ӘУРЕТ ДЕГЕНІМІЗ НЕ? (ихсан ілімі)

ӘУРЕТ ДЕГЕНІМІЗ НЕ? (ихсан ілімі)

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

            Әурет сөзі араб тілінде «Ғаурат» деп айтылады. «Ғаурат» сөзі тілдік мағынада «әлсіз орын», «айып-кемшілік» деген мағыналарды білдіреді. Шариғат терминінде өзгелерге көрсетуге немесе ол жерге қарауға жиіркенішті әрі ұят іс болып саналатын адам денесіндегі ағзаларды «Ғаурат» дейміз. Шариғат үкімдеріне қарайтын болсақ, адам денесінің кейбір дене мүшелері бөгде адамдар көздерінен жасырын болуы керек және намазда тұрған кезде жабық болуы парыз етілген. Бұл жерлерге қарау әрі бұл жерлерді көрсету харам болып саналады. Ислам ғалымдарының көзқарастары бойынша ғауратты бөтен адамдардан жауып жүру - парыз айн амалы болып саналады.

    Еркектер үшін әурет кіндіктен төмен тізенің астына дейінгі аралық. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінде: «Ер адамның әуреті – кіндіктен төмен тізесінің астына дейінгі жер», деп айтқан.

Ханафи мәзһабының ең танымал фиқһи кітаптарының мәтіндерінде әурет орындары жайлы мына бір деректерді байқаймыз. «Еркектің әурет жері кіндігінің астынан тізесінің астына дейін. Бұл дегеніміз аталмыш жерлердің екі тарапы (арқа мен қарын тарапы, яғни алды мен арты) да қосылып саналады. Демек, Имам Ағзам мәзһабында кіндік әурет жер болып саналмайды. Тізе және оның үсті әурет болып саналады.

Ал енді әйелдің әуреті - оның бүкіл денесі саналады. Тек жүзі, екі алақаны (білезікке дейін), екі аяғы (тобыққа дейін) әурет емес. Яғни ұятты жерлер қатарына саналмайды». 

Жоғарыдағы келтірілген үкімдерге Имам Дарақұтни Ато ибн Ясардан, ол кісі Абу Аюбтан риуаят еткен мына бір хадис шәриф дәлел болған. Онда былай деп баяндалады: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): Екі тізеден жоғары қарай әурет болып саналады. Кіндік астынан төмен қарай да әурет болып саналады»,-дейді.

Мәзһабымыздың мәшһүр кітаптарының бірі болып саналатын «Һидәя» авторы риуаят еткен бұл «Тізе - бұл әурет орындардың біріне жатады» деген хадис шәрифті Әлиден (р.ғ.) Абу Хатам және Дарақұтнилар риуаят еткен. Әйел кісінің жүзі, екі алақаны және екі тобығынан басқа жерлерінің барлығы әурет болып саналатынына Имам Тирмизи Ибн Масғудтан (р.ғ.) риуаят еткен «Әйел адам - әурет» деген мына бір хадис үлкен дәлел ретінде келтірілген. Осы бір хадисте кейде «Мәстурәтун» яғни жабылған, жасырынған деген сөз тіркесі де қосылып келтірілген.

Әйел кісі әурет жерлерін кімдерден жасырмауға болатынына, яғни көрініп жүре беруіне рұқсат екендігі жайында «Мухтасар Уиқая» кітабында былай делінеді: «Ер кісі ер кісінің, әйел кісі әйел әйел кісінің тек кіндік пен тізе аралығындағы жерлерден басқа жерлеріне қарауға рұқсат». Жоғарыдағы тиым салынған жерлерге тек зәрулік, мәжбүрлік туындаған кездерде ғана қарай алады. Мысалы, шұғыл түрде ем үшін, емдеу үшін кеселдің орнын көру үшін қарауына болады.

Сонымен ер адамдарға тізенің әурет екендігін байқадық. Ал енді ерлерде кіндіктің әурет емес екендігіне және бір сахих (дұрыс) мағлұматты фиқһ кітаптарынан кездестіреміз. Бұны Имам Ахмад өзінің Муснад кітабында, Ибн Хиббан өзінің сахихтерінде, Имам Байһақи болса өзінің «Сүнәнінда», Ибн Ауф та (р.ғ.)  Омар ибн Исхақтан (р.ғ.) риуаят қылған. Ол кісінің риуаят етіуінше Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) немерелері Хасан ибн Әлимен (р.ғ.) Мәдина көшелерінің бірінде кетіп бара жатқан кезінде оларға жолда Әбу Һурәйра (р.ғ.) жолығып қалады. Әбу Һурәйра (р.ғ.) оған яғни Хасанға (р.ғ.) қарап: «Бір өтінішім бар еді, маған қарыныңды ашшы, бір сүйіп алайын, өйткені Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүйгенін көріп едім», дейді. Сол кезде Хазреті Хасан (р.ғ.) қарнын ашқан кезде, Әбу Һурәйра (р.ғ.) оның кіндігінен сүйіп алады. Егер кіндік әурет жер болғанда Хазреті Хасан (р.ғ.) ол жерін ашып көрсетпес еді.

   Имам Бұхариден, Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Кімде-кім бөгде әйелдің шырайлы жерлеріне шәһуат назарымен қарайтын болса, Алла тағала қиямет күні ол пенденің көздеріне қорғасын құяды» деген мағынадағы хадис те риуаят етілген.

Бұл жерде өз әйелінен басқа әйелдер жайында айтылуда. Әурет жерлер тақырыбына тоқталуымыздағы басты себеп, кейбір адамдар монша-бассеиндерде, қоғамдық моншаларда тізелері ашық халде (тек іш киіммен ғана, кейде ол да жоқ) суға түсіп жатады. Еске салып қоюуымыз керек, бұл іс мұсылманның ісі емес. Ислам шариғаты бұдан тыйған. Бұл әрекет үшін пенде үлкен күнә алады.

  Ибн Умайя (р.ғ.) риуаят етеді, Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ашық-шашық халде шомылып жатқан бір кісі көріп қалады. Сосын мешітке келіп, мінбарына шығып, Аллаға мақтау-мадақтар айтып: «Алла Тағалла Ұятты, әрі ұятты Жабушы, әрі ұятты жабушыны жақсы көреді. Демек, сіздердің қайсыларыңыз ғұсыл (шомылатын) алатын болса, онда ол адам ұятты жерлерін жауып, жасырып алсын»-дейді.

        Мәзһабымыздың танымал болған кітаптарының бірі "Һидәяда" бұл мәселе жөнінде де айтылып өткен: "Кімде-кім жуынатын жерге (монша, душ, бассейн) әуретін жаппай кіретін болса, онда ол пенденің куәлігі қабыл болмайды". Өйткені (өзге адамдар алдында) әуретін ашып жүру харам.

            Танымал ғұлама Имам Кәрһи ер адам тек әурет жерлерін жасырған болса, қарны, сандары ашық болса онда да мәкрүһ амалдарына тап болады дейді. Ал енді жалғыз өзі ғана шомылатын жерлерде жалаңаш болуына бола ма? деген сұраққа Ибн Хажар, Али Әл-Қари, Ләкнәуилер рұқсат болады дей отырып, алды-артын құбыла тарапқа қаратпауы мұстахап деген.

       Дегенмен Имам Тирмизи мен Имам Нәсәйи келтірген мына бір хадис түйінді пікірмен қортындылайды, "Алла Елшісі (с.ғ.с.): "Кімде -кім Аллаға және Ақырет күніне иман келтірген болса, онда жуынатын жерге әуретін жаппай кірмесін, Егер ол жалғыз өзі болса да, Алладан ұялып, әуретін бекітіп, жасырып алғаны абзал",- дейді.

            Бахз ибн Хаким өзінің бабасы Мұғауиядан р.ғ. риуаят етеді, Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бір кісі: "Біздердің біреуіміз жалғыз қалған кезде де жалаңаш жуынуға болады ма?"- деп сұрайды. Сол кезде Алла Елшісі (с.ғ.с.): "Алла Тағала адамдардан ұят талап етуге хақылы", - деп жауап берген екен. Мына нәрсені әркез мұқият есте сақтауымыз керек, ер адамдарда "кіндік - әурет жер болып саналмайды, тізе және тізеден жоғары қарай кіндік астына дейін әурет жерлер болып саналады".

Үмбет Сабырханов

"Әл-Хақ" мешітінің имамы

Т. Рысқұлов ауданы

asyldin.kz

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: