МҮБАШШИР МҰРАЛАРЫ

МҮБАШШИР МҰРАЛАРЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Көрнекті ғұлама, саясаткер Әбу Насыр Мүбашшир ат-Таразидің (1896-1977) жастайын қолына қалам ұстаған, кейін Ауғанстанда, Мысырда тұрған кезінде де, өмірінің соңғы күнінде де шығармашылықтан қол үзбеген. Қайраткер үш тілде, атап айтқанда түрік (шағатай), парсы, араб тілдерінде мол мұра қалдырған. Жиырма жасқа толған кезден ол Ташкент пен Самарқандағы діни  басылымдарда салмақты мақалаларымен көрінген. Әулиеаталық жас  ғалымның «әл-Ислах» (жаңару), «әл-Изах» (түсіндіру) бағытындағы 1916-1918 жылдар аралығында жарияланған діни тақырыптағы 10 мақаласын анықтадық.

Мүбашширдің Нығмет Хаким ад-Даһридің «Мұхаммед Тәңірдің пайғамбары ма?» атты атеистік туындысына қарсы сын ретінде жауап беретін «Құран және пайғамбарлық» атты тұңғыш кітабы 1927 жылы Әулиеатада   тәркіленген. Бірақ бұл шығарма қауіпсіздік орындарының сейфтерінде сақталды ма, әлде жойылды ма, беймәлім. Әбу Насыр ат-Тарази өз сезімін поэзия тілінде өрнектеген ақын еді. «Өмір бағының гүлдері» атты диуан жинағы эмиграцияға кетер алдында дайындалған. Әулиеатада коммунистік билік дінге тиісе бастағанда бұғып қалмай, көшеде медресе шәкірттерімен шерулетіп, қарсылығын өлең арқылы ашық түрде білдірген. Ауғанстан түрмесіне қамалып, 1948 жылы абақтының тас қапасында отырған кезінде де Кеңес одағының зұлымдығын, қиянатын әшкерелеп, парсы тіліндегі «Йадгар Зандан иа айнейе жаһан» («Түрме естелігі немесе әлем айнасы») атты көлемді мәснауи жырын тоқып шыққан. Ғұламаның өлеңдерінде ұрандық, саяси сарын тақырыптары ашық басым бой көрсетеді.

Оның тағы бір қыры – өткір тілді көсемсөзші болуы. Белсенді қоғамдық күрескер жолында жүрген уақытында көбіне ақпарат алаңында батыл қимылдап, публицистикалық жанрда қарымды тер төкті. 45 жыл бойы оның мақалалары Ислам әлемінің баспасөз беттерінде  дамылсыз шығып тұрған. Ұлы Насрулланың есебіне қарағанда, еңбекқор оқымыстының жазғандары жарияланған газет-журналдарының тізімі 46-ға жетеді. Бұл басылымдардың 18 газет-журналы – Мысырдікі, 6 журнал – Сауд Арабиясынікі, 2 журнал – Ирактікі,  2 журнал – Сириянікі, 1 журнал – Ливандікі, 1 журнал – Яваныкі (Индонезия), 4 журнал – Үндістандікі, 2 журнал – Пәкістандікі, 1 журнал – Жапониянікі, 6 газет-журнал – Ауғанстандікі, 3 журнал – Түркістан өңірінікі.

Бұған қосымша ұлы, профессор Насрулла ғалымның түркі және парсы, араб тілдерінде тілдеріндегі 47 еңбегінің тізімін келтірген. Басым көпшілігі  жарияланса, кейбірінің басылмағанына көз жеткіземіз. Ғалымның кейбір туындылары өзі көз жұмғаннан кейін ұлы, белгілі қолжазбатанушы профессор Насрулла ат-Таразидың мұрындық болуымен тасқа басылған. Ұлының айтуынша,  парсы тіліндегі 11 еңбегі, араб тіліндегі 20 кітабы жарық көрген. Сондай-ақ әртүрлі тақырыптағы 9 лекциясы сақталған. Шығармалары әртүрлі мемлекеттерде ертерек уақытта жарияланғандықтан, оларды түгелдей қолға түсіру оңайға соқпайды.

Оқымыстының еңбектері көлемі жағынан әралуан, кейбіреулері шағын, тек лекция формасында. Ал ғалымның көлемді кітаптары 1960 жылдардың екінші жартысында жарық көрген. Мұның себебі Кеңес одағымен достық дипломатиялық қарым-қатынасы сол кезде қарқын алған Мысыр билігінің ат-Таразидің саяси жұмыстарын шектеу талабы әсерін тигізген деп ойлаймыз. Ғұлама қоғамдық саяси белсенді әрекеттен қолы босаған соң кенен білім-білігін, күш-қайратын бірыңғай көлемді кітаптар жазуға жұмсап, тақуалықпен мінәжат-ғибадаттарға көбірек уақытын арнауға мүмкіндік туған. Бұл үлкен туындыларда негізінен Ислам, шариғат мәселелері арқау болған. Сондықтан қажырлы ғалымның осы бағыттағы еңбектерінің кейбіріне шолу жасап өтелік.

  1. Мүбашширдің бірінші кітабы 1984 жылы Ливан астанасы Бейрутта «әл-Ислам ад-дин ул фитр ул-абади» деген атпен басылған. Кітапты қазақшаласақ, «Ислам – хақ, мәңгілік дін» деген мағынаны білдіреді. Екі томды, көлемді еңбек. 1-томы – 330 бет, 2-томы – 310 бет. Бұл туынды ғұламаның басты еңбегі саналады. Әсіресе Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлемде Маркс пен Энгельстіңатеистік байламдарына табан тіреген коммунистік идеялары және еркін ойлау кең таралды. Бұл еңбек сол дәуірдегі туындаған осындай сын-қатерлерден Ислам дінінің құндылықтарын қорғауға бағытталды. Автор еңбегінде Батыс ғалымдарымен пікірталасқа түседі. Кітапта Ислам дінінің ақиқаттығы, фытрат діні екені, ақыл, логикалық қисынға үйлесетіні негізделген. Адамзатты, әсіресе Батысты Ислам дініне дағауат мақсатын көздейді. Бірақ ақиқат олардың сөздерінде жазылғандай емес. Ислам дінінің негіздері һәм дана тағылымдарынан айнымай берік ұстануға шақырады. Бауырлық Исламның негізгі қағидалары қатарына жатады. Осы мақсатта мұсылмандарды бір-біріне жақындату, мүміндердің бірлігін күшейту, зұлымдық жасамай, соғыс ашудан қашық болуға үндейді. Алла  Тағаланың Құрандағы «Алайда сен (жалған сенім мен екіжүзділіктен ада) болған пәк сенім таухидті берік ұстанған күйде хақ дінге (Исламға) жан-тәніңмен бет бұр! Бұл сондай дін – Алла күллі адамзатты (олардың табиғатын, бар болмысын) соның негізінде, соған сай етіп жаратты (адамзаттың жаратылыс мақсаты да – сол хақ дінге бет бұру). Алланың жаратқаны өзгермейді, оны өзгерту мүмкін емес. Нағыз хақ, мінсіздін, міне, осы. Алайда адамдардың көбі мұны білмейді» («Рум» сүресі, 30-аят) деген сөзін дәйек етеді. Өйткені азаттық үшін күресу – жазылмаған заңдылық және отандық асыл борыш. Кез-келген білім иесі әрбір туған бала еркін болып туатынын жақсы біледі. Оған өзінің анасының жатырына түскен алғашқы күннен бері табиғи азаттық пен еркіндік берілген. Кез-келген адам үлкен болсын, кіші болсын, түрі мен түсі не болса да табиғатында азат, өз Отанында еркін тұруды қалайды. Өзі секілді еркін адамдар арасында, еркін мемлекетте өмір сүргісі келеді. Сондықтан оның табиғатында өз азаттығына шектеу қоятын барлық нәрсеге қарсы тұрады. Ол өзіне жаратылысынан берілген тәуелсіздік үшін күресіп, оған қарсы тұрғанның бәріне қарсы тұрады. Мейлі ол жеке адам басының азаттығы болсын, мейлі Отанының азаттығы болсын. «Алланың адам баласына берген фытратымен жүріңдер. Алланың жаратқанын өзгертуші жоқ» (Құран аяты).

Иә, бұл – Алланың адам баласына берген фытраттық ерекшелігінің бірі. Бұл – Алла Тағаланың ақыл беріп, жақсы мен жаманды, құлдық пен азаттықты, тәуелсіздік пен отаршылдықты ажырататындай етіп жаратқан адам баласының бойында бар екені жоққа шығарыла алмайтын фытраттық сезімнің бірі. Еңбектің Исламның тағылымдық мәнін шетелдіктердің мойындауына қатысты тарауында 83 шығыстанушының сөзі келтіріледі.

  1. Ат-Таразидің біздің қолымызға түскен тағы бір көлемді кітабы «Сиям рамадан» (Рамазан оразасы) деп аталады. 1975 жылы Каирде басылған, көлемі – 222 бет, араб тілінде жазылған. Бұл еңбекте оразаның парыз екені, Қадір түнінің артықшылығы, Құранның түсірілуі, Рамазан айының артықшылығы, ораза үкімдері, пітір садақасы, таң шыққанға дейінгі ішіп-жеу еркіндігі, Исламдағы жеңілдіктер т.б. Құран, хадис дәлелдерімен жан-жақты сөз болады. Оқымысты басқа еңбектеріндегі тәрізді мұнда да көне дәуірлерден бастап өзі тұстас ғалымдардың, соның ішінде Әбу Ханифа мазһабындағы шариғатшылардың шығармаларына жүгінеді, әсіресе Бурһан ад-дин әл-Марғинанидің (1118-1196) «әл-Һидаясынан» көп дәйек келтіреді. Кітапта оразаның әлеуметтік және медициналық тұрғыдан пайдасы да сөз  болады. Оразаның денсаулыққа тигізер ықпалы, көп ауруларды емдеудегі шипалық қасиеті туралы ертедегі байламдар, сол қатарда атақты ғалымпәлсапашы, дәрігер Әбу Әли ибн Синаның (980-1037) медицина  саласындағы еңбектері  тілге тиек етіледі, белгілі америкалық дәрігер Роберт Бартулрдің сөзі келтіріледі.
  2. Ғалымның «әл-мара уа хуқуқһа фи-л ислам» (Әйел және оның Исламдағы құқығы) атты кітабы 1977 жылы Каирде басылған, көлемі – 246 бет. Оқымысты осы еңбегінде өз заманына сай өткір мәселелерге тоқталады. Кітап 1940 жылы Ауғанстанда парсы тілінде жазылып, кейін араб тіліне аударылған. 1988 жылы Мысырда жарық көрген осы кітап әуелде екі томдық еңбек ретінде жоспарланған екен. Алайда ғұлама соның екіншісін жазуды кейінге ысыра жүріп, ақыры үлгермей, 1977 жылы бақилық болып кеткен еді. «Әйел және оның Исламдағы құқығы» атты кітабында жәһилия дәуіріндегі әйелдің жағдайы туралы баяндай келіп, нәзік жандарға қатысты шариғи үкімдер келтіріледі. Қыз, жар ретінде әртүрлі жағдайдағы құқықтары, мұсылман әйелдерінің жағдайы Батыстағы жағдаймен салыстырмалы түрде көрсетіледі.

Қалыңдық үшін берілетін қалыңмал, оның көлемі, еркектің жұбайын жазалап-ұруының шарты, дүниеден өткен әйелдің құқығы, кәмелетке толған қыздың жар таңдаудағы еркі, босану, ауырған әйелге берілетін жеңілдіктер, Исламдағы монашкалық күйге түсуге тыйым т.б туралы жан-жақты баяндайды. Әйел мәселесінің адамзат тарихындағы және Исламдағы орны, үйлену, талақ, оның мәні діни үкімдерде қалай қарастырылған, ғұлама соның бәріне жеке-жеке тоқталып отырған.

Ислам діні бойынша отбасы – қоғамның тірегі. Үмбеттің көптігі иман нұрының таралуына ұйытқы болады. Міне, соның бәрінің басынан биік біткен әйел тұлғасын көреміз. Тіпті Ислам дінінде әйел теңдігі аталатын мәселе жоқ. Өйткені оның бәрі иманға келгендер үшін әуелден шешіліп қойылған. Тек қоғамдағы теңдік бұзылып, отбасы өзектілігінен айрылған соң, фенимизм құбылысын дүниеге әкелген Батыс әлемі өз түйінін өзі шеше алмай әбігерге түсуде.

Ғұлама ат-Тарази өзінің осы еңбегінде де Құран аяттарына жүгініп, хадистерден дәлел келтіріп отырады. Сондайда ол алдымен бұрынғы мен бүгінді, Батыс пен Шығыс әлемінде әйелге байланысты қатынасты өзара салыстыра келіп қорытынды шығарады. Мұның алдында айтылған еңбегі тәрізді ат-Тарази осы кітабында да Батыс мамандарына жүгініп, сол пікірлерді ислам көзқарасы биігінен талдайды. Ол сондай-ақ мұсылманның өзге кітаби дін (мәсихи, иудеи) өкілдерімен үйленуі немесе тұрмысқа шығуы мәселесін де діни ұстаным бойынша түсіндіреді. Сонымен қатар ат-Тарази осы еңбегінде мұсылман елдерінде батыстық құндылықтардың бағаланып, дін үкімдерінің екінші қатарға ысырыла бастағанына қынжылыс білдіреді. Жастардың Батыстан бағытталған мәдени экспанцияға ұшырауын өткір сынай отырып, ғұлама көпшілікті рухани сергектікке шақырады. Мұның бәрі айналып келгенде, сын-тегеуріндерге қарсы тұру үшін отбасындағы әйел мәртебесін сақтауға деген ұмтылыс. Әйел қоғам өкілдерінің тәрбиешісі екенін ескерсек, бесігінде биікке ұмтылған мұсылман баласы – ертеңгі иманы берік азамат. Сондықтан да әйел мәселесін дін тұрғысынан шешу – оның құқығын шектеу емес, қайта әйел-ана мәртебесін көтеретін әділетті шешім. Қоғамның саулығы, салауаттығы – анадан. Ананы ардақтау – дін қағидасы. Міне, Әбу Насыр Мүбашшир ат-Тарази өзінің «Әйел және оның Исламдағы құқығы» еңбегінде осы айтылғандарды тіке талдап, жеке жіліктеп көрсетуге тырысады. Кітапта әйелдердің соғысқа, қорғанысқа көмектесуге рұқсат етілетіні де қозғалады.

  1. Мүбашшир ат-Таразидің «әл-Ахлақ фи-л-ислам» (Исламдағы ахлақ) атты кітабы 3 мәрте (1977 жылы Каирде, 1983 және 1987 жылы Александрияда) басылған. Ат-Тарази Ислам ахлағының негізі – Жаратушы Аллаға иман келтіру, оған серік қоспау, мойынсұну, тәңірінің елшісіне сеніп, салауат айту деп есептейді. «Исламдағы ахлақ» атты кітабындағы Құран аяттарынан, шариғат үкімдерінен, Ислам ақындарынан үзінділер, сахабалар мен табиғиндер мінездерінен үлгі боларлық мысалдар келтіреді. Кітапта әкенің балалары өсіріп, тәрбиелеудегі, қорғаудағы міндеттері, сондай-ақ баланың ата-ана алдындағы міндеттері баяндалады. Ұрпақ тәрбиесінде абзал қасиеттерді, жақсы қарым-қатынасқа кішкентайынан баулып, бойға сіңірудің тұтас жолдары көрсетіледі. Жаман дағдылар, мұсылмандарды сақтандыру көзделіп, сол қатарда арақ ішуге тоқталып, оның Батыс қоғамына әсері көрсетіледі.
  2. «Нубзат фи-сират ин-набауит» (Пайғамбардың қысқаша сирасы (өмірбаяны) кітабы. 1968 жылы Каирде 2 рет, 1984 жылы Александрияда 1 рет басылған. Автордың айтуына қарағанда, һижра жыл санауымен 1387, біздің жыл санауымыз бойынша 1967 жылы Рамазан айының соңғы онкүндігінде Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешітінде иғтикаф жасайды, артынша сол жерде тұрып жатқан эмиграттар арасында біраз күн қалады. Бұған мүмкіндік тудырған Сауд Арабиясының королі Файсал бин Абдул Әзиз әл-Сауд еді. Осы кезде Мүбашшир ат-Тарази Пайғамбардың өмірі туралы кітап жазуға ниеттенеді. Кітаптың алғашқы басылымы бір том болып шықса, өмірінің ақырғы сәттерінде толықтыра түскен. Дүниеден өткенде жарияланған басылымы – екі том.

Ұлы Насрулланың естеліктеріне қарағанда: «Оның 1967 жылғы Мысыр соғысында жамап алған дертінің қозуы өліміне апарған еді. Ол осы ауруынан саяси белсенділіктен қол үзіп қалған кездерінде өз сезімдерін естелік күнделігіне түсіре бастаған еді. Тіпті ол сол жылы Рамазан айының соңғы он күнінде Харам Шәриф мешітінде иғтикафқа кіруге бекінді . Өмірінде бірнеше рет, оның көбі саяси себептермен Меккеге жолы түскен ат-Тарази бұл жолы Мысырдағы және Ислам әлеміндегі азаттық күресшілеріне Алладан медет сұрау ниетімен барған еді. Сол жерде Пайғамбардың өмірбаяны жайында кітап жазуды мойнына алып, Алла жолына атады. Қайтып келе салысымен бір томын жазып бітіріп,  бастырғаннан кейін тегін таратты. Өйткені ол Пайғамбар өмірбаянын тереңінен тану, Алланың кітабы мен пайғамбарының сүннетін жақсы білу мұсылман қауымының кеселінің ең жақсы емі екендігіне бек сенетін»

  1. Мүбашшир ат-Таразидің «Кашф ул-лисам ан рубаят ил-Хайям» (Хайям рубаяттары астарын ашу) атты кітабы парсының үлкен ақыны, ғалымын қорғау мақсатында дүниеге келген. Себебі Омар Хайямды ағылшын тіліне алғаш аударған Фитжарадтың жауапсыздығы Батыста шайырды дінсіз, шарапқор етіп көрсетуге алып келді. Ат-Таразиді Сауд Арабиясында болғанда король Абдул Әзиздің Хайям рубаяттарымен кіруге тыйым салуы таңдандырды. Ғалым осы еңбегінде Омар Хайямға телініп жүрген «бөгде» рубаяттар бар екеніне тоқталған, шайырдың өмірбаянына шолу жасай келіп, оның сенімінің дұрыстығын, Исламға қарсы келетіндей негіз жоқ екенін дәлелдейді.

Шайыр туралы Әбу Қасым Замахшари турасында трактат жазып, «шейх имам ал-Хайям» деп бағалағанын, оның селжұқ сұлтандары қасында отыз жыл уәзір болған, низамия мектептерінің ашушы, әйгілі «Саяхатнаме» кітабының авторы Низам әл-Мүлікпен дос, әріптес болғанын, обсерваторияда ғарышты зерттеген еңбектер жасағанын айғақ етіп таратады. Оның өмірінде Исламмен үйлеспейтін тұстар жоқ екенін, ал рубаяттарының астарындағы символикалық тұстарды дұрыс түсінбеу, сопылық поэзиясының қыр-сырын ұғынбау Батыс ой-санасында Исламды түсіндіруде қате тұжырымдар әкелгенін пайымдайды.

  1. «Бахс фи таухид ауаил-шуһур л араби» (алғашқы араб айларындағы тәуһидке талдау).
  2. «Әл-Арбауна ат-Таразия» (Таразидің қырық (хадисі) атты жинағы, 1975 жылы Каирде жариялаған.

Жасы егде тартқан ат-Тарази жолдастарының үйінде кезекпен өзі құралпы

он төрт ғалымнан құралған алқаға жиналып тұратын. Олар Құран аяттарын оқып, оның тәпсірін талқылайтын, Пайғамбар хадистеріне талдау жасайтын, Ислам әлемінің мәселелері және олардың шешудің жолдарын қозғап, пікірлесетін. Басқосуды Аллаға тасбих пен мақтау айтып, Пайғамбарына және оның пәк отбасына салауатпен аяқтайтын. Дәл осындай алқа жиындарының нәтижесінде ат-Таразидің «әл-Арбауна ат-Таразия» деген еңбегі дүниеге келген.

  1. Парсы тіліндегі «Таалим ул-ислам би алам аскари» (Әскерге қатысты исламдық тағылым) деген трактаты мен «Әскариат дар ислам» (Исламдағы әскер) деген кітабы жауынгерлік күш-қуатты күшейтіп, жауға қарсы қарулы қақтығысқа дайын болуға үндейді. Алла Тағаланың «Дұшпанға қарсы қолдарыңнан келгенше күш-қуат сайлаңдар һәм соғыс үшін ат баптаңдар» («Әнфал» сүресі, 60-аят), «Алла Өзінің жолында бейне бір кірпіштері қорғасынмен қаланған берік құрылыс тәрізді қатар-қатар сап түзеп соғысқандарды жақсы көреді» («Саф» сүресі, 4-аят)» сөзін, сондай-ақ Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жәннат – қылыштардың көлеңкесінің астында», – деген хадисіне жүгіну арқылы ислами ұстанымды баяндайды. Бұл еңбек кейіннен араб тілінде «Минбәр ислам» (Ислам мінбері) журналының бірнеше нөмірінде жарық көрген. Сондай-ақ ат-Таразидің «Или л-жундият айһа араб» («Уа, арабтар, әскерге» атты кітабы 1960 жылы Каирде басылған.

Ат-Таразидың парсы тілінде жазған еңбектерінің ұзын саны – 13. Солардың кейбірін Каир қаласында тұратын немересі марқұм Мүбарактың қолынан алған едік. Ғұлама еңбектерінде жан-жағындағы жағымсыз әдеттерге селқос қарай алмайды. Исламның парызының бірі жамандықтан тыю, жақсылыққа шақыру болса, ғұламаның бірінші қызметі де сол. Ат-Тарази да – сол үде биігінен танылған тұлға. Оның «Шарап ішпе», «Исламдағы әйел құқығы» атты парсы тілінде жазған еңбектері – соның айғағы.

  1. «Иак уа л-хамр (Шарап ішпе) атты рисала-трактатында ғұлама қоғам тазалығына үндейді. Ислам діні пайда болғанға дейін де, одан кейін де маскүнемдік құбылысы адамзатқа абырой әпермегені белгілі. Әуелде білмей, надандық пен араққа салынғандар болса, Ислам аян болғаннан кейін «өзің білме, білгеннің тілін алманың» кері орын алды. Осы мәселені ғұлама сонау белгілі болған заманнан бастап, өз дәуіріне дейін талдап әкеледі де, ішкіліктің зиян-зарарын жан-жақты ашып көрсетеді. Соның бәрінде ғұлама Құран аяттарына және Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистеріне сүйеніп отырады. 1939 жылы Кабулда жазылып, тек 1988 жылы Каирде жарық көрген осы кітабында ат-Тарази мәселені діни жағынан ғана талқылаумен бірге оның медициналық және экономикалық қырларына да мән берген.

Заманауи қатынастар барысында Шығыс елдерінің жастары да Батысқа еліктеп, діннен қол үзуі қоғамдағы түрлі келеңсіздікке де қол ашып отыр. Соның үлкені – маскүнемдік. Ішкілік өзге де жүгенсіздікке себеп болуда. Арақ – күнә жасауға, азғындыққа итермелеуші. Өйткені маскүнем өзіне-өзі есеп беруден қалады. Сондықтан араққа салынған өзін ғана емес, өзгелердің де берекет-мазасын қашырады. Сөйтіп ол қоғамның қарақұртына айналады. Осы дерттің жетегіне түспеуден қалай сақтану керек дегенде діндар ат-Тарази мұсылман ғұламасы мұндайда тек діни уағызбен шектелмеу керек дегенді аңдатады. Солыңғайда ат-Тарази өзінің аталмыш рисаласында Батыс мамандарының, атап айтқанда дәрігерлердің, әлеуметтанушы, мәдениеттанушылардың да пікір-түйіндерін молынан келтіріп отырады. Тіпті ғұлама өз дегенін дәлелдеу үшін діни әдебиеттен гөрі баспасөз беттерінде жарық көрген Батыс мамандары пікіріне басымдылық бергені байқалады.

Әбу Насыр ат-Тарази бұл еңбегінде діни үкімдер мен қоғамдық қатынастарды өзара байланыстыра білген. Автордың мұндайда құрғақ насихатқа бармай, нақты фактілерге жүгінуін ерекше атауға болады. Ғұлама қоғамда тигізер кері әрекетті жүгендеу үшін АҚШ, Англия, Франция және Германия тәрізді Батыс елдерінің араққа, маскүнемдікке қарсы қандай іс-шаралар атқарып жатқанын да назардан тыс қалдырмаған.

Әрине, Әбу Насыр ат-Таразидің мол мұрасы туралы шағын мақалада толық қамтып айту қиын, сол себепті бұл тақырып арнайы толыққанды зерттеуді күтіп тұр.

 

Шамшәдин КЕРІМ,

Нұр-Мүбарак университетінің профессоры

 

«Мұнара» газеті, №15, 2022 жыл

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: