ҚМДБ-ның төрағасы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен 2022 жылы "Ынтымақ пен бірлік" жылы болып бекітілген болатын. Осы орайда, Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің бас имамы Абдразахов Азамат Берікұлының қатысуымен Жамбыл ауылының әкімшілігінде ауыл тұрғындарымен жиналыс өтті.
Іс-шараның мақсаты тәуелсіздік, тұрақтылық, бейбітшілік пен келісім сияқты құндылықтар аясында мемлекеттілікті, Қазақстан халқының бірлігін нығайту мен қоғамды біріктіру екендігі айтылды.
«Ауданда тұратын барлық этностардың дәстүрлеріне құрмет, түрлі сенімдегі адамдардың өзара түсіністігі – барша қазақстандық халықтың рухани құндылықтарын арттыру, әрбір отбасындағы тыныштықтың және Меркі ауданының табысты дамуының кепілі. Ежелден белгілі ынтымақ-бірлік бар жерде тыныштық, ауызбірлік, сыйластық, адамзат баласына бір-біріне деген мейірім-махаббат орнайтыны анық. Ата-бабаларымыз қастандық жасағандарға «Таспен атқанды аспен ат» деген, ойланған адамға мағынасы терең ұғым.», - деді Азамат Берікұлы.
Сөз соңында имам: Әрбір адам өз ісіне адалдық таныту қажет, сонда ғана елдің ертеңі жарқын, болашағымыз баянды болмақ деп тарқасты.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі