Бақсы-балгерлерге барып, ауыр күнә арқаламаңыз

Бақсы-балгерлерге барып, ауыр күнә арқаламаңыз

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бүгінде расы керек, болашағыңды болжап беремін, жолыңды ашып, басыңдағы дуаны шешемін деген бақсы-балгерлердің қатары артты. Өкініші сол, олардың айтқанына сеніп, амалдарын орындайтын адамдар азаймай отыр. Тіпті, арасында, пір тұтып, "мақсым" атап жүргендері де бар. Негізінде ондай жандар халықты ғана емес, өздерін алдап, нәпсінің құлы болып, иманын сатып жүргендер. Ондайлар тек діннен шығып, Алланың алдында ауыр күнәға батып ғана қоймай, сөзіне иланған адамдардың арасында іріткі салып жүргенін білеміз бе?...

Бақсы-балгерлердің айтқанына сеніп, көршімен араздасып, ағайыннан бұрылып, бауырмен жүз шайысып, жақынын жатқа айналдырып жатқан жағдайлар да кездеседі. Сонда бұл не? Жарқын болашағыңа жол ашатын осындай көріпкелдердің әрекетіне мұнан соң не дейсіз?...

 Балгерліктің негізі өтіріктен құралған. Бұлай демеске лаж жоқ. Құлқынның қамы үшін иманын сатып тапқан пайда ауыр күнәға саналады. Әрі көріпкелдің алдына барып, айтқанын орындаған адамның да тілегі қабыл болмайды.

Имам Муслим және Ахмад рауаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кім балгерге келіп, одан қандай да бірнәрсе жайлы сұраса, оның намазы қырық күнге дейін қабыл болмайды»,–деген.

Нағыз тақуа мұсылман үшін қырық күндік емес бір мезгіл намаздың қабыл болмауының өзі үлкен қасірет болып есептеледі.

Бұл – тек балгердің алдына барып, көмегіне жүгінгенге берілген жаза. Ал, оның айтқанына сене ме, сенбей ме ол – екінші мәселе.

Имам Ахмадтың рауаятында: «Кім балгерге яки, көріпкелге келіп оның айтқанын растаса, шынымен де Мұхаммад (с.ғ.с) күпір келтіргені», - делінген.

Яғни кім балгерге барып оның айтқанына сенсе, оның дегенін растаса, күпірге кеткені, діннен шыққаны. Алла мұндайдан сақтасын сақтасын!

Алла Тағала және ақырет күніне иман келтірген пенде әрбір істе жаратушымыздың разылығын алуға тырысады. Пайғамбарымызбен (с.ғ.с) сахабарлардың қалдырған өсиеттеріне ереді. Ізгі жолда жүрген жақсылардан ақыл сұрап, кеңесіне сүйенеді. Алаяқ, жалған сөйлейтіндерден іргесін аулақ салады. Осылайша, өзін ақ жолынан адасудан сақтайды.

Балгерлер дертке шалынып келгендерге де түрлі болар-болмас сөздермен иландырып, жын тигені, жаман жерді басып алғаны, біреу оны дуалап жүргені сол үшін ауру тапқанын ұқтыруға әрекет етеді.

Қазіргі таңда кейбір науқастар дертіне ем іздеп дәрігерге емес, бақсы-балгерлердің, тәуіп, көріпкелдердің көмегіне жүгінеді.

Ислам діні мұндай істерге тыйым салған, оған қарсы аяусыз күрескен. Дініміз дімкәс жандарды тәуіптерге, бақсы-балгер зікіршілерге барудан қайтарған.

Пендеміз ғой, арагідік «балерлердің айтқан кейбір сөздері дәл шығады ғой" деп жатамыз. Шынында, бір сәт балгерлердің сөздері шындыққа жанасып, айна-қатесіз келгендей көрінеді. Негізінде, адамдарды өз тұзағына түсіретін нәрсе де сол болады. Оның не екенін Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай түсіндіреді: «Ол хақтан келген кәлима болып, жындардың бірі оны іліпалып "серігінің" құлағына тауықтың ғағақтауына ұқсатып жеткізеді. Ал олар оған жүзден аса жалғанды араластырып жібереді».

Бұл хадистегі "серік" – балгер. Иә, балгердің жын серігі болады. Әйтпесе, жын ұрмаған адам балгер болар ма еді. Өзіңіз ойлаңызшы?...

Баршамызға белгілісі балгерлер жоқты білуді, болашақты болжап бере алуды айтады. Ал, шын мәнінде жоқты білу Аллаға ғана аян.

 Құран Кәрімнің "Анъам" сүресінің 59-аятында: «Ғайыптың (жасырын іс, нәрселердің) кілттері Алланың алдында. Оны Одан басқасы білмейді», – дейді.

