Меркі ауданына қарасты «Жүніс молда» мешітінің имамы Қасымалиев Дастанның басшылығымен мешіт қасынан арнайы діни білім беретін «Сауат ашу курсы» ғимараты ашылды.
Ашылу салтанатына арнайы шақырылған аудан имамы Азамат Берікұлы сөз сөйлеп, Исламдағы мешіт медресе салудың сауабын жеткізіп, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) білім турасында: «Білімді талап ету әрбір мұсылманға парыз», тағы бір хадисінде: «Алла Тағала кімге жақсылық қаласа, дінді терең білуді нәсіп етеді», - дейді деп сөзін аяқтады.
Ашылу салтанатында ғимаратты тұрғызуға демеушілік еткен Жүніс молданың немересі Смағұл Жармұхаммедұлына алғыс хатты табыстап ризашылығын білдіріп, осы істі бастан аяқ жүргізіп отырған «Жүніс молда» мешітінің имамы Қасымалиев Дастанға алғысын білдіріп арнайы сыйлығын табыстады.
Ашылу салтанатынан кейін жиналған халыққа арнайы жайылған дастарханнан дәм татты. Дастархан басында имамдарымыз уағыз-насихат айтып, ақсақалдарымыз осы игі іс-шараға атсалысқан барша азаматтарға алғыстарын білдірді.
Білім ошағы заманауи оқу жабдықтарымен жабдықталып, дәріс өткізуге дайын. Алдағы уақытта мешіт қызметкерлерінің ұйымдастыруымен діни сауат ашу курсы басталады. Курс аясында білім алушыларға «Әліппе, тәжуид», «Ислам шарттары (хадис, сира, фиқһ)», «Иман шарттары (ақида)» пәндері бойынша сабақ беріледі.
Меркі ауданының бас имамы осы игі іске демеушілік көрсеткен барша азаматтарға өз алғысын білдіріп, екі дүние бақытын тілеп, олардың жанұясына, кәсіптеріне береке тілеп, дұға жасады.
Айта кетсек, Қасымалиев Дастанның ұйымдастыруымен «Жүніс молда» мешіті ғимараты толық жөндеуден өтіп, мешіт дәретханасы толық жөндеуден өтіп, мешіт жанына асхана салынған болатын.
Алла Тағала имамдарымыздың істеп жатқан еңбектерін қабыл етіп, сауаптан жазғай!!!
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі