардың (р.а.) ел басқарған халифалығы тұсында мұсылмандардың қолына өтті. Мысырды мұсылмандардың қол астына қаратқан даңқты қолбасшы – Амр ибн Ас еді. Мысыр халқы Амр ибн Асқа өздеріндегі әдет-ғұрыптарды таныстыра келіп:
- Ей, қолбасшы! Біздің салт-санамыз бойынша маусым айының он екінші түні үйлене қоймаған жас қызды барынша сәндеп, әдемі киіндіреміз. Сөйтеміз де Ніл өзеніне тастаймыз. Біз мұны Ніл өзені арнасынан тасып, маңайындағы егіндіктерді суғару үшін жасаймыз,- деп түсіндірді.
Амр ибн Ас мысырлықтарға:
- Бұл исламға мүлдем жат нәрсе. Ислам діні бұрынғы барлық жаман әдеттерді жойды,- деді. Алайда сол жылғы маусым, шілде, тамыз айларында Ніл өзенінің суы тасымай Ніл жағалай күн көретін халық құрғақшылыққа ұшырап қатты қиналды. Халық жапа-тармағай көшуді жөн көрді. Амр ибн Ас болса жағдайды баяндап, халифаға хат жіберді. Хатты алған Омар (р.а.) іле-шала былай деп жауап жазды: «Сен өте орынды істепсің. Исламның бұрынғы жаман әдеттерді жойғаны да рас. Саған хатпен бірге тілдей қағазға өзінше бөлек жазу жіберіп отырмын. Сол бір жапырақ қағазды Ніл өзеніне тастарсың».
Амр ибн Ас әлгі айтылған тілдей қағазға көз тастағанда онда былай деп жазулы тұр еді: «Алланың құлы әрі мүміндердің басшысы Омардан Мысырдың Ніл өзеніне! Ей, Ніл! Егер сен осы уақытқа дейін өз күшіңмен ағып келсең, онда бұдан былай ақпай-ақ қой. Алайда құдіреті күшті бір Алланың бұйрығымен ағып келсең, онда Алла Тағаладан бұдан кейін де сені толассыз ағызып, арнаңнан тасытуын тілейміз».
Хазірет Амр халифаның дегенін істеп, қағазды Ніл өзеніне ағызды. Ал таңертең Ніл суының жеті-сегіз метр көтерілгені сонша, арнасынан сыймай тасып кетті. Сол күннен бері Ніл заңы әлі күнге дейін өзгерген емес.