Меркі ауданы: Бүгінгі күннің қаһармандары

Меркі ауданы: Бүгінгі күннің қаһармандары

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Меркі ауданы, Меркі ауылының тұрғыны Нұрисламұлы Әбдумәлік судың ағысымен батып бара жатқан жас баланы құтқарып бүгінгі күннің қаһарманы атанды.

Меркі ауданының бас имамы Азамат Берікұлы Әбдімәлік пен құтқарылған баланы анасымен қоса кездесуге шақырып, мән жағдайдан толық хабар алды.

Нұрисламұлы Әбдумәлік сөз сөйлеп жағдайды баяндады:

«Бұл оқиға 25 шілде күні түс кезінде Меркі тауының ағынды суларында болды. Дос баланың көлігі бұзылып, көмекке барған едім. Ағынды судың жағасында ер адамдардың жүгіріп жанталасып жүргенін көрдім. Барып қарасам жас бала суға ағып кетіпті.  Бала шамамен 7-8 жаста. Бірден суға секіріп көмек қолымды создым. Алланың қалауымен өмір мен өлім арасында арпалысқан баланы судың жағасына алып шықтым. Баланың маңдайы тасқа тиіп жарақаттаныпты. Балада тіршілік белгісі байқалмады. Әзер дегенде суды құстырып, өкпесіне ауа үрлеп, аман алып қалдық. Алғашқы көмек көрсетіп жатып тілім тек Алланы зікір етіп «Ләә хәулә, уә ләә қу-уәтә илләә билләәһ» деумен болдым. Аллаға шүкір бала бірінші демін алды, тіршілік белгісін көре сала ауруханаға жеткіздік. Біраздан соң ауруханаға барып баланың жағдайының жақсы екенін естіп қатты қуандық. Міні сол ауруханадан шыға сала сіздің өтінішіңізді қабыл етіп келіп тұрмыз деп», - сөзін аяқтады.

Аудан бас имамы Азамат Берікұлы: «Міні Елімізде осындай азаматтар көп болса, елдің болашағы жарқын. Дінімізде бір адамды құтқарған бүкіл адамзатты құтқарғандай сауап алатындығы айтылған. Әбдумәлік ініміз үлкен ерлік жасады. Алла Тағала жасын ұзақ қылып, ата-анасына, туған-туыс бауырларына және еліне қызмет ететін абыройлы беделді азамат етсін. Алғысымыз шексіз. Меркідей киелі жерде осындай азаматтарымыз көп болсын», - деп, Әбдумәлік бауырымыздың ерлігі үшін мешіт атынан қаржылай және сыйлықтай алғысын білдірді.

Сөзін жалғастырып: «Және де ескеретін жағдайлар бар. Адамдардың суға кетіп қай­­­­тыс болуының басты се­бебі – рұқсат етілмеген жерге тү­су. Су айдындарындағы қауіп­­­сіздік ережеде «тек жаб­дық­­тал­ған орын­дарда суға шо­мы­луға болады» делінген. Онда құтқарушылар кезекшілік ете­тіндіктен, адамдардың қауіп­сіздігі сақталады.

Ал балалардың суға ба­тып кету жағ­дайы көбіне ата-анасының, жалпы ересек адам­­­дардың қа­рауынсыз қал­­­­дыру салдарынан болады. Ереже бойынша балалар тек ересек адамдардың қарауымен суға шомылуы тиіс. Бала – біздің келешегіміз. Айдың күннің ама­­­нында судан келіп жатқан балалардың өлімі ойлантады», - деп, баланың анасына  ем-домына деп қаржылай көмек көрсетіп, балаларымызға сақ болуға шақырды.

Баланың барша туыстары Әбдімәлік бауырымыздың ерен еңбегін бағалап, алғыстарын білдіруде.

Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: