Шешенстан президенті Рамзан Қадыров терроршылармен күрес шараларының күшейтілгенін хабарлады.
5 желтоқсан күні Қадыров instagram парақшасында "Егер содыр Шешенстанда полиция қызметкерін немесе басқа адамды өлтірсе, оның отбасы жедел түрде Шешенстаннан қайтып оралу құқығынсыз шығарылады да, үйі іргетасымен бірге сүріледі" деп жазды.
Қадыров "Мұны полиция қызметкеріне немесе өзге жұртқа қару кезенгісі келетін барлық қылмыскер білуі тиіс" дейді.
Ол министрлермен, аудандардың полиция және сот басшыларымен жиын өткізгенін хабарлап, "Өте қатаң, бірақ әділ талаптар қойдым: егер кез келген ауданнан бір адам қолына заңсыз қару алса, олардың отставкаға кететіндерін түсіндірдім. Күндіз-түні жұмыс істесін" деген.
Бұған дейін Грозныйда 4 желтоқсан болған содырлар мен полиция арасындағы атыстан 14 адамның қаза болғаны хабарланған еді.
Жұма күні Рамзан Қадыров 11 содырдың бәрі опат болғанын мәлімдеді.
Қадыровтың айтуынша, "Шабуылды Доку Умаровтың Түркиядағы туысы Ахмат ұйымдастырған. Ресей Түркиядан оны сұратуы керек".