Баспасөз орталығында Рамазан айына арналған брифинг өтті. Жиынға «Ақ жол», «Жамбыл-Тараз», «Арай», «Ғұмыр дария», «Знамия Труда» газеттері мен «Jambyl», «77», «Тараз 24» телеарналарының, ZHAMYLNews ақпараттық порталының тілшілері қатысты.
Баспасөз мәслихатында ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев Рамазан айының артықшылығы, мұсылман халқының аталған айды тойлауы, ондағы сауаптар мен ерекшеліктерді сөз етіп, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының халыққа үндеуін жеткізді. Сонымен қатар діни басқарма тарапынан келген бұйрық бойынша атқарылатын іс-шаралар легі тілге тиек болды.
Бас имам Бейбіт қажы Мырзагелдиев өз сөзінде: «Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Қасиетті айда адам баласы көбірек жақсылық жасап, ізгі амалдарды атқаруға тырысады. Ораза пендені тақуалыққа тәрбиелейді. Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Биыл исі мұсылман жұртшылық асыға күткен қасиетті ай сәуірдің 2-ші жұлдызында басталады, ал 1 сәуірде тарауық намазы оқылады және ораза 30 күнге толмақ. Ұлық ораза айт мерекесі 1 мамырда аталып өтіледі. Қадір түні сәуірдің 27-нен 28-не қараған түні. Ал пітір адам басына - 500 теңгені құрайды» - деп атап өтті.
Тілшілер өзге де сұрақтарын қойып, қажетті мағұлматтарын түртіп алды.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі