Бірде Мұса пайғамбардың (ғ.с.) қауымы оған:
- Уа, Мұса! Біз Жаратушыны асқа шақырайық деп едік. Ол Өзі бір қалаған күнін таңдап, бізге қонаққа келсін. Қолымызда барымызбен Алламен бөлісуге біз дайынбыз, - дейді. Мұны естіген Мұса (ғ.с.):
- Жаратушы мені кешірсін! Бұл не дегендерің?! Алла Тағала ішер асқа, тұрар баспанаға мұқтаж емес. Бұдан былай осылай ойлаушы да болмаңдар! – деп наразылығын танытады. Күндердің күнінде Мұса (ғ.с.) бір мәселе жөнінде Жаратушымен кеңесуге Синай тауына шыққанда оған Алла Тағала:
- Уа, Мұса! Менің құлдарымның Мені бірге ас ішуге шақырғанын неге айтпайсың? – деп сұрайды. Мұса (ғ.с.): - Уа, Жаратушы! Бұл жөнінде айтуға да ұят. Мүмкін емес нәрсе. Сенің болмысың барлық қасиеттерден жоғары! Сонда Алла Тағала:
- Менің құлдарымның шақыруын қабыл алдым, жұма күні кешке келемін деп жеткіз, - деп бұйырады. Мұса (ғ.с.) қауымына келіп, болған жайтты айтып береді, ал қауым болса дайындықты бастап кетеді: ең семіз деген қой мен сиырлар сойылады, ең дәмді тағамдар дайындалады, өйткені адамдар ерекше мейманды күтуде еді. Бұл мейман қарапайым патша да емес, бай да емес, тіпті әлдебір күшті жаратылған да емес еді. Олар он сегіз мың ғаламды жаратқан Жаратушыны күтуде болатын. Бәрі дайын болған кезде кешке таман оларға бір қарт келеді. Оның киімі шаң-тозаң болып, оның алыстан келгенін әрі қалжырап шаршағанын білдіріп тұрған. Ол Мұсаға (ғ.с.):
- Уа, Мұса! Мен алыстан келдім әрі қатты ашықтым. Аштығымды басайын, маған біраз тамақ беріңдерші, - деп өтініш білдіреді. Мұса пайғамбар (ғ.с.) оған:
- Асықпа! Алдымен біраз еңбек ет. Мына құмғанды ал да су алып кел. Қазір бұл асқа Жаратушының Өзі келеді, - дейді. Бұл сөзді естіген қарт үндеместен кетіп қалады. Түннің бір уағы болады, алайда көптен күткен Мейман келмейді. Мұса (ғ.с.) қауымымен бірге таң атқанша көз ілмей күтеді, бірақ Мейман сол күйі келмейді. Жаратушы келер деген үміт үзіледі. Мұса (ғ.с.) абыржып қалады. Екінші күні Мұса (ғ.с.) Синай тауына шыққанда оған Алла Тағала:
- Уа, Мұса! Мен келіп ашпын деп едім, сен Мені суға жібердің. Тіпті бір үзім нан да бермедің. Не сен, не сенің қауымың қонақжайлық танытпады, - деп тіл қатады. Сонда Мұса (ғ.с.):
- Уа, Жаратушы! Сол күні тек бір қарт қана келді. Әлгі қарт Сен емес едің, ол - Сенің жаратқандарыңның бірі ғана еді. Сонда қалай болғаны? Алла Тағала:
- Мен сол қартпен бірге келген едім. Оған тамақ бергенде, сендер Маған да тамақ берер едіңдер. Мен үшін не Жерде, не көкте шек жоқ. Мен Өзімнің бойұсынғыш құлымның жүрегіне сыйып кетемін. Сол кеште Мен құлыммен бірге келгенмін. Оны аш қалдырғандарың, Мені аш қалдырғандарың, - деп жауап береді. Сол себепті біз Алла разылығы үшін тамақтандырып, қолымыздағы барымызды беруіміз керек әрі әрбір қонақты Алла Тағала тарапынан келген қонақ деп қабылдауымыз қажет! Жақсы амалдарды тек Алла разылығы үшін ғана жасауды әдетке айналдырайық!
asyldin.kz