Рысқұлов ауданы Луговой ауылының кітапханасында мектеп жастарымен «Дін және жастар» атты тақырыпта кездесу болды. Кездесуге «Әл-Хақ» мешітінің имамы Серікбаев Ерман арнайы қонақ болып барып, тақырып төңірегінде жастарға уағыз-насихат жасады.
Ерман имам бір сөзінде: Дін жас ұрпақты дұрыс тәрбиелеуді бұйырады. Дінімізде жастардың орны ерекше. Жастар қоғамның болашағы. Ал болашақты бекемге алу үшін жастарға аса мән беру керек.
Жастар демекші ислам тарихына көз жүгіртсек, алдымен жастардың дінге бетбұрыс жасағанын білеміз. Пайғамбарымыз (с.а.у.) да оларды мейріміне алып, түрлі жаман, күнәлі істерден алыс болуға тәрбиелеген.
Жас ұрпақ жыл мезгілінің көктемі іспетті. Адам ғұмырының ең бақытты да қуанышты, қызығы мен шыжығы көп сәт жастық шақ. Сол секілді ғұмырының ең жемісті кезі де жастық шақ. Пенде егін мен көкөнісін көктемде егіп, дұрыстап баптаса, жемісін жыл он екі ай азық етері хақ. Жаз бен қыста егілген егіннің жемісі де болмайды.
Жастар бір мемлекеттің ертеңгі құрушысына немесе бұзушысына айналады. Бір ұлттың ұлт болып қалуына кепіл тұлғалар. Жүрегінде иманы мен отанына, ұлтына деген сүйіспеншілігі бар жастар мемлекеттің тәуелсіздігі үшін ең үлкен кепілдік болмақ. Жас ұрпақты дұрыс тәрбиелесең, болашағың соншалықты зейнетті болмақ. Ал өзіндік ұстанымы мен пікірі болмаған жастар әркімнің жетегінде кетіп, елдің сорына айналады,- деп кесіп айтты.
Қуаныш Тузелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі