Қазақстанға ресми сапармен табаны тиген Азиз Хасанович қазақ халқының қонақжайлылығына ризашылығын білдіріп, алғысын айтты. Хорватия мемлекетінде Ислам дінінің ресми мойындалғанына келесі жылы бір ғасыр толуына орай республика көлемінде мерейтой ұйымдастырылатынын жеткізген Мешихат төрағасы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын сол мерекелік шараға шақырды.
Кездесу соңында қазақ елінің ежелгі дәстүрімен қонақтарға шапан жабылып, кәде сыйлар тарту етілді. «Сыйға сый» ұсынған Азиз Хасанович әлемдегі ең алғашқы автоқалам осы хорваттар елінде жасалғанын айта келіп, Серікбай Оразға хорват елінде жасалған қаламды сыйға тартты.
Кездесуден соң Хорват елінің дін басшысы «Әзірет Сұлтан» мешітін тамашалады. Құлшылық ордасының әсем сәулетті құрылысы мен қасиетті Құран Кәрімнің сирек кездесетін нұсқаларымен танысқан Азиз Хасанович өз таңданысын білдіріп, мешіт ұжымының жұмысына жеміс тіледі. Сондай-ақ, Серікбай Ораз басшылық етіп отырған сәулетті мешіттегі «Хикмет» телерадиостудиясының жұмыстарымен танысқан хорваттық доктор өзінің бұл сапар барысында көптеген керекті мағлұмат жинап, тәжірибе байытқанын айтты.