Алғашқы медреселер арабтарда емес, бізде пайда болған. Бұл туралы филология ғылымдарының кандидаты, араб әдебиеті (құрантану) бойынша ғылым магистрі Айнұр Әбдірәсілқызы бірнеше деректерді алға тартады.
Ең алғашқы ислами орта оқу орындары болған медреселердің ІХ ғасырда Түркістан өлкесінде, нақтырақ айтқанда қазіргі Өзбекстан аумағында пайда болғаны туралы тарихи дереккөздерінде айтылады. Мұның басты себебі тілдік фактордың әсері болып табылады.
Мұсылмандықты қабылдаған түркі халықтары үшін Ислам дінінің негіздерін үйрену, шариғат заңдылықтарын түсіну, зерттеу, тарату талпынысын араб тіліндегі Құран Кәрімді, Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) хадистерін, исламдық мәтіндерді игеру арқылы ғана жүзеге асыру мүмкін болып табылатын. Мұсылманның парызы саналатын іс-әрекеттер (бес уақыт намаз, ораза, қажылық) де белгілі бір дәрежеде араб тілді мәтіндермен байланысты болды. Сондықтан Ислам дінін игеру бірінші кезекте күрделі де көп салалы араб тілін жүйелеп, жіктеп, егжей-тегжейлі үйренуді талап етті. Діни мәтіндердің мағыналық ерекшелігі мен көп қабаттылығы да араб тілін жетік игеруді міндеттеді. Осыған орай, араб тілінің фонетикасын, морфологиясы мен синтаксисін арнайы пәндер арқылы игеру қажеттілігі туындады. Тіл игеруден кейінгі қиындық діни мәтіндер мен ілімдерді барлық қосымша пәндерімен қоса оқып-үйренумен байланысты болды. Бұл Құран ілімдері мен шариғат ғылымдарының екі үлкен сала ретінде қалыптасып, дербес оқытылуына негіз қалады. Осының барлығы араб тілі мен Ислам дінінің негіздерін толығымен қамтып, жүйелендірген білім ордасы – медреселердің қалыптасуына алып келді.
Орта ғасырларда бірыңғай рухани мәдени кеңістікте өмір сүрген Орталық Азияда медреселер жүйесі ерекше қарқынмен дамыды. Медреселер көбіне мешіттердің жанынан салынды. Бұхара, Самарқанд жерінде басталған медресе дәстүрі Баласағұн, Түркістан, Отырар, Сайрам, Сауран, Сығанақ, Өзкент секілді Ұлы Жібек жолының бойында жатқан ірі мәдени орталықтарда жалғасын тапты. Ортағасырлық жазба мәліметтерде бір ғана Баласағұн қаласында 40 мешіт, 20 медресе болғаны айтылады. Қазақстан жеріндегі медреселер жүйесі бойымен Сыр бойындағы қалаларда ерекше өрістеді. Бұл Қожа Ахмет Яссауи негізін салған рухани ілім арқылы Түркістан қаласының түркі жұртының рухани астанасы деңгейіне көтерілуімен тікелей байланысты болды. Сырдың төменгі ағысымен Арал теңізіне дейін, Үстірт арқылы Батыс Қазақстан өлкесіне дейін тараған медреселер мәдениеті Қазан хандығы тұсында татар жұртына да кеңінен тарады.
Қазақ жеріндегі дін ғұламаларының Орта Азияның басқа да қалаларымен, Иран өлкесі мен араб жеріндегі іргелі ғылым орталықтарымен таныс болғаны, Йасауи хикметтерінде айтылғандай, «Қорасан, Шам, Иракқа сапар шегіп», ілім алмасып, тәжірибе жаңғыртып, рухани байланыста дамығаны белгілі.
Осы орнықты әрі жан-жақты діни білім жүйесінің қазақ даласында Әбу Насыр әл-Фараби кезеңінен қалыптасып, үзіліссіз жалғасып келе жатқан біртұтас рухани ілімдер, орныққан көзқарастар жүйесінің қалыптасуына шешуші әсер еткені анық. Бұл көзқарастардың негізін ең алдымен ұлттық құндылықтар мен отаншылдық қағидаларды қорғау, екіншіден Ислам шариғатына құрметпен қарай отырып, ары қарай дамыту принциптері құрады.
Атап айту керек, шариғат ілімдерін терең игертуге бағытталған дәстүрлі медреселер жүйесімен қатар діни білімді рухани тәжірибемен ұштастыруды, рухани кемелденуді мақсат еткен тариқат ұстаздары қалыптастырған рибат, текке, құжыра, забия, ханака секілді білім ордалары орта ғасырларда қазақ жерінде кеңінен тарады. Медреселер нақты мамандандыру жүйесі болса, аталған рухани білім ордалары рухты кемелдендіру жүйесі ретінде қызмет етті.