ИСЛАМДАҒЫ ЖЕСІР ӘЙЕЛДЕР МӘСЕЛЕСІ

ИСЛАМДАҒЫ ЖЕСІР ӘЙЕЛДЕР МӘСЕЛЕСІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

بسم الله الرحمن الرحيم 

Күллі жаратылыстың иесі, білімінен ешбір зат тыс қалмайтын, түпсіз қараңғылықтағы құбылыстардан хабардар, мейірімі көктер мен жерді қамтитын, жаратылыстарына ананың баласына деген мейірімінен де артық қамқор болған, кемшілік атаулыдан пәк Жаббар иеміз Аллаға сансыз мадақтар, әрі оның барша ғаламға мейірім жаршысы етіп жіберген жүректердің нұры, пайғамбарлардың мөрі әзиз елшісіне салауаттар мен сәлемдер болсын.

Ислам діні – Алланың жер бетіндегі құлдарына мейірімін төгіп, ақ пен қараны, ақиқат пен жалғанды, адамдық пен надандықты, адал мен арамды қара қылды қақ жарғандай тура таразылайтын, шүбәсіз туралыққа бастайын дара жолы.

Құран Кәрім – Раббымыздың адам баласына тура жолды оңай тауып, қамшының сабындай қысқа өмірдің мағынасы мен мақсатын ұғынуы үшін соқырға таяқ ұстатқандай дүние мен ақыреттік істердің бірін қалдырмай  баяндап беретін, адамзатты кемілдікке жеткізетін, терең мазмұнды, күмәнсіз, айқын нұсқаулығы. Адамзаттың өмірге қадам басуынан бейхабар болған сәтінен бастап, соңғы нәтижеде қандай халде боларынан хабардар ететін бұл мұғжизада, назардан тыс қаларлықтай еш нәрсе жоқ. Көзі ашық, көкірегі ояу, ақыл-парасатымен ізгілікке жан құмартушы әрбір тұлға үшін, керемет үлгілер мен татымды өнегелер бар. Олай болса, Жаратушы Жаббар Иеміздің біздер үшін, теңіз түбіндегі асыл жауһарлар іспеттес, сырлы даналықтарына ой жүгірітіп, исламдағы көкейкесті мәселелердің бірі, қазіргі таңда қоғамның қасіретіне айналған, жесір әйел жайында ой қозғап, Алланың бізге берген ілімімен бар білерімізді тілге тиек етпекпіз.

Құранда:

يقول الله تعالى في سورة البقرة : ( وَلَنَبْلُوَنَّكُمْ بِشَيْءٍ مِنَ الْخَوْفِ وَالْجُوعِ وَنَقْصٍ مِنَ الْأَمْوَالِ وَالْأَنْفُسِ وَالثَّمَرَاتِ وَبَشِّرِ الصَّابِرِينَ * الَّذِينَ إِذَا أَصَابَتْهُمْ مُصِيبَةٌ قَالُوا إِنَّا لِلَّهِ وَإِنَّا إِلَيْهِ رَاجِعُونَ * أُولَئِكَ عَلَيْهِمْ صَلَوَاتٌ مِنْ رَبِّهِمْ وَرَحْمَةٌ وَأُولَئِكَ هُمُ الْمُهْتَدُونَ )  

Әрине сендерді қayiп-қатер, ашаршылық және малдардан, жандардан сондай-ақ өнімдерден кеміту арқылы сынаймыз, (Мұхаммед сондай жағдайларда) сабыр етушілерді қуандыр! Қашан оларға бip қайғы жетсе, олар: «Шын мәнінде біз Аллаға тәнбіз әpi Оған қайтушымыз»деді.[1]

أَمْ حَسِبْتُمْ أَن تَدْخُلُوا الْجَنَّةَ وَلَمَّا يَأْتِكُم مَّثَلُ الَّذِينَ خَلَوْا مِن قَبْلِكُم ۖ مَّسَّتْهُمُ الْبَأْسَاءُ وَالضَّرَّاءُ وَزُلْزِلُوا حَتَّىٰ يَقُولَ الرَّسُولُ وَالَّذِينَ آمَنُوا مَعَهُ مَتَىٰ نَصْرُ اللَّهِ ۗ أَلَا إِنَّ نَصْرَ اللَّهِ قَرِيبٌ

Әлде өздеріңнен бұрын өткен қауымдардың бастан өткергендері сендерге келмей тұрып жұмаққақа кіреміз деп ойлайдыңдар ма? Олардың адам айтқысыз көптеген ауыртпалықтарға душар болып, күйзелгені соншалық-пайғамбар және онымен бірге иман келтіргендер: «Алланың жәрдемі қашан келеді?!» – дейтіндей жағдайға жетті. Біле-білсеңдер, Алланың жәрдемі өте жақын.[2]

Құран аяттарынан түсінетініміз:

  Алла Тағала адам баласына нені жазса да, мейлі тіпті оны адам ұнатпаса да пендесі үшін қайырлы, пайдасы бар болған себепті жасайды. Есті адам басына қиыншылық келген сәтте дереу есін жиып, Алланың оған бір жақсылықты қалап тұрғанын есіне алуы керек. Расында Алла сол қиыншылық арқылы құлының күнәларын жояды, дәрежесін көтереді, сауаптарын арттырады.

Пайғамбарымыздың ﷺ жалғаннан пәк хадистерінде жесір жайлы не айтылған:

عن أبي هريرة رضي الله عنه مرفوعًا: «السَّاعِي على الأَرْمَلَةِ والمِسْكِينِ، كالمُجَاهِدِ في سبيل الله». وأَحْسَبُهُ قال: «وكالقائم الذي لا يَفْتُرُ، وكالصائم الذي لا يُفْطِرُ». 
[صحيح.] - [متفق عليه.]

Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен хадисте Пайғамбарымыз ﷺ былай дейді: «Жесір мен міскінге жақсылық жасап көмектесуге ұмтылған әрбір адам Алла жолында барын салып күрескен жанкешті құл секілді және түнінде шаршамай-талмай құлшылық ететін әрі үзбей ораза ұстайтын адам  сынды».[3]

Яғни, Пайғамбарымыздың бұл сөзінінен жесір мен міскіннің жағдайын жақсартып, көмек беріп, қолдау көрсеткен адамның сауабы Алла жолында күрескен және түнінде әрдайым бойынан шаршауды сезінбей тәһәджуд намазын оқитын сонымен қатар үзбей ораза ұстайтын адамның сауабына тең екендігін түсінеміз.

Хадистен алатын өнегеміз:

  • Осы секілді сауапты істерді тұрақты түрде жасау нәпсімен және шайтанның азғыруымен күресуді талап ететін іс екендігін баяндайды.
  • Әлсіздердің мұңын жоюға, қиындықтан құтқаруға, мұқтаждықтарын кетіруге жетелейді.
  • Ислам дініміздің іргесі берік болуы үшін бізді өзара бірлестікке, ынтымақтастыққа, әрдайым көмекке дайын болуға, адамдардың бір-біріне қамқор болуларына қызықтыруы.
  • Құлшылық-барлық ізгі амалды қамтиды.
  • Ғибадат дегеніміз – Алла сүйетін және оған разы болатын іштей я сырттай,  жария немесе жасырын жасалатын ізгі істердің барлығына арналған атау. 

في الحديث الذي رواه الإمام أحمد و أبو داود قال صلي الله عليه وسلم:أنا و امرة سفعاء الخدين كهاتين يوم القيامة وجمع بين إصبعيه السبابة و الوسطى-امرة ذات منصب وجمال آمت من زوجها، حبست نفسها على أيتامها حتى بانوا أوماتوا.

 

Имам Ахмад және Әбу Даудтен жеткен хадисте Пайғамбарымыз ﷺ былай дейді.

- «Мен және реңі қашқан  (сәнденуді тастағаны себепті әрі жесірлік салдарынан жүзі қоңырқай тартқан) әйел қиямет күні осы екеуі секілді боламыз деп екі саусағын біріктіріп (сұқ саусағымен ортаншы саусағы арқылы) ишарамен көрсеткен. Жұмысы бар, сұлулығы да бар, күйеуінен жесір қалған, сонда да әкесіз қалған балалары өсіп, жетілгенге дейін, тіпті дүниеден озғанша өз-өзін үйде балаларына баскөз болуға арнаған әйел».[4]

Үммі Сәләмә (Алла оған разы болсын ) анамыздың күйеуі дүниеден өткен кездегі бастан өткерген оқиғасын еске сала кетейік. Ол ешбір адамды күйеуінен артық көмеуші еді, әрі күйеуінің орнын ешкім толтыра алмайды деп ойлайтын. Кейін күйеуі қатыс болған уақытта Пайғамбарымыздың ﷺ ауыртпалық келген кезде осыны айтыңдар деп адамдарға үйреткен дұғасын есіне алады. Ол дұғада : إنا لله وإنا إليه راجعون، اللهم أجرني في مصيبتي وأخلف

 لي خيرا منها

«Расында біз Алладанбыз және оған қайтамыз, Иа Раббым! Мендегі бұл қиындықтың қарымын сауаппен қайтар және маған одан да хайырлысын нәсіп ет,» -деп айтылған-ды. Осыны есіне алды да іштей «бірақ менің күйеуімнен артық кім болуы мүмкін »-деді. Осылайша, Алла Тағала оған Әбу Сәләмәдан артық жар нәсіп ете қоймас деп ойлаған болатын. Бірақ Пайғамбарымыздың ﷺ хадисіне еріп, осы дұғаны оқиды. Көп ұзамай Алла оған шәксіз Әбу Сәләмәдан да қайырлы жар нәсіп етті. Ол екі дүние сардарының өзі еді. Міне, Алланың уәдесіне деген мүлтіксіз сенім мен Алла елшісіне бойұсынудың берекеті қандай!?

Бұдан түсінетініміз, басына қиындық келген адамның әрбірі сол сынақпен күресе білуі қажет және бұл дүниеде ауыртпашылықпен алысқаны үшін Алланың ол пендесі үшін ақыретте нендей сыйлықтар әзірлеп қойғанын мүлде естен шығармауы ләзім. Бұл дүние тіршілігі ерте ме кеш пе, әйтеуір бәріміз бұл аймақты тәрк етеріміз айдан анық. Сосын Алла қаласа Нағим жәннаттарында қайта қауышармыз!

Біз текті елдің тексіз ұрпағы болуға құқығымыз жоқ. Себебі, қазақ халқы әлмисақтан «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған», шариғатына шаң жуытпаған, әділдіктің туын желбіреткен, ет жүрегін елжіреткен, дана халық.

Өйткені, мен келеріне көз тастайтын парасатты халықтың ұрпағы ретінде, көкейге қонымды, мысалы мен өнегесі ұштасқан өмірлік оқиғалардан ғибрат алып, жесір мен жетімге жақсылық жасаудың пайдасы жайында мынадай оқиғаны мысалға келтіре кетейік. Араб елдерінен тыс бір елде өзінің күйеуі және бірнеше қызымен кеңшілікте, берекелі кең өмір сүріп жатқан отбасы болады. Бір күні тағдырдың жазуымен ол үйдің отағасы дүниеден озып, әлгі әйел мен кішкентай қырдарының басына кедейлік орнап, жағдай қиындай түседі. Осы жағдайдан кейін әйел қыздарын алып дұшпанның табалауынан сақтанып, аулаққа, басқа қалаға аттанады. Олар шыққан күні күн күрт суып, қалаға әрең жетеді. Келе салысымен қыздарын ескі, құлауға шақ қалған бір мешітке орналастырып, өзі сол күндік азықтарының қамымен жолға қайта шығады. Жолда екі мәрте топталған адамдардың  жанынан өтеді. Бірінші өткен тобы – сол қаланың мұсылман данышпанының қасына жиылған адамдар екен. Ал екіншісі, сол қаладағы бір маджуси (отқа табынушы) адамның қасына топталғандар. Сәл ой жүгіртіп барып әлгі әйел өз жағдайын айтуға мұсылманды лайық көріп, оған өз жағдайын баяндап «мен Әлидің ұрпағынан болған жоғары текті әйелмін, жесір қалдым, балаларым жетім қалды, қазір оларды осындағы ескі мешіттердің біріне қалдырып кеттім, осы түні оларды тамақтандыруды қалап едім» дейді. Сонда әлгі «егер сөзің рас болса, Әлидің ұрпағынан болсаң, онда мұныңа дәлел келтір?» деп оғаш жауап қайтарады. Сонда әйел «мен бұл жерде бөтенмін, мені танитын бұл маңда ешбір жан жоқ»дейді. Алайда сенген адамы одан сырт айналады. Осы сәт ол әйелге қатты әсер етіп, ұнжырғасы түсіп, жүрегі қарс айрылып, үмітін үзді де кете барды. Осылайша, екінші топтың ұйытқысы маджусиге де барып қол ұшын созарына соншалық сенбесе де жағдайын айтуды артық санамады. Жақындады да жағдайын баяндады. Өзінің текті ұрпақтан екендігін, бұл қалада ол бөгде жан екенін айтты, бағанағы мұсылманмен болған жағдайды да жасырмады. Осыны естіп бола салысымен әлгі маджуси өз әйелдерінің бірін жіберіп, жесір әйелді қыздарымен қоса үйіне алдыртып, ең дәмді асын ұсынып, ең сапалы киімдерін кигізіп, жақсы қонақжайлылықпен, ерекше ілтипатпен үйіне қондырады. Сол түні түн ортасында әйелді қайтарып жіберген әлгі мұсылман бір түс көреді. Түсінде қиямет қайым келіп, Пайғамбарды ﷺ көріп және сол маңнан тағы бір өте үлкен, жап-жасыл зумруд тастан қаланған, қылтималары (балкондары) көз жауын алатын жақұт пен інжу тастарынан жасалған және оның биік күмбездері жалтыраған інжу-маржандардан құралған керемет сарайды байқайды. Артынша «иа Расулалла! Бұл сарай кімдікі?» дейді. Сонда әлгіге «бұл сарай тек жалғыз құдайға табынатын адамдыкі» мұны естіген ол: «иа, Расулалла! Мен де жалғыз құдайға табынатын мұсылманмын» деп айтады. Сол кезде Пайғамбарымыз ﷺ: олай болса сен жалғыз құдайға табынатыныңа дәлеліңді келтірші. Саған әлгі әйел келгенде сен де оған осылай айтқан едің, ендеше, сенде дәлел келтір»дейді. Осылайша, бұл мұсылман сол бір әйелді жабырқатып, қайтарып жібергеніне қайғырып, ұйқысынан көңілсіз оянады да, сол күннен бастап жүрген жерінде жесір әйелге іздеу сала бастайды. Сөйтіп, жүріп бір күні ол әйелдің бір маджусидің үйінде екенін естиді де маджусиді алдыртып «маған жесір әйел мен оның қыздарын бер» дейді. Сонда маджуси: олардың берекесі маған бұйырды, бермеймін» деп келіспейді. Діндар: «мына мың динарды ал да маған оларды тапсыр» деп екінші рет көндіргісі келеді. Келіспейді. Мұсылман: «беруің керексің» дейді .Сонда маджуси: Сенің қалап тұрған нәрсеңе негізі мен лайықтымын, сен түсіңде көрген сарай мен үшін тұрғызылған, жалғыз сен ғана исламда емессің, Алламен ант етейін кеше түнімен сол Әлидің ұрпағынан болған әйелдің алдында отбасыммен бірге исламды қабылдағанға дейін тыныштық таппай ұйықтай алмадым. Сен түсіңде көргенді мен де көрдім және маған Пайғамбар ﷺ былай деді: Әлиден болған әйел мен қыздары сенің қолыңда ма? Мен «иә»дедім, сол кезде Расулалла ﷺ: «Алла сені әуелден мүмін қылып жаратқан, мына сарай саған және отбасыңа тиесілі, сен отбасыңмен бірге жәннат иелеріненсің»,- деді. Осы оқиғадан кейін әлгі мұсылман арқасына күйініш пен өкініш арқалап, өзінің не нәрседен мақұрым қалғанын жаңа ғана анық аңғарғандай қайғырып кете барды.[5]

Міне,ендеше жесір мен жетімдерге жақсылық жасаудың сондай берекелі іс екенін және оны жасаған адамның қандай мәртебеге қол жеткізіп, жемісін қалай көретіндігін осы оқиға желісі арқылы анығырақ байқадыңыз. Жетімі мен жесірін жылатпаған қазақи қоғамымызға жақсылықтың бұл түрі ежелден жат емес. Алла Тағала баршамызды салихалы құлдарынан болуды нәсіп етсін!

 

 

Нұралы БАҚЫТҰЛЫ,

РАНТ мүшесі

«Һибатулла Тарази» медресесі директорының орынбасары



[1]- «Бақара» сүресі 155-157 аяттар.

[2] «Бақара»  сүресі 214 аят.

[3] Сахих Бухари [5353] және Муслим [2982].

[4]- Сунану Әбу Даут [5149], Ахматтың муснадында [24008, 24006].

[5]- Имам Заһаби, Китабу Әл-Кабаир, 68,69 бет.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: