Құран оқуда орындалуы қажет 6 сүннет

Құран оқуда орындалуы қажет 6 сүннет

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Егер адам күндізін ораза ұстаумен, ал түнді Құран оқумен өткізсе, хадиске сай Алла Тағаланың қалауымен Қиямет күні Құран әлгі адамға шапағатшы болады. Алайда Құран оқу мүмінге барынша пайда келтіргенін қаласа, онда Алла Елшісінің (ﷺ)  келтірген бірнеше ережелеріне көңіл қою керек:

Құран оқу алдында дәрет алу

Құранда былай айтылған: «Оны тап-таза болғандар ғана ұстайды» (56:79).

Құранды дәретсіз ұстауға болмайды.

Оқу көлемі

 Айша анамыздың (р.а.) айтуынша: «Пайғамбарымыз (ﷺ)  Құранды үш күнде оқып болатын!»  Имам Бадруддин әл-Айни былай деген: «Бұл хадистің мәні мынада – үш күннен аз уақытта Құранды оқып болатын адам, Құран оқудан алар дүниелерді жіберіп алады!» Сондай-ақ, Әбу Жамра былай айтқан екен: «Бір күні мен Ибн Аббасқа былай айттым: «Мен Құранды тез оқитын адаммын, бір түнде мен Құранды бір немесе екі рет оқып аламын!» Сонда Ибн Аббас айтыпты: «Маған сенің жасағаныңа қарағанда, бір түнде бір сүрені оқу көп ұнамды!» Демек, Құран оқуда асықпау керек, өйткені асығып оқу оны дұрыс оқуға әрі аяттардың мәнін байыбына жете түсінуге кедергі  келтіреді. 

Дауыстап әдемі ырғақпен әндетіп оқу

Құранды әдемі дауыспен әндетіп оқыған жөн. Айша анамыздың (р.а.) келтіргені бойынша, Алла Елшісі (ﷺ)  былай айтқан екен: «Кімде-кім Құранды қиналып, бірақ ынтамен оқитын болса, екі есе сауап алады» (Мүслим). 

Сондай-ақ, басқа хадисте былай айтылған: «Кімде-кім Құранды оқығанда әрбір дыбысын анық та айқын әрі әдемі дауыспен әндетіп оқымаса, ол бізден емес».

Сәждеге жығылу

Қасиетті Құрандағы 14 аятты оқу барысында сәжде жасау керек. Мысалы,  «Сәжде» сүресінің 15 аятында былай айтылған: «…Шын мәнінде аяттарымызға, өздеріне үгіт берілген кезде, сәждеге жығылып; Раббыларын мақтап, пәктейді. Сондай-ақ тәкаппарланбай иман келтіреді».

Аяттарды оқуда дұға мен Алланы еске алудың бірге айтылуы

Хузайфа әл-Йамани былай айтқан: «Бір күні мен Алла Елшісімен (ﷺ) бірге құлшылық еттім. Ол «Бақара» сүресін оқи бастап, рақымшылық сөзі бар аятты оқып болмай жатып, Алладан рақым тіледі, Алланың жазалауы бар аятты оқып болмай жатып, одан қорғауын сұрады және Алла бәрінен де артық деген сөздері бар аятты оқып болмай жатып  «СубханаЛла!» деп айтты.

Әр түрлі тәсілмен оқу

Бір күні Алла Елшісі (ﷺ)  өзінің үш сахабасының қасынан өтіп бара жатып, үшеуінің Құранды әртүрлі оқып отырғанын байқап қалғандығы келтірілген. Үнсіз оқып отырған Әбу Бәкірге (р.а.) жақындап, неге бұлай оқып отырғанын сұрайды, сонда Әбу Бәкір: «Шындығында, мен сыйынатын мені естиді». Пайғамбарымыз (ﷺ)  Құранды дауыстап оқып отырған Омарға (р.а.) жақындап келіп оның бұлай оқу мәнісін сұрайды, сонда ол: «Ұйықтап жатқандарды оятып, шайтандарды қуамын», - деп жауап береді. Пайғамбарымыз (ﷺ)  Біләл әл-Хабашқа жақындап келеді, ол бір сүренің бірнеше аятын оқып отырып, басқа сүренің аяттарын оқып отырған еді. Одан бұлай оқуының мәнісін сұрағанда, Біләл: «Мен үздіктерді үздіктермен араластырамын», - деп жауап берген екен. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ)  оларға былай айтқан екен: «Әрқайсың да ең жақсы тәсілмен дұрыс жасадыңдар». 

Егер адам Құран оқи алмайтын болса, онда ол оны тыңдау арқылы сауапқа кенеле алады. Өйткені Алла Елшісі (ﷺ)  былай айтқан: «Кімде-кім Алланың Кітабынан аят тыңдайтын болса, ол оған Қиямет күні нұр болады».

Алла Тағала біздің Құранға деген сүйіспеншілігімізді арттыруға көмектесіп әрі Өзінің Кітабынан оқылған не тыңдалған әрбір әріпті бізге сауаптан жазуға нәсіп етсін!

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: