Біз, Алла разылығы үшін, намаз оқимыз, Рамазан айында ораза ұстаймыз, зекет береміз, қажылыққа барамыз. Сонымен қатар, біз тағы да бір маңызды дүниені ұмытпауымыз керек – ол басқа адамдарды Исламға шақыру. Бұл Алла дініне деген зор маңызды үндеу Қасиетті Құранның көптеген аяттарында айтылады:
«Шын! Мен Мұсылмандарданмын.” деп, Аллаға шақыра отырып ізгі іс істеген кісіден сөз тұрғысынан жақсы кім бола алады?» (41: 33)
«Сендерден жақсылыққа шақыратын сондай-ақ дұрыстыққа қосып, бұрыстықтан тосатын бір топ болсын. Міне солар құтылушылар» (3:104).
Мұсылман апа-сіңілдерімізге Алла Тағала үндеу жасаудың қосымша мүмкіндігін сыйлаған – бұл хижаб.
Хижаб: біздің кезіміз
Бүгінде Исламның қарсыластары барынша біздің дінімізді бүтіндей және оның жеке ұйғарымдарын, ал хижабты айырықша қаралауға тырысуда. Батыс БАҚ өкілдері әр күні хижаб — бұл зұлымдық, бұл лаңкестердің киімі деп адамдарға таптаурын жасауға тырысып бағуда. Дегенмен, олар қанша тер төгіп бақса да оның кері әсері жүзеге асып жатыр – адамдарды Ислам қызықтыра бастауда және көп жағдайда олар ақиқат дінін қабылдау үстінде. Мұнда тұрған еш таңғаларлық жайт жоқ, өйткені біздің дінімізді Жаратушының Өзі қорғайды: «Олар, Алланың нұрын өшіруді қалайды. Кәпірлер жек көрсе де Алла нұрын тамамдайды» (61:8).
Сондықтан да, ештемеге қарамастан, хижаб — мүмін әйелдердің үндеудегі көмекшісі болған әрі болып қала береді.
Еркектерде мұндай мүмкіндік жоқ
Біз, мұсылман қыз-келіншектер, Аллаға шүкір айтуымыз керек, Ол бізге дінді таратудың осындай жолын бергені үшін. Бізге хижаб кию жеткілікті − біздің үндеуіміз әрекет ете бастайды. Бір сөз де айтпастан біздің басымыздағы орамалымыз адамдарды Жаратушы туралы ойлануға итермелейді. Негізінде, біз үшін бұл үлкен бақыт. Міне, үнсіз үндеу деген осы. Мұсылман апа-сіңілдерімізді қандай үлкен сауап күтуде! Ал еркектерге осы үшін қаншама күш салу керек? Өйткені біреумен Ислам туралы сөйлесу үшін, іс жүзінде әрқашан себеп, сылтау табуға тура келеді. Ал мұсылман қыз-келіншектерге сылтау іздеудің қажеті жоқ, Исламмен байланысты сұрақтар көбіне нәзік жандарға қойылады. Тіпті жаздың ыстық күндері адамдардың арасында ең кең таралған «Ал сізге ыстық емес пе?» - деген сұрақтың өзі үндеудің әрекет еткенін куәландырады. Әлгі сауалды қойған адамдар өздерін сіздің орныңызға қойып, хижабпен ыстық емес пе деген ойға қалады. Сондай-ақ, мынадай сауалдар да кеңінен таралған: «Сіз өз еркіңізбен кидіңіз бе? Бұл сіздің өз таңдауыңыз ба әлде сізді біреу мәжбүрледі ме?», «Ал сіз неге мұны кимейсіз?», «Ой, орамалды қандай әдемі орап алғансыз?» және т.б. Әрбір қойылған сұрақтан соң мұсылман қыз-келіншекке өз діні туралы айтып беруге мүмкіндік туады: Жаратушының хижаб сияқты бұйрығының қандай керемет екенінен бастап және қыз-келіншектің Исламдағы орнының қандай ұлы екендігімен аяқтаған жөн.
Хижаб — жабылмаған апа-сіңілдерімізге ескерту
Кімге қатысты жүргізілетініне байланысты үндеу әртүрлі болады. Хижаб киген мұсылман қыз-келіншек тек қана мұсылман еместердің арасында ғана үндеу жасап қоймай, сонымен қатар, өз дініндегі әртүрлі себептермен әлі бастарына орамал тақпай жүрген апа-сіңілдерінің арасында да үндеу тастауы тиіс. Көптеген әлі жабылмаған мұсылман апа-сіңілдерімізге басқа мұсылманның үстіндегі хижабты көрудің өзі жеткілікті әрі оның жабылуына түрткі болады. Бәлкім, осыған дейін қалада хижаб киіп жүрген жалғыз өзі ғана деп ойлап, өзін сенімсіз сезінген де шығар, ал жабылып жүрген сіңілін көргені оған қаншама күш пен сенімділік береді десеңізші.
Бір «бірақ» бар...
Егер мұсылман қыз-келіншектің мінез-құлқы сыртқы киіміне сәйкес келмейтін болса, онда хижаб қарсы-үндеу болып кетуі мүмкін. Хижабта жүрген қыз-келіншектің әрекеттерінің бәрі Ислам атынан болмақ. Мұсылман апа-сіңіліміздің іс-әрекетіне қарап, Ислам туралы пікір айтып, пікір қалыптастыратын болады. Әлбетте, мұсылман қыз-келіншектер мінсіз емес, ал Ислам мінсіз, бірақ біздің дініміз туралы оның өкілдеріне қарап пікір айту адамдарға тән нәрсе. Сондықтан мұсылман апа-сіңіліміз осы үлкен жауапкершілікті түсінуі қажет. Сыртынан хижаб кисе де ол өзінің ішкі дүниесін, өзінің мінезін, өзінің мәнерін ұмытпауы тиіс. Хижабтағы қыз өз мінез-құлқын бақылап, оны бейморальдық, бейбастық және тәртіпсіздік емес, тек сыпайылық, имандылық және пәктікпен ғана байланыстыруы қажет.
Жабылмаған апа-сіңілдеріміз, өз мүмкіндіктеріңізді жібермеңіздер!
Аллаға Мадақ, Оның хижаб кию деген қыз-келіншектерге арнаған ұйғарымында қаншама даналық, данышпандық жатыр десеңізші. Менің хижаб кимейтін апа-сіңілдеріме айтарым: сіздер үлкен мүмкіндіктеріңізді жіберудесіздер! Сіздердің әуреттеріңізді бөтен еркектер көрген әр секунд сайын күнә жинағандарыңыз аз болғандай, өз дініңізді таратудың үлкен мүмкіндігін жіберудесіздер. Сүйікті апа-сіңілдерім, мен сіздер үшін дұға жасаймын. Алладан тезірек сіздерге хижаб киюге мүмкіндік беріп, мұсылман жамылғысының қорғанышын расымен сезінсін деп тілеймін. Үнсіз үндеудегі хижабтың күшін сезінуге Алла нәсіп етсін. Ал күллі мұсылман қыз-келіншектерге Алланың дініне шақыру жолында, Жаратушы күш пен сабыр берсін. Әмин.
asyldin.kz