Тәжік эстрадасының примадоннасы, әнші Шабнами Сурайе, жергілікті басылымның тілшісіне берген сұхбатында қажылық парызын өтегеннен кейін шоу-бизнестен кететінін мәлімдеді.
Хибжаб киген әнші имиджіңізді өзгерттіңіз бе деген тілшінің сұрағына: «Жоқ, мен имиджімді өзгерткен жоқпын. Дегенмен, ендігі уақытта сахнаға шыққанда тек ұзын көйлектер мен жабық киімдерді киетін боламын. Мұсылманға тән киімдерді кигенде өзімді өте жайлы сезінемін», - деп жауап берді.
Сонымен қатар, әнші: «Соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдарында Сурайе мен оның сіңлісі қажылық парызын өтеп келіпті дегенді көп оқыдым. Бұл үлкен қажылық емес, кіші қажылық, яғни, умра болатын», - дейді әнші.
«Әрбір мұсылман өмірінде бір рет болса да, үлкен қажылық парызын өтеуді қалайды. Мен де мұны қалаймын және күндердің бір күнінде Алла бұл парызды маған да өтеуге мүмкіндік беретініне сенемін. Бірақ, сол кезден бастап мен сахнаны біржолата тастайтын болармын», - деп түйіндеді сөзін әнші қыз.
hibatulla.kz