Меркі ауданы орталық "Меркі ата" мешітінде аудан әкімі Нұрсипатов Руслан Маратұлы аудан жұртшылығына ауызашар берді.
Рамазан – жақсылықтың сауабы еселеніп жазылатын ай. Оразада әрбір игі амалдың сауабы еселеніп жазылады. Құдси хадисте Алла тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін...» – деп оразаның қадірі мен қасиетін, мәні мен маңызын баяндаған.
Ауызашарға жиналған жамағат арнайы жайылған дастарханнан дәм татқан соң, аудан әкімі ауызашарға жиналған қауымды Қасиетті Рамазан айымен құттықтап, ізгі тілектерін арнады. Руслан Маратұлы өз сөзінде:
«Қадірлі жерлестер! Қасиетті Рамазан айын Жаратушымыздың пенделеріне тартқан теңдессіз сыйы деп білемін. Бұл – басқа уақытпен салыстырғанда жақсылықтар мен сауаптардың сансыз еселеніп жазылар айы. Сансыз сезімдер мен толып тасыған ізгі амалдардың салтанат құрған, Жасаған Иеміздің рахымы мен мейіріміне тұнған ай. Сондықтан да, Қасиетті Рамазан айында барша мұсылман қауымы ауыз бекітіп, адам баласына парыз етілген бес амалдың бірін орындап, құлшылық етеді. Шексіз сауапқа бөлінетін айда адамдар бір-біріне жақсылық жасауға тырысып, бір-біріне мейілінше кешіріммен қарайды. Оразаны парызым деп, шын ниетпен ауыз бекіткен баршаңызға Рамазан айында Алла ғибадаттарымызды қабыл етіп, екі дүниенің бақытына бөлесін деп тілеймін. Халқымыздың ынтымақ-бірлігі артып, ырыс-несібесі молая берсін! Құрметті меркіліктер! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ-береке, кәсіптеріңізге нәсіп тілеймін. Міне, көзді ашып-жұмғанша Рамазан айы да аяқталуға шақ қалды. Жаратқан Ием баршамызды Рамазаннан Рамазанға аман-есен, бауырымыз бүтін, төрт көзіміз түгел қауышуды жазын!», – деп өзінің жүрек жарды тілектерін жеткізді.
Одан кейін, Меркі ауданының Бас имамы Әбдіразақов Азамат Берікұлы: «Ауыз ашар – ауыз бекіткен, яғни ораза ұстаған адамның кешкі ас ішетін мезгілі. Сонымен бірге құрметтеп, қонаққа шақырудың, дәмді, сыбағалы тағамдар ұсынып, ауызашар берудің дәстүрлі жолы. Ораза ұстаған ағайын-туған, жекжатты ауызашарға шақыру құрметтеудің бір белгісі әрі сауапты іс болып табылады. Ардақты пайғамбарымыз Мұхамед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадис-шарифінде «Адам баласының барлық игі істерінің сауабы артады. Әрбір жақсылыққа он еседен жеті жүз есеге дейін сауап жазылады деп үмбетіне сүйінші хабар жеткізген болатын», – деп Ораза айы мен ауыз ашар дәстүрінің қадір қасиеті мен мән-маңызына тоқталды.
одан соң, Бас имам Құран бағыштап, қол жайған көпшілікпен бірге дұға жасады. Ауызашарға жиналған жұртқа ауызашар берудің сауабы мен Рамазан айында жасалған әрбір ізгі амалдың сауабы еселенетінін айтып, қайырымдылық жасауға үндеді.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі