43 жастағы түбі мексикалық Хесус Гарай шымкенттік Жанат Алипова есімді қазақ қызына ғашық болып, ислам дініне өтті. Ол христиан дінінің католиктік бағытын ұстанған. Араларында дін бөгет болмас үшін Хесус жуырда ислам дінін қабылдап, есімін Иса деп өзгертті.
Бұл туралы Baq.kz хабарлайды.
Ғашықтар осыдан он жыл бұрын танысқан екен. Жанат АҚШ-қа барған сапарында бейсбол матчын тамашалап, сол жерде Хесусты кездестірген. Кейін екеуі жиі хат алмасып, жолығысып, байланысты үзбей ұзақ араласыпты.
"Мен Жанатпен танысқанымда ол маған ислам діні жайында, Құдайдың бар және бір екені жайында айтып берді. Мұнан кейін менің ислам дініне деген көзқарасым өзгерді, мен бұл дінді сүйе бастадым және қабылдадым",- дейді Хесус Гарай.
Ал қалыңдық Хесустың өзіне ғашық екенін көпке дейін білмепті.
"Біз тек дос ретінде араластық. Жиі жолығып тұрушы едік. Соңында ол мені мейрамханаға шақырып, ұсыныс жасады", - дейді Жанат Алипова.
Алғашында бұлардың отбасы болуына Жанаттың ата-анасы қарсылық танытқан екен. Кейін арнайы АҚШ-қа келіп, күйеу жігітпен танысқаннан кейін ғана рұқсатын беріпті.
Некелескеннен кейін Хесус пен Жанат біраз уақыт АҚШ-та тұрады. Мұнан кейін Астанаға көшіп келіп, отбасылық кәсіппен айналысу жоспарларында бар екенін айтқан.