Қасиетті Рамазан айы барша жұртшылыққа ерекше көңіл-күй, өзгеше бастама, өз-өзін тәрбиелеуге жаңа қарқын сыйлайды. Ораза айында дін қызметкерлері әдеттегіден де белсенді түрде жүзбе-жүз де, телеарна, радио, газет, әлеуметтік желілер арқылы да халықпен байланысып, насихат айтып, сұрақтарына жауап беруде.
Міне, осындай ауқымды шаралардың бірі бүгін облыстық "Һибатулла Тарази" мешітінде бастау алды. Енді әр жұма сайын имамдар мешіттен Жамбыл облыстық "JAMBYL" телеарнасы арқылы көрерменмен тікелей эфирде жолықпақ.
Бүгінгі жұмада тілші Қасымжан Байкүшіков ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Мырзагелдиевпен сұқбаттасты. Келілі сөз, көркем әңгіме көрерменге тікелей 11:30-да жол тартты.
Бас имам тілші, жамағат, көрермен тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар дін жолында жүрген осы мешіттің жамағатымен де сұқбат құрды.
Бірлесе ұйымдастырылған игі бастама көпшіліктің көңіліне ұнап та үлгерген-ді.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі