ЕРЕЖЕП – АЛЛА ТАҒАЛАНЫҢ АЙЫ

ЕРЕЖЕП – АЛЛА ТАҒАЛАНЫҢ АЙЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жаратушы Иеміз адам баласын өмірге әкеліп, жарық дүниенің қызығын көріп, өсіп-өнуі үшін жаратқанымен, тіршілік болған соң адамзат жасаған жақсылықтарымен сауап арттырса, жаманшылықтары арқылы күнәға батары анық. Міне, осы күнәлардан арылып, тәубаға келуі үшін Раббымыз қасиетті күндер мен айларды сыйлаған. Алла тағала Құран  Кәрімде: “Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын, шүкіршілік етіңдер де қарсы болмаңдар” дейді. “Бақара” сүресі, 151 аят).

Он екі айдың ішінде үш ай ерекше қасиеттерге ие. Мұхаммед (с.ғ.с) “Олар: “Ережеп (Ражаб) - Алла тағаланың айы”, “Шағбан – менің айым”, “Рамазан – үмметімнің айы” деп ескерте келіп, “Ражаб айы – егінді егу, Шағбан – егінді баптау, Рамазан айы – егін өнімін жинау” деп түсіндірген.

Ережеп айы тәубеге келіп, Аллаға құлшылық ету, Алланың разылығы үшін ораза ұстау, жақсылықтар жасау-үлкен сауапқа жатады. Сонымен бірге бұл айда Раббымыз тәубеге келген пенделердің күнәсін кешіретін ай. Бұл айда игі амалдарға мол сауап жазылады, құлшылықтар мен дұғалар қабыл болады. Алла Елшісі : «Бес түн бар, онда дұғалар кері қайтарылмайды. Олар – Ережеп айының алғашқы түні, Шағбан айының жартысындағы түн, Жұма түні, Ораза және Құрбан айт түндері», – деген.

Ертеректе мұсылмандар бұл үш айда ораза тұтқан. Қадір-қасиеті мол үш айда шарапаты мол кештер мен түндер бар.

-Ережеп айының бірінші жұма кеші – Рағиб кеші.

-Ережеп айының 26-27 кештері – Миғраж кеші.

Шәғбан айының орта кезіндегі 14-15 кештер – Бараат кеші.

Рамазан айында – Қадыр түні.

Ережеп айында Жаратушы Иемізге көп құлшылық жасап, күнә жасаудан, жаман сөз айтып, күнаһар болудан сақтану қажет. Осы айда нәпіл  ораза ұстаудың да маңызы зор. Оны ұстау әркімнің еркінде.

Мұса ибн Имран Әнас ибн Мәліктің естігенін былай деп баяндайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жәннатта бір өзен бар. Ол өзеннің аты – Ережеп. Сүттен ақ, балдан тәтті. Кімде-кім Ережеп айында бір күн ораза тұтса, Алла тағала ол кісіге сол өзеннен сусындауды нәсіп етеді», – деп Ережеп айында ораза ұстауға үмметін ынталандырған. Сондай-ақ  пайғамбарымыз (с.ғ.с) Ережеп айы басталғанда: «Уа, Алла! Ережеп және Шағбан айларында бізге береке бер, бізді Рамазан айына жеткізе гөр!» – деп дұға еткен.

Ережеп айы үстіміздегі жылдың 3 ақпанында басталды. Осы айда Құран Кәрімді көбірек оқып, Жаратушы Иемізге көбірек құлшылық жасайық. Сауабы мол істерді жасап, жақсылық жасауға асығайық.

Ережеп – Алла тағаланың айы. Олай болса, қасиетті айда көбірек садақа беріп, Жаратқан Иемізден кешірім сұрайық, мұқтаждардың қажетін өтеп, көмек қолымызды созайық. Алла тағаланың разылығы үшін ұстаған  оразаларыңыз бен сауапты істеріңіз қабыл болсын.

Бақытбек Сағымбаев,

“Ан-нағым” мешітінің имамы.

Талас ауылы.

Байзақ ауданы

Жамбыл облысы.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: