Басы сәждеге тимеген жаннаттық сахаба

Басы сәждеге тимеген жаннаттық сахаба

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

«Иман келтіріп, ізгі іс істегендерді қуандыр! Расында олар үшін астарынан өзендер ағатын жәннаттар бар. Әрқашан оларға оның жемісінен бір ризық берілсе, олар осы бізге бұрын да беріліп еді деп айтады. Тағы соншасы беріледі. Әрі олар үшін тап-таза жұбайлар бар. Олар онда мәңгілік қалады». («Бақара сүресі», 25 аят). 

Пайғамбарымыз (с.а.с) бір хадисінде: «Алла былай дейді: «Мен Салих құлдарым үшін жәннатта ешбір көз көрмеген, бұрын-соңды ешбір құлақ естімеген, ешбір адамның ойына кіріп-шықпайтын кейбір нығметтер дайындадым», - деген.

Жәннатқа апаратын жол өте жеңіл және өте ұзақ. Әрбір нәрсенің соңғы нәтижесі бар. Қияметте адам баласы тек бір амалымен ғана жәннатқа қол жеткізуі мүмкін, егер ол амал тек қана бір Алланың разылығы үшін істелген болса.

Пайғамбарымыздың (с.а.с) ешбір намаз атқармай, басын сәждеге қоймай жәннатқа кірген адам туралы айтқанын білесіз бе? Бұл оқиға Аус тайпасынан Әл-Ұсайрим Амр ибн Сәбит (р.а) туралы.

Ол қауымның көшбасшысы Сағд ибн Муғаз (р.а) болған. Оның көкесі аманатқа берік болған сахаба Хузайфа ибн әл-Яман (р.а) болған. Аус тайпасы Исламды қабылдай бастағанда, Исламды қабылдағандар Әл-Ұсайрим лақаб атымен танымал Амр ибн Сәбитті де (р.а) Исламды қабылдауға шақырған болатын. Бірақ ол олардың ұсынысын қабылдамай, егер сендер ақиқатқа шақырып жатқандарыңды білгенімде, мен еш кідірместен қабылдар едім деп бас тартқан. Әл-Ұсайримнің бұл сөзі, Исламды қабылдамағанымен, ақиқатты іздеп жүргендігін және Пайғамбарлықтың ақиқат екендігіне көз жеткізгісі келгендігін көрсетеді.

Ұсайрим (р.а) Ұхуд шайқасы кезінде Мединаға келгенде, ол әлі Ислам дінін қабылдамаған еді. Сол жердегі сахабалардан: «Сағд ибн Муғаз (р.а) қайда?», - деп сұрайды. Ол Ұхуд шайқасына кетті деген жауап алады. Ол басқада танитын адамдарын сұрап шығады. Сонда ол: «Ол Ұхуд шайқасына кетті», - деген жауап алады. Әл-Ұсайрим (р.а) бар дауысымен егер ол адамдардың барлығы Ұхуд шайқасында болса, онда мен оларға қосыламын дейді. Ол солайша Ұхуд шайқасының ішіне кіріп мұсылмандармен бірге мүшріктерге қарсы соғысады. Сол соғыста ауыр жарақат алады. Өлім хәлінде жатқанда оның жанына сахабалар жиналып, бір-біріне: «Бұл Ұсайримғой, біз білсек ол Исламды қабылдамай жүрген еді, оның мұнда не ісі бар?», - деп сөз айтып жатты. Олар Ұсайримге жақындап барып: «Ей, Ұсайрим! Сені мұнда не әкелді? Сен Ислам үшін соғыстың ба, әлде өз тайпаластарыңның абыройы үшін соғыстың ба?», - деп сұрады.  Сонда ол: «Мен Ислам үшін соғыстым. Мен Аллаға және оның елшісіне иман келтірдім», - деді де жан тапсырды.

Бұл хабарды Пайғамбарымызға (с.а.с) жеткізгенде: «Ол жәннатта», - деді.

Кейде ақиқатты көріп, сезіну үшін, сол ақиқатқа еріп, жәннатта үлкен дәрежеге қол жеткізу үшін адам баласына санаулы митуттарда жеткілікті.   Ұсайримнің өмірін қарайтын болсақ Исламда жарты күн не оданда аз уақыт өмір сүрді. Ақиқатқа көзі жетіп, амал жасауға асыққан сахабалар осындай еді.

Әбу Һурайра (р.а): «Ұсайрим (р.а) ешбір намазды оқымады», - деген. Тарих және сахабалар өмірбаяны туралы кітаптарында Әбу Һурайраның (р.а): «Маған Алла Тағала үшін ешбір намаз оқымай жәннаттық болған сахаба туралы айтып беріңдерші?», - деп, халықтан сұрағандығы келтіріледі. Адамдар оның жауабын білмеген. Сол кезде ол: «Әл-Ұсайрим (р.а) Бану Абду әл-Әшһал руынан», - деген.

Әл-Бұхари келтірген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с): «Ол аз амал істеп, көп сауап алды», - деген.

Барадан (р.а) жеткен хадисте, ол: «Бірде Пайғамбарға (с.а.с) жасына дулыға киіп алған бір кісі келіп: «Уа, Алланың елшісі! Алла жолында шайқасайын ба әлде Исламды қабылдайын ба?» - деп сұрады. Пайғамбар (с.а.с): «Әуелі Исламға кір де, сосын барып шайқас», - деді. Сөйтіп, ол Исламды қабылдады да, сосын Алла жолында шайқасып мерт болды. Сонда Алла елшісі (с.а.с) «Ол аз амал істеп, көп сауап алды», - деп айтты», - деген.

Қарастырылып отырған хадис кейде адам Алланың мейірімі әрі игілігімен кішігірім амал арқылы үлкен сауапқа жететінін көрсетеді. (Фатх әл-Бари)

Ұсайрим (р.а) Ислам дінін қабылдап, шайқасқа қатысады. Шайқаста Ұсайрим шейіт болып, намаз оқи алмай кетеді. Себебі күн шыққан соң иман келтіріп, мұсылман болған Ұсайрим, бесін намазының уақытына дейін жете алмай жан береді. Әл-Ұсайрим (р.а) намазда оқымады, оразада ұстамады, жақсы амалдардың ешбірін істемеді, бар істеген нәрсесі иман келтіріп шейіт болды және сол арқылы жәннатқа қол жеткізді.

Намаз, ораза, зекет және қажылық сауабы үлкен Алла Тағаланың разылығына жеткізетін және жәннатқа кіргізетін үлкен құлшылықтардан. Бұл айтылған оқиғадан намазсыз не болмаса басқада Ислам дінінің негіздерінен болған құлшылықтарды орындамай-ақ жәннатқа қол жеткізуге болады екен деген ой туындамауы керек. Бұл оқиғадан Ұсайримнің (р.а) және де басқада сахабалардың уақыты мен сәті келіп тұрған құлшылықты орынды пайдаланып, Алланың разылығына қауышу махаббаты жатыр деп түсінуіміз керек. Ислам дінінде бас уақыт намаздың уақыты бар. Сол аралықта шығыстан күн шыққаннан күн тас төбеден батысқа ауғанға дейін ешбір намаздың уақыты емес. Ұсайримнің (р.а) Исламды қабылдауы дәл сол уақытқа сай келген. Бізде дәл солай өміріміздің әрбір сәтін тиімді пайдаланып, уақыты мен сәті келген құлшылығымызды орындап Алла Тағаланың разылығына қол жеткізуге тырысуымыз керек. Мысалы, таңды атырдықпа таң намазын оқып, Рамазан айына аман-есен жеттік пе, ораза ұстап, байлыққа қол жеткізсек дереу зекет беріп, қажылыққа барып қалу деген сияқты.

Алла Тағала дінімізде тұрақты әрі табанды болуымызды нәсіп етсін!

Есбол АЛПЫСБАЕВ

Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің ұстазы

asyldin.kz

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: