Жәннат пен тозақ – мәңгілік мекен. Иман етіп, ізгі амал жасағандар Алла Тағала кеңшілігімен Жәннатқа кіреді. Ал, иман етпей, күпірлікпен күн кешкен адам Алла Тағаланың әділдігімен Тозаққа түседі.
Бұл жөнінде имам Тахауи: «Пенде Жәннатқа Алла Тағаланың кеңшілігімен ал, Тозаққа әділдігімен кіреді. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Алла Тағаланың рахымынсыз ешкім Жәннатқа кірмейді, - дейді. Сонда: Уа, Алла Елшісі, сіз де ме? – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Иә, мен де. Тек егер Алла Тағала рахымына бөлесе ғана», – деп жауап берген.
Адамның Тозаққа кіруі – Алла Тағаланың зұлымдығы емес, керісінше әділдігі. Өйткені, адамға иман ету таңдауы берілген. Сондай-ақ, иман мен Алла әмірін тәрк етіп және тыйым амалдарды істегенге азап бары ескертілген. Сондықтан азаптау – Алла Тағаланың әділдігі мен хикметі.
Пайғамбарымыз (ﷺ): «Жәннат тұрғындары өлмейді, қартаймайды, олардың киімдері тозбайды және жастық шақтары өтпейді», - деп айтқандай осы екі мекеннің тұрғындары да мәңгі жасайды. Демек, Жәннат пен Тозақ жаратылған, бұл екеуі ешуақытта жоқ болып кетпейді.
Тозақ атаулары
Тозақты көбінесе – нәр (от) деп атайды. Сонымен бірге, Құран Кәрімде Тозақтың сипатын көрсететін бірнеше атауы бар. Олар:
1.Жәһаннам
Бұл ең көп кездесетін атауы. Бұл сөз түнеру және жақтырмай қарау етістігінен алынған. Құранда: «Олар сол күні, Тозаққа итеріліп тасталады» (52:13) делінген.
2.Ләзо
Мағынасы – жалын. Тозақ отынан шарпыған жалын денені өртеп, теріні жейді. Алла Тағала: «Әсте олай болмайды! Шын мәнінде ол тозақ, жалындаған от. Теріні сояды»,– деп ескертеді.
3.Хұтама
Хұтама – бұзу, сындыру етістігінен алынған. Тозақ отының қаттылығынан от өзінен өзі бөлінеді және ішіндегі мақлұқаттарды да бөліп тастайды. Құран Кәрім: «Олай емес, әлбетте ол «Хұтамаға» тасталады. Хұтаманың не екенін қайдан білесің? Ол – Алланың жағылған оты. Сондай жүректерді шалатын. Расында, олар ол отқа қамалады. Ұзын діңгектерге байланады» (104:4-9) дейді.
4.Саъир
Саъир – қатты жану, өртену дегенді білдіреді. Құран: «Осылайша қалалардың орталығы (Мекке халқын) әрі маңындағыларды қорқытуың және де болуында шәк жоқ күні, жиналуды ескертуің үшін саған арабша бір Құран уахи еттік. Ол күні бір топ Жәннатта, бір топ Тозақта», – деп ескертеді.
5.Һәуиә
Һәуиә – терең жерге зымырап құлау дегенді білдіреді. Құран Кәрімде: «Ал, енді біреудің таразысы жеңіл тартса, онда оның орны «Һауиә» болады. Ол һәуиәнің не екенін білесің бе? Ол – жалындаған от», - делінген.
6.Жахим
Жахм етістігі – қатты жану мағынасын білдіреді. Құранда: «Оны ұстаңдар да байлаңдар. Сосын оны тозаққа салыңдар», - делінген.
7.Сақар
Күннің қатты қызып, заттарды балқыта түсуін арабтар сақар күн деп айтады. Құранда: «Оны жағатын Тозаққа саламыз. Ол Тозақтың не екенін қайдан білдің? Кейін қалдырмайды да шала тастамайды. Ол, адам терісін өртеп кетеді. Оған он тоғыз (періште) қарайды», - дейді.
Айша (р.а.) анамыз жеткізген хадисте: «Дұрыс амал жасаңдар, жақсыға жақын болыңдар және жақсылықты сүйіншілей жүріңдер. Себебі, ешкім амалымен Жәннатқа кірмейді. Адамдар: «Уа, Алла Елшісі, сіз де ме? – дейді. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Иә, мен де. Тек Алла Тағала рахымына бөлесе ғана», - деп жауап берген. Естеріңізде болсын, Алла Тағалаға ұнамды амал аз болса да ұдайы жасалғаны,– деп айтылған.
asyldin.kz