Үйренем дегенге жапырақ та ұстаз

Үйренем дегенге жапырақ та ұстаз

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Хасан Басри кез келген жайттан бір нәрсе үйренуге болатынын былай айтып береді: «Біреудің мінін қазбауды қызтекеден үйрендім. Бір күні бір қызтекені көріп, жирене қарап едім, әлгі: - Молдеке, менен жиреніп қайтесіз. Кімнің нақ қызтеке екенін ақыретте білінер, - деп жер қылды.

Ғылым тілімен жұмбақтап сөйлеп, құрғақ уағыз айтудың ерсі екенін шырақ көтерген бір жас баладан үйрендім. Үш ай бойы уағыз айтатын адам таба алмай келе жатқанымда сол жолыққан балаға: - Мына шырақтың оты қайдан пайда болды, - деп уағызымды бастай беріп ем, әлгі бала оны үрлеп өшірді де:«Әуелі оттың қайда кеткенін түсіндіріп беріңізші», - деп мені ыңғайсыздыққа жолықтырды.

Кеуде кермеуді кәдімгі маскүнемнен үйрендім. Бір күні шалшықта жатқан масты көріп: - Ей, бейшара батып кетпе! -  деп жанымды ашытқансып өте беріп ем, әлгі маскүнем болса: - Уа, Хасан Басри! Мен батпаққа батып кетсем, адамзаттың саны бір маскүнемге азаяр. Діннің басында тұрған сіз батып кетсеңіз, соңыңызда тұрған миллион мүмін не болмақ?! - деп аузымды ашарлық жауап қайырды.

Ал ғашық болуды бетіме телміріп қарап қалған бір әйелден үйрендім. - Ей, қарындасым, Құдайдың парызын ұмытып, жүзіңді ашық қалдырғаның не? - деп айыптай бастап едім, әлгі әйел: - Мен құдайдың құлына деген махаббаттан пәранжамның ашық қалғанын байқамай қалдым. Ал сіз Құдайдың өзіне ғашық бола тұрып қайтіп оны байқадыңыз? – деп өзіме деп қарсы сұрақ қойды деген екен.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: