Жуырдаға жұманың кешінде Шу ауданының әкімі Сәкен Арубаев аудан орталығындағы «Төле би» мешітінің асханасына ауқымды дастархан жайып ауызашар берді. Оған ауданға қарасты ауылдардың ақсақалдары, әкімдері мен аталған мешіттің жамағаты қатысып, әкімнің қонағы болды. Ұзын саны 200 адам қатысқан ауызашар ерекше мәнге, әсем әнге толы болды.
Сауапты әрі салиқалы жиында қасиетті Құран аяттарын түркиялық қари Хусейн Серезли мен осы мешіттің имамы Талғат Кәрібайұлы оқыса,Шу ауданының бас имамы Бахтияр Амантайұлы батасын беріп, дәм басында дұға етті. Сондай-ақ жиынға келген қарияларда құрметтеп шақырған аудан басшысына алғыстарын айтып, жылы лебіздерін жеткізді.
Сонымен қатар аудандық Мәдениет үйінің жезтаңдай әншілері «Жарапазан» жырын нақышына келтіріп орындап көпшіліктің ықыласы мен сый-сияпатына ие болды.
Мұндай шараны өңірдің маңдайалды мейрамханаларына өткізуге мұршасы бар Сәкен Қаланұлының ағайынның басын Алла үйінде қосқанына жиынға қатысушылар дән риза. Әрі әсері мол ауызашардың әңгімесі көпке дейін айтылып жүретініне кәміл сенеміз. Арнайы ниет еткен аудан басшысына Алла разы болсын демекпіз.
Шу аудандық «Жәми» мешітінің баспасөз қызметі