Адамның айтқан қалжыңы басқа адамға зиянын тигізбеуі керек.
«Кейде жүректеріңді жадыратып, қалжыңмен тыныштандырыңдар» (хадис).
Күлкі, шаттық, әзіл-оспақ – біздің өміріміздің ажырамас бөлігі, онсыз өміріміз сондай қуанышты болмас еді. Біздің асыл дініміз күлкі мен қуанышқа тыйым салмайды, тек бұл мәселе төңірегінде нақты шекаралар мен қағидаларды орнатқан.
Осы мәселені Алла Елшісінің (ﷺ) хадистері негізінде қарастырып көрейік:
1. Ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ) да қалжыңдаған, ендеше, жақсы түрде қалжыңдау қуаныш әкеледі – бұл Алла Елшісінің (ﷺ) сүннеті. Біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) былай айтқан: «Қиындатпай, жеңілдетіңдер, жиіркенушілік тудырмай, қуандырыңдар да кеудеден қақпаңдар».
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (ﷺ) жұмсақ мінезін аша түсетін көптеген әзіл оқиғалар келтірілген, солардың біреуі төмендегідей: Әнас ибн Мәліктің (р.а.) құлағының үлкендігіне қарап, оны Алла Елшісі (ﷺ): «Уа, екі құлақтың иесі» деп атаған екен.
2. Айтылған қалжың өтірік болмауы керек.
Хадисте айтылғандай: «Күлкі үшін мүлде болмаған оқиғаларды ойдан шығарып айтатындар неткен бақытсыз!»
Бір күні Әбу Хурайра (р.а.) Пайғамбармыздың (ﷺ) қалжыңдап отырғанын көріп:
- Уа, Алла Елшісі! Сен де қалжыңдайсың ба? – деп сұрайды.
Сонда Алла Елшісі (ﷺ) оған: «Иә, мен қалжыңдаймын, бірақ қалжыңдасам да тек шындықты айтамын», - деп жауап берген екен.
«Күлкі үшін мүлде болмаған оқиғаларды ойдан шығарып айту аса бақытсыздыққа әкеліп соғады». Осы жерде «Сөздің жаманы – өтірік, жалған әзіл мен шикі пікір» дегенді айта кету керек. Біреуді күлдіремін деп күнәға батудан аулақ болайы, ағайын. Ойдан өтірік күлкілі оқиға құраудың күнә екенін, ал әрбір күнәнің Алла Тағаланың жазасына апаратынын есімізден шығармайық.
3. Қалжың басқа адамға зиянын тигізбеуі керек.
«Ешкім қалжыңдап та, шынайы түрде де біреудің асатаяғын алмасын. Алса, қайтарып берсін».
«Мұсылманға екінші бір мұсылманды қорқытуға тыйым салынған». «Мұсылман — ол тілімен де, қолдарымен де басқа бір мұсылманға зиянын тигізбейтін адам».
«Ойыннан от шығады» дегендей, қалжыңдап отырып, біреудің ар-намысына тиетін сөздерді айтып, мұсылманның жанын ауыртудан аулақ болайық. Не нәрседе болсын, басқа жанға зиянымызды тидіріп алудан сақтанып жүрген абзал.
4. Күлкіде шектен шығушылыққа тыйым салынған, мұсылман үнемі ұстамдылық таныта білуі қажет.
«Орынсыз күлкі — ақымақтықтың белгісі» дегендей, әр қалжыңның өз орны, өз шегі бар.
Адамзат баласының ардақтысы, біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) қатты күліп отырғандардың қасынан өтіп бара жатып: «Менің білгенімді сендер де білгендеріңде, күлмей, жылар едіңдер», - деген екен.
«Көп күлме, өйткені күлкі жанды өлтіреді». Шектен шығып, әдепсіз қалжыңдарды айтып, оған қарқылдап күлу — мұсылмандыққа жат қылық болып табылады. Мұсылмандар әдепсіз қылықтарымен емес, көркем мінез-құлығымен адамдарды өздеріне тарта білгені жөн.
5. Тыйым салынған тақырыптарға қалжыңдауға, адамның жеке сырын ашуға және пасық сөздер айтуға болмайды.
Ең бастысы, мұсылман баласы Пайғамбарымыздың (ﷺ) мына бір хадисін естен шығармағаны жөн: «Кімде-кім Аллаға және Қиямет күніне иман келтірсе, тек жақсы сөз айтсын немесе үндемесін».
asyldin.kz