Еліміздің жүрегіндей болған Елордамызға ат басын тіреген қадірлі қонақтар мен саяхатшылардың сәні мен сәулеті жарасып, алыстан менмұндалаған «Әзірет Сұлтан» мешітіне бас сұқпай кететіні кемде-кем. Кез келген мұсылман баласына есігі айқара ашылған алып мешіттің мейманы болған жандардың тізіміне үңілсек, небір тұлғалардың осында келіп, таңырқап кеткеніне куә боласыз.
Сондай қонақтардың қатарын кеше Сауд Арабиясы Корольдігінің Консультативтік кеңесінің төрағасы Абдалла әл аш-Шейх толықтырды. Сауд Арабиясының лауазымды тұлғасы Қазақстанға жасаған ресми іссапары кезінде «Әзірет Сұлтан» мешітіне көірп қайтуды жөн санаған көрінеді. Құрметті қонақтарды ҚМДБ-ның төраға орынбасары, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай Ораз өзі қарсы алып, құлшылық ордасын таныстырып көрсетті.
Астана қаласының ажарын кіргізіп тұрған айтулы құлшылық ордасына Абдалла әл аш-Шейх те өз бағасын беріп, ризашылық танытты. Кездесу соңында халқымыздың асыл дәстүрі бойынша, қадірлі мейманға шапан жабылып, кәде ретінде сыйлықтар үлестірілді. «Сыйға – сый» демекші, Сауд Арабиясы Корольдігінің Консультативтік Кеңесінің төрағасы да Серікбай Оразға өз ризашылығын білдіріп, естелік сыйлығын тарту етті.
muslim.kz