Қазақстан қажылық миссиясы отандастарымыз орналасқан қонақ үйлерді аралап, жай-күйімен танысуды жалғастыруда. Бұл жолы миссия мүшелері «Хидаят-Нұр», «Қызмет Саяхат», «Tawaf Travel» және «Sanabl» компанияларына арнайы барды.
«Tawaf Travel», «Sanabl» компанияларының қызметіне жүгінген қажыларды наиб мүфти Ершат Оңғар, «Хидаят-Нұр», «Қызмет Саяхат» компаниялары қажыларының қажыларын Бас мүфтидің кеңесшісі Бижігіт Нұржігітұлы мен Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жәнділлә Бекжігітов бастаған жұмыс тобы зиярат етіп, қасиетті сапардың маңызы және миссия жұмысымен де таныстырды.
Қазақстан қажылық миссиясы құрамындағы имам-ұстаздар уағыз-насихат айтып, қажылардың сұрағына жауап берді. Ал миссия дәрігері Әбдіжаппар Еркінұлы үлкен қажылық алдындағы физикалық дайындыққа ерекше тоқталды. Зиярат барысында жұмыс тобы қонақ үйлерді аралап, сервис сапасын қадағалады. Кездесу соңында компания басшыларына ұсыныстарын жеткізіп, қажылардың да талап-тілегін тыңдады.