Ибраһим Әдхам алғашқыда Қорасан дәулеттілерінің бірі еді. Бірде сәнді сарайының бір терезесінен сыртқа көз салып тұрып, алыстан бір адамды көреді. Әлгі кісі қолындағы бір тілім қатқан нанды жеп, сәлден кейін ұйқыға бас қояды. Ибраһим бір қызметшісін жіберіп, ол кісі оянғанда өзіне ертіп келуін тапсырады. Біршама уақыттан кейін қызметшісі әлгі кісіні ертіп келеді.
Ибраһим одан: «Бағана қатқан нанды қажағанда, қарның аш па еді?» – деп сұрады. Ол: «Иә», – дейді. Ибраһим: «Ал енді соған тойдың ба?» – деп сұрап еді, ол тағы да «Иә, тойдым», – деп жауап қатты. Ибраһим Әдхам таңданып: «Соған-ақ рахаттанып ұйықтадың ба?!» – деп еді, ол: «Әрине», – деді. Мұны естігенде, Ибраһим Әдхам: «Демек, адамға анығында осы да жеткілікті екен ғой, дүниеге салынудың арты жақсылыққа апармас», – деп тәубе етеді.
...«Қанағат қарын тойғызар», - дегендей, Алла Тағаланың нәсіп еткен нығметіне, ризығына разы болу – барып тұрған байлықтың өзі дер едім. Қу дүниенің соңына түсіп, есіл-дерті мал-мүлік жиып, жан бақытынан айырылып, тәубесіне келуге үлгере алмай бақилық болып жатқандар қаншама...
asyldin.kz