Алла Тағала пенделерін жаратушының істерін білемін деуші балгер - бақсы, сәуегей-көріпкелдер мен жалған тәуіптерге алданбауға шақырумен қатар, бұл секілді адамдарға қияметте ауыр азаптар дайындап қойғанынан хабар береді:

«Және оларға тозақ азабында дайындап қойдық. Өз жаратушыларына күпірлік жасағаны үшін тозақ азабы бар.Ол соншалық жаман жер!" ("Мүлік" сүресі, 5-6 аяттар)

Жасыратыны жоқ, қазір де кейбір адамдар балгер, бақсыл, дуагөйлер бастағы барлық мәселені шешіп береді деп ойлайды, солай сенеді де.

Жұмысы кері кеткендер де, жайсыз түс көріп шошынғандар да, түрлі дертке шипа іздегендер де, саудасы жүрмеген саудагер де, тіпті затын жоғалтқан адам да, мансабын өсіргісі келгендер де берісі, жоғарғы оқуға түсуді қалаған жастар да балгер немесе көріпкелден көмек күтеді.

Ал, сол пенделер балкердің жалғыз басты, жанұясында береке қашқан немесе айтарлықтай мансабы, қаражаты жоқ, алыстағы емес өз жақындарына жанашырлық таныта алмай жүрген әлдебіреу екенін ойлап та көрмейді.

Сенім танытқан сол балгер болашақты болжай алатын болса бала-шағасының неге жолы болмаған, біреуге байлық алып келетін дұға оқи алса өзі неге байып кетпейді,деген ойлар көпшілікті неге қызықтырмайды екен? Осыны ойладыңыз ба?

Ал мен болашақты білетін көріпкел болсам лотерея ойындарының қайбірінде ұтыс бар екенін біліп миллионер болар едім, ал олар неге олай жасамайды?

Кейбір балгерлер: «Лоторея – құмар ойын. Құрмарлық – арам», - деп айтуы мүмкін. Негізінде, құмар қаншалықты арам болса, балгерлік жасау оған бару, сену де соншалық арам. Жаратушымыз Құран Кәрімде: "Әй, иман келтіргендер! Әлбетте хамр (мас етуші ішімдік) құмар, бұттар және (бал ашатын) шөптер–шайтанның ісінен болған жамандық. Ендеше, олардан бойларыңды аулақ ұста», - дейді.

Балгер, бақсы, дуагөйлердің кесірінен қазіргі қоғамда көптеген зиянды, жазатайым оқиғалар, ағайын арасында араздықтар туындап жатыр. Оны күнделікті тірлікті көріп те, байқап та жүрміз. Қарапайым мысал ретінде адамдардың ағайын - туыс, бауырлардың арасындағы араздықты айталық.

Бұл неден туындайды? Бір кісі өзінің басы жиі ауыратынын айтып балгерге мұңын шағады. Ал балгер болса "клиентіне", бір қарап жіберейін деп карта, құмалақ, моншақтар немесе кітапты парақтап: «Сізді жақындарыңыз, достарыңыз не жақын бір бауырыңыз дуалаған бұған тездетіп қарсы дуа оқытпасаңыз соңы жақсы болмайды», - дейді.

 Бұл сөздер өз кезегінде адамды айналасына, туыс–бауырларына күдік-үреймен қарауға итермелейді. Осындай жағдай салдарынан қоғамда алауыздық, араздық, дұшпандық пен сенімсіздік арта түседі. Дуагөйлер, бақсы-балгерлер ешкімге ешқашан да бақыт алып келмеген, себебі олардың өздері бақытсыз, тынышсыз, күнәһар жандар.

Ал, енді осыдан соң өзінде жоқты маған қалай береді, деген заңды сұрақ туады. Сайып келгенде, арамызда бақсы-балгер, сәуегейге жүгініп жүргендер болса, тәубеге келіп, Алладан кешірім сұрасын. Білместікпен жаза баспайтын қадам болмайды. Алла жалғыз және кешірімді.

Балгер-бақсымын, көріпкелмін деп өзін жарнамалап жүргендер де бұл күнә істен бойын аулақ салып, Алладан кешірім сұрап, тәубесіне келуі тиіс.

Алла Тағала басқа күн туғызып, ешкімді өзін өзгеге мұқтаж етпесін.

Жаратаушы тұрғанда күпірлік келтіргеннің айтқанына сеніп, дегенін орындау жақсылыққа апармайды. Алдымен осыны түсінейік, ағайын!

Адал ниетпен жасаған иман жолындағы амалдарыңыз Алланың назарына ілінсін дейміз!

Шамсуддин Баҳауддинов,

Қарақалпақстан мұсылмандары қазыяты қазысы

asyldin.kz

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: