Ішімдегі көре алмаушылықты қалай жойсам болады?

Ішімдегі көре алмаушылықты қалай жойсам болады?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

«Көре алмаушылықтан сақ болыңдар. Өйткені, көреалмаушылық адамның ізгі-сауап амалдарын от (ағаш) отынды жандырып жібергендей жоқ етеді» (Әбу Дәуіт).

Іштарлық, қызғаншақтық деп те аталатын көреалмаушылық – адамның өзгелердегі қол жеткізген жақсылықты қабылдай алмау сезімі. Басқаша айтқанда, көре алмаушылық бір адамның өзінде болуын қалаған әртүрлі қабілет пен басқа да нәрселердің басқа біреуде болғанын іштей қызғану деген сөз.

Қызғаныш – ашумен білінетін, сосын кекке айналатын ызалану сезімінің нәтижесі, ол жақсылықтың барлығын жалмайды. Қызғаныш жүректе иманмен бірге болуды қаламайды. Қызғанышты білдіру және басқалардың төмен болғанын қалау өте нашар қасиет, іште сақтау болса жүректің кемелденуін тежейді.

Бұрынғы өткен ғұламалар: «Көреалмаушылық аспандағы ең алғашқы жасалған күнә. Ібіліс Адам (а.с.) пайғамбардың мәртебесі мен дәрежесіне іштарлық етті. Сонымен бірге, жер бетінде де ең әуелі жасалған қылмыс пен күнә көреалмаушылықтың салдарынан болды. Адам (а.с.) ұлдары бірін-бірі іштарлық кесірінен өлтірді», - деген.

Зубайр бин Аууам (р.а.) жеткізген хадисте:

«Сендердің бойларыңда әуелгі үмметтердің дерті – көреалмаушылық пен ашу-ыза деңдеп барады: Мұхаммедтің (с.а.с) жаны уысында болған Алламен ант етемін, бір-біріңді жақсы көрмейінше кәміл иманды болмайсыңдар. Сендерге бір-біріңді жақсы көргізетін істі айтайын ба? Өз араларыңда сәлемді дауыстап беріңдер» (Ахмад, Термези), - делінген.

Әнас бин Мәлік (р.а.) риуаят еткен тағы бір хадисте:

«Бір-біріңді жек көрмеңдер, бір-біріңе көреалмаушылық жасамаңдар, бір-біріңе айла-шарғы жасамаңдар! Ей, Алланың құлдары! Бір-біріңе бауыр болыңдар! Мұсылман өз бауырына үш күннен артық ренжуіне рұқсат жоқ»(Бұхари, Мүсілім).

Бұрынғы өткен заманда сұлтанмен дастархандас, ақыл-кеңес беретін данышпан болыпты. Сұлтанның құзырынан шығып кетер кезде данышпан: «Жақсы адамға жақсылығына жараса жақсылық көрсетіңіз, ал жаман адамға сол өзінің жамандығы жетіп артылады», - деп қош айтысатын көрінеді. Данышпанның патша құзырындағы мәртебесі мен биік дәрежесін көрген сарайдағы қызметкерлердің бірі іштарлық етіп, көңілін қызғаныш билейді. Ақыры бір орайы келгенде: «Әлгі кісі сіздің бойыңызда жаман иіс бар», - деп ел-жұртқа айтып жүр, - деп данышпанды сұлтанға жамандайды. Патша: «Оның мұнысы қалай?», - деп ашуланады. Әлгі іштар көреалмаушы: «Келесі жолы құзырыңызға келгенде, өзіңізге жақынырақ шақырыңыз. Сонда оның сізден жиіркеніп мұрнын басқанын өз көзіңізбен көресіз», - деп сөзін қуаттай түседі.

Мұнан соң, жоспары толығымен жүзеге асу үшін данышпанды үйіне қонаққа шақырады. Іштар тамаққа сарымсақ пен пиязды қосып әзірлетеді. Данышпан да шақыруды қабыл алып, іштар бейбақтың үйінен дәм татады. Ертеңіне патшаның нөкерлері данышпанды сарайға алып келеді. Сұлтан біраз әңгіме-дүкенді сылтауратып данышпанмен сұхбат құрады. Ол жақынырақ келсе, данышпан аузы-мұрнын қайта-қайта қолымен бүркей береді. Сұлтан оның бұл оқыс әрекетіне біраз шамданып қалады. Данышпан сарайдан шығар кезде әдеттегідей: «Жақсы адамға жақсылығына жараса жақсылық көрсетіңіз, ал жаман адамға сол өзінің жамандығы жетіп артылады», - деп айтады. Сұлтан: «Мынаны ауыл әкіміне бер, не істеу керегін өзі біледі», - деп оның қолына хат береді.

Сұлтанның құзырынан қаннан қаперсіз шыққан данышпанды аңдып тұрған қызметкер жетіп келеді. Қолындағы хатқа көзі түсіп, мән-жайды сұрайды. Ауыл әкіміне табыстау керек дегені сол-ақ екен қызметкер жармаса кетеді. Әдетте, сұлтан хатты біреуге сый-сияпат тағайындағанда беретінінен хабардар іштар қызметкер: «Мен-ақ апарып берейін», - деп тұрып алады. Данышпан: «Дегенің болсын» деп хатты ашпай-ақ ұстата салады.

Іштар бейшара алып-ұшып ауыл әкіміне барады. Хатты ашса: «Хатты алып келушінің басын ал!», - деген бұйрық берілген екен. Сый-сияпаттан дәмеленіп келген бейшара зәре-құты қалмай: «Хат менікі емес, патша оны растай алады. Сенбесеңіз сұраңыз»,-деп сау басына өзі пәле тілеп алғанын түсінді. Бірақ кеш еді. Әкім: «Сұлтанның әмірі екі етілмейді», - деп көреалмаушының басын шабады.

Данышпан әдеттегі қалпымен бірер күннен кейін патшаның құзырына келеді. Патша қонағы кіре салысымен: «Менің хатым қайда, оны не істедің», - деп жөн сұрайды. «Сарай қызметкері өтініп қоймаған соң, сіздің сыйлығыңызды сол-ақ алсын деп бере салдым», - деп ағынан жарылады. Сонда патша: «Сол қызметкер сен менің бойымда жаман иіс бар деп ел-жұртқа айтып жүр деп еді, сол рас па?!»,-деп сұрайды. «Уа, сұлтаным! Алла сақтасын, мұндай жалған сөзді қалайша дәтім барып айтамын», - деді. Сонда сұлтан: «Жарайды, дегеніңдей-ақ болсын! Онда неге өткен жолы мұрныңды тұмшалай бердің?», - деп қайта сұрақ қояды. Данышпан: «Уа, сұлтаным! Күні кеше Сіздің сол қызметкеріңіз қонаққа шақырған еді. Сарымсақ қосылған асты жегендіктен иісінен қысылып, ауыз-мұрнымды жабуға тура келді», - дейді. Сонда сұлтан: «Айтқаның рас. Жаман адамға сол өзінің жамандығы жетіп артылады», - деп данышпанның сөзін қайталаған екен.

Көре алмаушылық бір жағынан Алланың жазғанына қарсы келу дегенді білдіреді. Өйткені, кімге не беретінін, қанша мөлшерде беретінін Алланың өзі біледі. Бұл тағдырға риза болмай, қызғаныш сезімімен өмір сүру кеселдің белгісі және бұл ауру ең көп өзінің иесіне залал келтіреді. Анығында қызғаныш қызғанған адамның өзіне зиян келтіреді. Біреуді қызғанып, көре алмаған адам үнемі осындай іштарлық сезімде жүріп, қызғанған адамы жетістікке жеткен сайын қызғанышы арта түсіп, ашудан жарыла жаздайды, Алланың сол адамға бұйырғанына көз алартып, қызғанған адамын қарғайды. Қызғанған адамын ғайбаттап, кейде оған жала жауып, үнемі сол адаммен іштей жауласа бастайды. Мұндай жағдайда ғайбаттың алдын алу үшін ең әуелі қызғаныштың алдын алу керек. Барлық аурулар секілді қызғаныш ауруының да ертерек анықталғаны жақсы. Ол үшін осындай сезімдегі адамдар оны ертерек сезуге тырысуы керек, кішіпейілділік және басқаларға тән ерекшеліктерге іштарлық жасамауға күш салып, өз қылықтарын түзетумен айналысқаны жөн. Осылайша, қызғанышты басып, көре алмаушы адамның өз-өзіне келтіретін кесірінің, ғайбат сөз айтуының алдын алуға болады. Сондай-ақ, ішкі сезімді сыртқа шығармай тұрып құрықтап, оны рухани өмірге бағыттаса, бұл сезім Алланың рұқсатымен аз мөлшерде болса да тежеледі.

Адам өзіне көңілі толмаған сәтте еріксіз өзін басқа біреумен: жағдайы өзінен көш ілгері деп ойлайтын жандармен салыстырады. Сондай–ақ, көреалмаушылық, реніш, жеккөрушілік сияқты сезімдер адамды теріс жолға итермелейді. Сондықтан, әр адам өзін дер кезінде қолға алып, жағымсыз әсерлерді позитивті (пайдалы) сезімдерге алмастырып үйренгені жөн. 

Көреалмаушылықтың өз бойында жақсы және пайдалы тұстары бар:

өз кемшіліктерін түсіну (басқалардан бір пайдалы істерді көріп, мен неге осылай істемеймін, деген ойға қалу керек);

мотивация (басқалардан көрген жақсы қасиеттерді үйреніп, соған қарай ұмтылу); 

жарысу қасиеттері жатады (өзіне, өзгелерге пайда әкелетін істерде жарысу).

Мұсылман қызыға қарайды, бірақ көреалмаушылық танытпайды. Ал, екіжүзді адам көреалмаушылық жасайды, ол қызыға қарауды білмейді.

Ибн Омар (р.а.) жеткізген:

«Тек екі нәрседе ғана қызғаныш танытуға болады. Алла Тағала Құран беріп, онымен күні-түні құлшылық жасаған және Алла Тағала мал-дүние беріп, күні-түні қолындағы дүниесімен қайырым-дылық еткен кісіге» (Бұхари).

Иә, бір мүмін бауырының бойындағы бір жақсылыққа қызыға қарауы мүмкін, алайда, оны көре алмай, жамандауға бармауы керек. Бәлкім, «Әттең, Аллаһ мені де сондай етсе ғой...» деп дұға тілеуі керек. Мұны сол бауырының бетіне немесе соған жететіндей етіп ол жоқ жерде айту да маңызды.

Сахабаларының бірі бір жолдасын жақсы көретінін айтқан кезде Мұхаммед пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә ссәлләм) «Бар да, жақсы көретініңді өзіне айт» деген. Жолдастарымыз туралы тек жақсы сөздер айтатын болсақ, олар да бізге теріс әрекет жасамайды.

Тілімізді ғайбаттан сақтау үшін егер бар болса қызғаныш ауруын анықтап, оны емдеу жолдарын қарастыру керек. Бұл емдеу ісінде қаншалықты табысты болсақ, ғайбат мәселесінде де соншалықты оң нәтижеге қол жеткіземіз. Раббым баршамызды рухани кеселдерден сақтасын!

Батырбек ҚАСЫМАЛИЕВ

Меркі ауданының наиб имамы 

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: