Ираһим ибн Эдхемнің (куддиса сирруху) былай айтқаны келтірілген: «Түндердің бірінде мен әл-Ақса мешітінің маңындағы бір жартастың астында түнедім. Түннің бір уағы болғанда көктен екі періште түсті. Әлгі екі періштенің арасында мынадай сұхбат орын алды:
- Бұл жердегі кім?
– Бұл Ибраһим ибн Эдхем!
– Алла Тағала дәрежесін түсірген Ибраһим ибн Эдхем бе?
– Неліктен Алла Тағала оның дәрежесін түсірді екен?
– Басрада болғанда ол құрма сатып алған. Оның сатып алған құрмасының ішіне құрма сатушының бір құрмасы түсіп кеткен...
Одан әрі Ибраһим ибн Эдхем былай әңгімелейді: «Таң ата салысымен, Басраға барып, алдында құрма сатып алған адамнан тағы да құрма сатып алдым. Өзім сатып алған құрмамның бірін құрма сатушының құрмасына қосып қойдым да қайтадан әл-Ақса мешітіне қайтып оралдым. Бұл жолы да алдында түнеген жартастың астына түнеуді жөн көрдім. Түннің бір уағы болғанда көктен екі періште түсіп:
- Бұл жерде кім бар? – деп сұрады.
Екінші періште: «Бұл жерде артық құрманы иесіне қайтарып бергені үшін Алла Тағала дәрежесін көтерген адам бар», - деп жауап береді» (Рухуль-Байан 2/131). Біздің асыл дініміз Исламда Алла алдында адамдардың қарым-қатынасының нығаюы ерекше мағынаға ие, бір адамның екінші бір адамға қатысты жасаған жақсы амалы мен пайдасы жоғары бағаланады. Сүйіспеншілік пен достықтың көрінісі, қарым-қатынастардың нығаюы Алла періштелерін қуантады, демек, Алла алдындағы пенденің дәрежесін көтереді, ал ұрыс-керіс, жанжал бізді періштелерден алыстатып, Алла разылығынан қағады. Бір мұсылманның екінші бір мұсылман үшін дұға жасауын періштелер жақсы көреді және Алладан дұға жасаушы мұсылманның өзіне де соны нәсіп етуін сұрайды.
Біздің сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) былай айтқан: «Бір адам келесі бір адам үшін ол жоқта дұға жасаса, періштелер: «Уа, Жаратушы, бұл дұғаны қабыл алшы әрі оның өзіне де мұны нәсіп ете гөр», - деп тілейді» (Әбу Дәуд). Өзге бір хадиске сай, науқас жанды кешке зиярат еткен адамға таң атқанша жетпіс мың періште дұға етеді әрі кешірілуін сұрайды делінген. Демек, Алла алдында дәрежеміздің көтеріліп не болмаса түсуі – өз қолымызда екен...
asyldin.kz