Соңғы кездері, жастардың «дінге» деген қызығушылығы күн санап артып келеді. Әрине, бұл қуантарлық жайт. Десек те дінді жетік түсініп үлгермеген жас жеткіншектердің сенгіштігін пайдаланып, өзінің арам пиғылын іске асыруға тырысатындар да жеткілікті. Дінге бет бұрып құран, намаз оқуды жаңадан үйреніп келе жатқан жастар бағыт-бағдарды кімнен алады? Жастар құран мен намазды мешіт имамдарынан емес, ғаламтордан үйренуді неге жөн санайды? Баласының, я болмаса қызының дінге бет бұрғанын байқаған ата-ана неге медресседен білім алуға апармайды? Көкейді кернеге түрлі сауалдардың жауабын зерттеуге тырыстым.
Қарап отырсақ, цифрландыру жүйесі дінді де айналып өтпегені байқалады. Ғаламтор арқылы құран және намаз оқу, дәрет алу, дін туралы ілім, діни салт-дәстүр және тағыда басқа да дінге қатысты ақпаратты оңай табуға болады. Интернет желісі арқылы діни ақпарат алу үшін бар болғаны іздеу жүйесіне өзіңізді қызықтыратын сұрақты қойсаңыз жеткілікті. Ал, ғаламтор ары қарай сіздің іздеген сұрағыңыздың бірнеше жауабын шығарып береді. Өзіңізге қажетті ақпаратты оқып немесе видеосын көруіңізге де болады. Өкінішке орай, бұл ақпараттардың арасында жасырын арам пиғылын асыру идеяларын іске асырғысы келетіндер де толып тұрады. Сонымен қатар, баласының «дінге» деген қызығушылығы оянғанын байқаған ата-ана оның білімін жетілдіру үшін діни кітапттарды берудің орнына интернеттен ақпарат алуға жағдай жасайды. Оң мен солын танып үлгермеген жас жеткіншек діни білімді ғаламтордан қалай алсын? Интернет ақпарат алудың ең оңай жолы, көкейдегі әрбір сұраққа жауап алу да қол жетімді. Бірақ, осы ғаламторға көп сенудің қажеті жоқ екенін естен шығарып алатынымыз өкінішті-ақ?! Радикалды дінді жақтаушылар өздерінің теріс пиғылын интернет арқылы іске асыратынын білсек те, баланы өз қолымызбен аждақаның апанына енуіне жол ашып бергенін кейбір ата-ана білмей қалса керек. Діни білімін жетілдіргісі келген баланы жетектеп медресеге, я болмаса мешіт имамынан білім алуға ертіп баруға ата мен ана уақыт таппайды. Ал, баласы радикалды діни ағымның жетегіне ерген кезде өзгені кінәлі санайды. Қандай білім алса да, сол білімнің алғашқы кірпішін қалауға үйрететін баланың әкесі мен шешесі. Ата-ана көрсеткен жолмен бала білім алатынын естен шығармағанымыз абзал.
Бүгінгі таңда еліміздің жас азаматтарының басым көпшілігі радикалды діни ағымдардың ықпалына ұшырау қауіпінде жүргені белгілі. Жастарымыздың радикалды діни ағымдардың ықпалына еріп кетуі олардың жеке ой-түйсігінің әлі де толықтай қалыптаспағандығы. Сондай-ақ, жастардың санасына жат ағымның оңай әсер ететіні анық. Жастардың радикалды діни ағымның жетегіне тез еруінің бірнеше себебін зерделеп көрдік.
Бүгінгі таңда еліміздің болашағы – жастар. Біздің жастарымыз түрлі себептермен жат діни ағымның жетегінде кетіп жатқаны қынжылтады. Жастардың радикалды діни ағымның жетегінде кетуінің салдарынан қаншама отбасының шырқы бұзылып, шаңырақтары шайқалып, берекесі қашты. Жастарды былай қойғанда, орда бұзар жасқа жеткен жігіт ағасының білімсіздігінің салдарынан әйелі мен бала-шағасы да сезімнің сергелдеңіне түсіп, темір торға тоғытылғандар да бар. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен ананың «нағыз ислами» өмірді іздеп үй-жайын, бала-шағасын, елін, жерін тастап, шекара асып, қиырдағы шет мемлекетке кетуі де діни білімнің жоқтығы. Әйел затының «нағыз ислами» ордасы «отбасы» екенін естен шығарып алса керек. Осындай теріс пиғылды содырлардың сөзіне еріп, шетел асып із-түссіз кеткен ұлы мен қызынан айрылған қаншама ата-ана зар илеп қалды десеңізші?!
Жастардың радикалды діни ағымның жетегінде кетуінің бірнеше себебі бар
Дәстүрлі емес жат діни ағымның жетегінде кетудің басты себептерін атап айтар болсақ – ол адамның діни сауатсыздығы. Олай дейтініміз, діни ілім алмаған адам, ілімді өз бетінше ғаламтор арқылы іздейді. Дінге шала саутпен келген жас жеткіншек өзінің қалай адасқанын аңғармай қалады. Теріс ағымға арбаушылар көбінесе өмірлік тәжірбиесі аз, уақытша қиындыққа төзімсіз, діни сауаты таяз жастарды тартуға тырысады. Өйткені, білімсіз адамның аңғал, көнгіш, сенгіш, еліктегіш келетінін олар жақсы біледі. Ал, мұсылман дінінде білімнің маңыздылығы ерекше екенін ұмытпағанымыз жөн. Оған дәлел, Құранның ең алғашқы түскен аяты да «Оқы» деумен басталады. Құран Кәрімде «Білмесеңдер білім иелерінен сұраңдар» деп көрсетілген. Білімді білім иесінен меңгеру адам өмірінде алатын орынының маңызды екенін аңғартып тұрғандай.
Сонымен қатар, әлеуметтік желілер мен видеохостингтерде өндірілетін және таратылатын түсініксіз әрі жат діни ағымды жақтаушылардың жасырын пиғылын насихаттайтын таралымдардың тым көптігіне байланысты. Олар өздерінің түсірген видео, немесе ақпаратарына «лайк» және қоңыраушаларды басқан адамдардың сеніміне кіруге тырысады. Сөйтіп, өздерінің желіқолданушыларына бірегей, ерекше және сирек кадрларды, пікірлерді, әзілдерді, өзгеше контенттерді ұсынады, осындай арбаушылардың парақшасына жазылудың салдары жастарды адастыратыны хақ. Қызықты ақпаратты қызыға қараған жас өспірім өзінің санасының қалай уланғанын байқамай да қалады?!
Ал, екінші себепке тоқталар болсақ, қазіргі интернет пен әлеуметтік желілердегі тыйым салынған уағызшылардың уағыздары, экстремистік сайттардың еркін қолжетімділігі де жастарды жарға жығуға итермелейді. Қарап отырсаңыз, мектеп қабырғасын аттаған баланың қолына ұялы телефон әперіп, интернетке емін-еркін кіріп, өзінің қалағанын көруге жағдай жасап қойғанбыз. Ұялы телефонсыз жүрген жасты көрсек, таңырқап қарайтынымыз жасырын емес. Жастар интернетте жарияланған «дұрыс» немесе «бұрыс» діни мәліметтерге, видеоларға имандай сеніп, оларға лайк басып, пікір жазып, сол ақпаратты өзгелерге бөлісуді үрдіске айналдырған. Әлеуметтік желіде жарияланған осындай мәліметтер мен видеолардың арасында жиһадқа шақыратын, билікке қарсы қоятын ақпараттар да бар. Қатарынан қалмасын деп балаңызға ұялы телефон алып бергенен кейін, оның күнделікті көретін ақпаратынан да хабардар болып отыру керек. Әртүрлі парақшаларға жазылып, оларды таратудан аулақ болған абзал.
Үшінші себеп, отбасындағы тәрбие. Қазіргі таңда, күн көрістің қамымен ата-ана баласын жалғыз қараусыз қалдырып, таң атысымен, күн батқанша жұмыста жүреді. Ал, кейбір әке мен шеше балаларын туыстарына қалдырып жұмыс жасау үшін өзге елге кетеді. Ата-ана мейіріміне, тәрбиеге мұқтаж бала жылулықты көшеден іздейтіні белгілі. Ата-анасынан ала алмаған қамқорлықты сырттан іздеген жастардың тағдыры орны толмас өкінішке әкеп соқтыруда. Ата-аналардың көпшілігінің бала тәрбиесіне көңіл бөлуге уақыттары тапшы болып жатады. Соңғы кездері ата-ананың басым бөлігі – «бала-шағамыз қатарынан кем болмай, киімі бүтін, тамағы тоқ, қалтасында қымбат телефоны болса болды» деген түсінікті түйіп алған. Бала тәрбиесі тек материалдық құндылықпен шектелмейтінін естен шығарып алып жататынымыз өкінішті-ақ...
Ал, Пайғамбарымыз (с.а.у) бір хадиснде былай дейді: «Әкенің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы - оның жақсы тәрбиесі». Отбасында дәстүрлі дін мен радикалды діни ағымның салдарын ажарата білмеген бала, өскенде көкейінде жүрген діни сұрақтың жауабын ата-анасынан ала алмағандықтан, ғаламтордан немесе көшедегі жат ағымның өкілінен сұрап, олардың тұзағына оп-оңай түседі. Отбасындағы тәрнбие мен діни сенімнің ұштасып тұрғанын естен шығармаған жөн.
Төртінші себеп, әлеуметтік жағдайдың нашарлығы және жұмыссыздық. Жағдайы төмен немесе жұмыс іздеп сенделіп жүрген жастар әлеуметтік желідегі әртүрлі жарнамаларға тез сенеді. «Тұрмыстың тапшылығы тауқыметінен жаман» демекші лаңкестік идеологияға бой алдырған адамдардың біразының тұрақты жұмыс орны жоқ. Олардың басым бөлігінің баспанасы жоқ, тұрмыстық деңгейі де төмен. Жұмыссыздықтан, тұрмыстық тауқыметтің ауырлығынан шаршаған адам айналасындағылардан көмек сұрайды. Осындай оңтайлы сәтті жат ағым өкілдері өз пайдасына асырып, қаржыдан қысылған адамға көмек қолын созып өздерінің айтқанын жасауына мәжбүрлейді. Соңғы кездері, радикалды дінді жақтаушылар «таргет» арқылы өздерінің ақпараттарын жарнамалауға көшкен. Жастар өздерінің көкейінде жүрген сұрақтың жауабын білу үшін таргет жарнамасын көріп, сілтемеге өткеннен кейін деструктивті ағымдардың топтарына тап болады, ары-қарай радикалды діни көзқарас пайда болады. Олар адамды қызықтыратын сұрақтар мен әңгімелерге тарту арқылы өздерінің тобына кіргізіп алады. Әрбір ата-ана әлеуметтік желіні пайдаланатын баланың осындай күмәнді сілтемелерге кіруін қадағалап отыруы керек.
Бесіншіден, психологиялық күйзеліске ұшыраған адам да жат діни ағымның жетегіне тез еріп кетеді. Себебі, қоғамнан шеттеп қалған жастар өздеріне жақын жандарды жат санап, өзіне жылы сөйлеген бейтаныс адамды жақын санайды. Арбаушылар әлеуметтік желі және сөйлесу арқылы психологиялық күйзеліске ұшыраған адамның сеніміне кіріп, оның санасын улай бастайды. Біз күйзеліске ұшыраған адамды психолог маманына көрсетудің орнына оны әркімнің айтуы бойынша емдейміз. Осындай бейтарап емдеудің нәтижесінің салдары орны толмас өкінішке алып келіп соқтырады.
Алтыншыдан, жастардың радикалды діни ағымның жетегіне кетуге жұмыс орны мен оның араласатын ортасы да әсер етеді. Қарап отырсаңыз, дәстүрлі емес діни ағымдардың мүшелері мемлекеттің жұмысынан бас тартып, сауда-саттықты берекесі бар, сүннет амалдардың біріне балап, көпшілігі жеке кәсіппен айналысады. Деструктивті теріс пиғылды жат ағымның жетегінде жүрген азаматтардың арасында да кәсіптің көзін тапқан, материалдық жағдайы жақсы, қалтасы қалың азаматтар бар. Олар сауда саттық орталықтардан бірнеше дүкен ашып, оған жұмыссыз жүрген жастарды жұмысқа тарта бастайды. Әрине, олар жұмысқа өзінің пікірімен пікірлес, діни көзқарасы сәйкес келетін сенімді адамдарды іздейді. Я болмаса, діни сауаты жоқ жастарды қарамағына тартып, оларға радикалды діни үгіт-насихат жүргізіп, қатарын толықтыра түседі. Сонымен қатар, әлеуметтік зерттеулердің нәтижесінде кейбір жастардың дінге бет бұруы араласатын достарының ықпалымен келгендігін көрсетеді. Себебі, жоғарғы оқу орнының табалдырығын аттаған жас студент шала сауатты, уағыз айтқыш жаңадан танысқан досының сөзіне еріп кететін жағдайлар жиі кездеседі. Шала сауаттылардың айтқан уағыз-насихаттарына уланып, жастардың «дінге» деген көзқарасы бұрыс жағына қарай өзгеріп шыға келеді.
Жетіншіден шетелдегі заңсыз оқу орындарында білім алу да жастарды адастырады. Себебі, еліміз Тәуелсіздігін алып, қанатын кеңге жая бастағанда жастарымыздың басым бөлігі діни білім алу үшін шетелге кетті. Ол жылдары елімізде сауатты діни білім беретін оқу орындарын ажырату оңай болмады. Шетелдің пір тұтқан дін уағыздаушысынан ілім алу жастардың басына қонған бақпен пар-пар болғаны анық. Ата-анасы «балам шетелді білім алып, елге имам болып келеді» деп қуанатын. Ал, баласы болса, еліне келіп дәстүрлі дінді жоққа шығарып, өзінің ілімі бойынша «ислами мемлекет құруға» тырысты. Осындай теріс пиғылды ілімнің жетегінде кеткен қаншама жастарымыздың өмірі темір қапаста өтті десеңізші?! Оған кім кінәлі? Әрбір ата-ана кінәні өзінен емес өзгеден іздейтіні сөзссіз. Қазіргі таңда елімізде діни бағыттағы оқу орындары жеткілікті. Шетелдің діни білім беретін оқу орындарына мұқтаждық азайды десек артық айтқандығымыз емес. Дегенмен де шетелде діни білім алып, елге оралып, абыройлы қызмет жасап жүргендерді де жоққа шығара алмаймыз.
Жастардың бойындағы патриоттық және дәстүрлі дінге деген сезімді қалыптастыру қажет. Себебі, 2000 жылдары көше кезіп, үй-үйді аралап өзге дінді насихаттап кітаптар мен жадынамалар таратып өзінің арам пиғылын іске асыратындардың жұмысы әлдеқайда жеңілдеді. Олай дейтінім, олар «ислам» деген қасиетті атты жамылып, өзінің теріс діни ағымдарын үйден шықпай-ақ әлеуметтік желі арқылы насихаттап жұмысын жүзеге асырып жүр. Олардың басым бөлігі, ата-бабамыздан мұра болып келе жатқан салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрыпымызды, ұлттық құндылығымызды жоққа шығару. Сондай-ақ дінді дәстүрге қарсы қоюға әуес. Олардың бұл әрекеті, әсіресе, діни сауатын жаңа ашып жүрген жастар мен жасөспірімдер үшін өте қауіпті. Қазақтың байырғы құндылығын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын түсінбейтін жастар жат ағымның жетегіне тез ереді. Сондықтан, әрбір ата-ана баласына жастайынан қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық құндылығын, әдет-ғұрпын үйретсе нұр үстіне нұр болар еді...
Асхат Дүйсен, Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелері зерттеу орталығы» КММ-нің дінтанушы-теолог маманы:
Нарбек Раушанның «Жастар теріс ағымның жетегіне неге тез ереді?» атты жалпы танымдық мақаласы бүгінгі күннің өзекті мәселесі деп есептеймін. Өйткені халық болсын, жастар болсын аталған материалға мұқтаж. Қоғамның қажеттілігіне орай осындай тақырыптағы материалдар жарыққа шығатын болса, діни сауаттылыққа жол ашылар еді.Жастар – ұлт үмітін арқа¬лаған ел ертеңі. Үміт пен сенімді ақтау сол буынның парызы. Сол себептен де жастар қазіргі қоғамның жетекші күші ретінде елі¬міз¬дің дамуы үшін жа¬уапты екені мәлім.
«Жүре берсең, көре бересің» дегендей, осы күндері жасына жетпей ата сақалы беліне түсетіндерді де, арнайы діни сауат алмаған жап-жас басымен уағыз айтатындарды да көріп жүрміз. Тіпті, әйелдер де елге уағыз айта бастады. Әсіресе бүгінгі күні ғаламтор беттерінде және әлеуметтік желілерде уағызшылардың саны көбейді. Қарапайым халық бұл дінсымақтарды тыңдағанда қайсы дұрыс, қайсы бұрыс айтып жатқанын ажыраталмайтын жағдайға жетті. Олардың айтылған насихат мәселесіне келсек, Отан, ұлттық құндылықтар деген сөз шықпайды. Тек бір дінмен шектеледі. Қазір осындай дінге қатысы жоқ дүмше білгіштер дінді насихат көзіне айналдырып жіберді десек болады. Мұның ар жағында озбырлы саясат тұруы әбден мүмкін.
Нұрдәулет Аширбаев: Шымкент қаласы және Түркістан облысына қарасты ҚАЖД бойынша Келес аудандық пробация қызметінің бастығы әділет майоры:
Радикалды діни ағымның жетегіне еріп, өзінің қателігін кеш түсінгендер жетерлік. Деструктивті ағымдардан сақтану қажет. Дін дегеніміз өте күрделі. Ол туралы ақпаратты кез-келген орындардан, сонымен қатар рұқсат етілген кітаптар мен сайттардан алған дұрыс. Және де еліктіру жолдары әлеуметтік желілерде тез таралады, оны дін жолына аяқ басқан жастарымыз осы дұрыс екен деп қабылдайды. Сондықтан діни секталардың құрбанына айналмас үшін діни білімімізді арнайы оқу орындарынан және діни орталықтан сұрап білулеріңізге болады. қазіргі таңда Келес аудандық пробация қызметінің есебінде екі сотталған әлеуметтік желі арқылы теріс діни ағымды өзгелерге таратқаны үшін бас бостандығынан шектеу жазасына тартылып, сот жүктеген міндетті орындауда. Теріс діни ағымды насихаттаған адамдар ҚР ҚК 147 бабы бойынша жазаға тартылатынын естен шығармаса екен.
Сондай-ақ, дәстүрлі дінге қайшы ағымдарды қоғамда деструктивті немесе теріс пиғылды діни ағымдар деп атайды. Яғни, «деструктивті» деген сөз латын тілінен «құлату», «қалыптасқан жүйені бұзу» деген мағынаны білдіреді. Жалпы айтсақ, діннің атын жамылған жат ағымдардың немесе топтардың мүшелері діни сауаты төмен, әлеуметтік тұрмысы нашар жастарымызды өз қармақтарына түсіру үшін өздерін ақиқат жолындағы шынайы діндарлар етіп көрсетіп, Отанына, отбасына және ата-бабамыз ғасырлар бойы дәріптеген дәстүрлі дінімізге, қалыптасқан салт-дәстүрімізге күдік келтіріп, қарсы қояды. Осындай дінді теріс бағытта насихаттайтындардан сақ болыңыздар
Өрікбай Абаев, Түркістан облысы:
Алғашында мешіт имамдарынан намазды Абу Ханифа мазһабы бойынша үйреніп, оқи бастадым. Достарымның ықпалымен Сауд арабиясының шейхтары Абдулуахаб мен Альбанинің кітаптарын оқып, мәзһаптан бас тартып, намазды «сүнна» бойынша оқыдым. Дінге өзім қызыға бастадым. Мен ұстазға барған емеспін. Діннен хабарымыз болмағандықтан, сұраққа жауапты өзім іздедім. Кейінен, бір-бірімізден кімнен білім алуға болатындығын сұрастырдық. Интернет желісінен араб елдерінің шейхтарының жағымсыз уағыздарын тыңдап, мешіт имамдарын адасқан, бидғатшы «дінге жаңалық енгізуші, адамдарды адастырушы» деп айыптадым. Имамдардың айтқан уағыздарына құлақ аспай, намазды жан-тәннімен беріліп бұрынғыдай оқымайтын болдым. Себебі, араб шейхтарының уағызы, біздің еліміздегі имамдарға және ата-бабамыз ұстанып келген «дінге» деген жаман ой қалыптастырды. Дәстүрлі дінге сенім жоғалып, оның орнына «радикалды дінге» деген оң көзқарас пайда болды. Теріс дінді уағыздаушылардың мына сөзін санама түйіп алдым: «Мұсылман мен кәпірдің айырмасы намаз» деген хадисті теріс түсініп намаз оқымайтын адамдарға «кәпір» деп қарадым. Олармен соғысу керек, оларды өлтіру сауап іс, осы жолда шаһид болуған адам Аллаға жақын болады» деген ұстаным санамды жаулап алды. Сирия елі мен үшін «Ислами мемлекет» деп түсіндім. Сол елге барсам деп армандадым. Осындай суреттерді, видеоларды әлеуметтік желі арқылы тарата бастадым. Өзімнің жасап жүрген ісімді дұрыс деп санадым. Қазір осы істегеніме қатты өкінемін. Шымкент қаласындағы ИЧ-167/31 мекемесінде 8 жыл жазамды өтеп шықтым. Оңалту жұмыстарын жүргізетін мекеме қызметкерлері мен имам-теологтардың діни танымдық түсіндіру жұмыстарының арқасында көп нәрселерді білдім. Сирия жеріндегі жағдай діни жағдай емес саяси қарулы қақтығыс екенін түсіндім. Бақылауда тұрамын. Жұмысқа да орналаса алмай, үйде отырмын. Балаларыма дәстүрлі дінді түсіндіріп, радикалды діннен аулақ болуын ұғындырудамын.
Раушан НАРБЕК