"Халал" өнімдерін қадағалауға имамдар атсалыспақ. Бұдан былай Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы аталмыш стандарттауды қолға алады.
Бұл туралы Алматыда өткен "Халалмен қанаттан" атты ғылыми конференцияда айтылды деп хабарлайды Жетінші арна.
Оған қатысушылар халал атын жамылып, арам ақшаны ойлағандармен қалай күресу керектігін талқылады. Тіпті халықтың халал өнімдерге деген күдігін сейілту үшін діни басқарма ішінен арнайы бөлім құрылып, 250 имам сертификат алған.
Олар енді "Халал стандартын" жүргізіп, өндірілген өнімдердің қаншалықты сапалы әрі шариғат талаптарына сай екенін қадағалайды.
"Мәселен біз шұжық шығаратын цехтар болса, онлайн режимде камера қоюымыз мүмкін және сол жерге бір имамды тағайындаймыз. Яғни Қостанайда болса, сол жақтың имамы тағайындалып, жауапты болады. Сол сияқты барлық жердегі имамдар өзінің жеріндегі өнімдерге жауапты болады", - дейді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Алдағы уақытта ауыл-аймақтардағы өзге имамдар да оқытылып, арнайы сертификат алатын болады. Сондай-ақ діни басқарма жанында арнайы зертхана да ашылады деп жоспарланған. Ал олардың сүзгісінен өткен тағамдардың қаптамасына "Адал" деген жазу жазылмақ.
"Осылайша тұтынушылар азық-түліктің қаншалықты таза екенін анықтай алады", - дейді имамдар.