«Халқын сүйген–салтын сүйер»
Сірә, жер бетінде өз халқын жақсы көрмейтін ұлт жоқ шығар. Салт – дәстүр, әдеп – ғұрып ол әр ұлттың өмір сүрудегі бір–бірлерімен қарым-қатынасын реттейтін жазылмаған қағидалары, заңы және мәдениеті. Қазақ халқыныңда да ислам діні келмей тұрып та, ислам діні келгеннен кейін де жазылмаған дала заңдары болған. Тарих беттерін ашып қарасақ, қазақ даласында талас бойында 751 жылы арабтар мен қытайлар арасында шайқас болғаны белгілі. Шешуші шайқаста түріктердің бір тайпасы қарлұқтар арабтар жағына шығып, қытайлар жеңіліп, қазақ даласында қарлұқ қағанаты құрылды. Сол кезде арабтардың келуімен қарлұқтардың ислам дінін қабылдауы, қазақ даласына ислам діні тез таралуына әсер етті. Сөйтіп, бірте-бірте барлық түркі тайпалары ислам дінін қабылдағаны тарих беттерінде жазулы.
Қазақ даласына ислам діні сенімді түрде орныққаннан кейін, салт-дәстүрлер ислам дінімен сабақтаса отырып, жаңа бағытта ислам шариғатымен қалыптасты. Яғни, қазақ даласында шариғат пен дала заңдары араласуымен жаңа қазақтың салт–дәстүрлері қалыптасты. «Дәстүрдің озығы бар, дәурені өткен тозығы бар» дегендей кейбір шариғатқа қайшы келген әдет-ғұрып, дәстүрлер бірте-бірте ығысып, халық арасында қолданыстан шығып қалса, ислам дінімен шариғатқа негізделген жаңа дәстүрлер халық арасында кең қолданысқа ие болды. Енді әдеп, ғұрып, дәстүр деген сөздердің анықтамасын берейік. «Ғұрып» сөзі арабтың «әл-ъурф» сөзінен шыққан. Араб тілінен аударғанда адамдарға үйреншікті болған, әдеттегі іс-әрекет, үрдіс деген мағыналарды білдіреді. «Әдет» сөзі арабтың «әл-ъаада сөзінен шыққан. Мағынасы адамдар арасында көп қайталанатындықтан дағдыға айналған істер. «Дәстүр» сөзі арабша «дустур» деген сөздің қазақша баламасы. Арабша мағынасы іс-әрекет жасалатын ереже, заң дегенді білдіреді.
Енді сөзіміздің негізгі тақырыбына ойыссақ. Қазір асыл дініміз исламға тіл тигізіп, қара күйе жағып, қаралап, қазақтың салт-дәстүрін ислам дінінен бөле жарып, ислам дінін ескінің қалтығы, қараңғылыққа, білімсіздікке, шақыратын көр соқыр дін ретінде айтып, халықты өзінің дәстүрлі ислам дінінен бездіріп көсемсіп сөйлейтін адамдар көбейді. «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген мақалға кері әрекет ететін бұл адамдар, желкенсіз ағысқа қарсы жүзген адамның әрекеті іспетті. Суда жел тұрып, толқын болғанда қалай құрдымға кетсе, сол секілді дәстүрді ислам дінінен бөліп аламын деп, қаншама халықты өзінің асыл діні исламнан дәстүрінен алшақтатып құрдымға жіберетінін түсінбейді. Неге ол кісілер қазақ дәстүрлері ислам дінімен сабақтасып өрілгенін білмейді? Дәстүрдің көбісі ислам дінімен қалыптасқанын мойындағысы келмейді.
Қандай салт-дәстүрді алып қарасақ та ислам дінімен сабақтас. Мысалы: қыз ұзатқанда әкесінің қызына берген батасы, сол сияқты сапарға шыққанда әкенің баласына берген батасы, дастарханға қария кісінің берген батасы батаның түрлері көп. Барлығы ислам дінімен сабақтасып жатыр. Ал енді дінді дәстүрден алып тастасақ. Онда ислам діні келгенге дейін ұстанған сенім-нанымдарды басшылыққа алайық. Қайтыс болғанда бұрынғы тайпалардың сенімінде аяқ-қолды бүгіп, қасымызға пайдаланған заттарымызды мінген аттарымызды, арғы дүниеде қызметке керек болады деп, адамдарды құрбандыққа шалайық. Ол тайпалардың наным-сенімдері ғана емес Алланың тарапынан Мұса (а.с.) мен Иса (а.с.) пайғамбарларға түскен шариғаттардың да ислам діні келгеннен соң үкімдері жойылған жоқ па?!
Барлығымыз білеміз, ислам діні хақ дін және соңғы дін екенін. Алла Құран кәрімде «Күмәнсіз Алланың құзырындағы дін – Ислам» (Әли Имран – 19) деген. Ал ислам дінінде бұрынғы өткен тайпалардың наным-сенімдерінің көпшілігі Аллаға серік қосуға апаратынын білеміз. Ал онда біз неге дәстүрді ислам дінінен бөле жара қарап дәстүрді діннен жоғары қоямыз. «Діндәстүрдіңтаразысы». Дінсіз дәстүр көзі соқыр адамның қараңғыда далада жалғыз жүргені іспетті. Оның қасында демеп жол көрсетушісі болмаса шұңқырға құлап кету қаупі қаншалықты жоғары болса, сол сияқты дінсіз дәстүрмен жүрем деу адамды құрдымға апаратыны сөзсіз. Қазір ислам дінін арабтардың бір ұлттық діні сияқты көрсететіндер шықты. Тура ислам діні тек арабтарға тән сияқты айтып жүргендер бар. Ислам діні бүкіл жер бетіндегі адамдарға түсірілген соңғы иләхи дін. Аллаһ Құран кәрімде: «Бүгін діндерінді толықтырдым (кәмілеттім) және нығметтерімді тамамдадым. Сондай-ақ сендерге Ислам дінің қоштап ұнаттым» дейді. (Мәйда – 3) Ал енді ақылмен, байыппен зер салып карайық. Пайғамбар арабтардың арасынан шықты және пайғамбарымыздың қиын қыстау кезінде алғаш ислам дінін қабылдап, пайғамбарымызға қолдау көрсетіп, барлық қиыншылықты бірге көтерген, Алла Құран кәрімде мақтаулар айтқан Пайғамбарымыздың жан серігі болған сахабалардың көбісі араб ұлтынан болды. Құран кәрім араб тілінде Пайғамбарымызға уахи арқылы түсті. Ислам ғалымдарының барлығы дерлік хадис саласы болсын, шариғат саласы болсын, т.б барлық еңбектерін араб тілінде жазды. Сондықтан дін саласында жүрген мамандарға араб тілін білу міндет болды. Ал араб тілін білген және Құранды арабша оқу, хадистерді түсіндіргенде бірінші арабшасын айтып сосын қазақшаға аудару бұл арабтану емес. Ешқандай дін маманы арабтардың салт-дәстүр әдеп-ғұрыптарын уағыздаған емес және уағыздамайды да. Уағызда Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерін және өнегелі өмірін айту еш әбес емес. Пайғамбарымызды өнеге тұту әрбір мұсылман баласының арманы және міндеті. Сол сияқты сахабалардың (Пайғамбарымызбен бірге болған жан жолдастары) өмір жолдары біздерге өнеге. Сахабаларды уағызда айту арабтарды дәріптеу емес. Яһудилер соңғы Пайғамбар келетінін білетін және соңғы Пайғамбарды асыға күтті. Олардың білетін себебі Тауратта, Інжілде соңғы пайғамбардың келетіні туралы айтылған. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Өзінің пайғамбарлығын жариялағанда сонша күткен яһудилер Пайғамбарымызға қарсы шығады. Себебі, олар пайғамбарлықты өздерінің арасынан яғни яһудилердің арасынан шығады деп ойлады. Сол себептен Пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.а.у.) пайғамбарлығын қабыл етпеді. Енді бізде Пайғамбар араб ұлтынан болған үшін өзіміздің асыл дініміз исламға қарсы шығамыз ба? Ал ислам діні келгенге дейін арабтардың жахили өмірлеріне қарап отырып, ислам дінің сондай артта қалған, надан, адамдарды қорқынышты, қорқытып ұстайтын жабайығып көрсету, барып тұрған ислам дініне жағылған қара күйе. Дүние жүзінде болып жатқан, ислам дінін жамылып түрлі жарылыстар, ланкестік әрекеттердің барлығының ислам дініне қатысы жоқ екенің көзі ашық көкірегі ояу әрбір адам біледі. Біз мұсылманбыз дегенде яғни ұлтымыздан бас тарту емес.
Алла адамды жаратқанда ұлт-ұлтқа бөліп жаратқан. Біз қазақ деген ұлтпыз өзіміз қазақ болып туылғанымызға мақтан етеміз. Бірақ қазақ деген дін емес осыны шатастырмайық. Біз қазақтар ислам дінің ұстанамыз. Ал ислам дінін ұстанатындарды мұсылмандар деп айтады. Ертен қайтыс болғанда қабірде "мұсылмансын ба?" деген сұрақ қойылғанда қазақпын деп айтпайсың "Әлхамдуллилә әлимсақтан мұсылманмын" деп айтасын. Сондықтан мұсылманмын дегенде ол жерде арабпын деген ұғым шықпайды.
Кей адамдарда ислам діні әйел затына төмен дәрежеде қарайды, әйел затын қара түнекте, тар қапаста, оқытпайды тек күйеуге шығып, бала туып, күйеуіне қызмет етеді деген теріс көзқарастар айтылады. Ислам діні келгенге дейін әйел затының қандай дәрежеде болғаның тарихты ашып оқыған адам білер еді. Тек түркі елдерінде ғана әйел адамдардың мәртебесі болған. Ал ислам діні келгеннен кейін әйел адамдар өз орындарын тауып, мәртебелері жоғарылады. Оған дәлел Құран кәрім мен хадистерде әйелдердің мәртебесі туралы көп айтылған. Біздің бас ауруымызға айналған көптеген мән-мағынасы жоқ мақалалар жазуға себепші болған орамал (хижаб) туралы айтқанда да салт-дәстүрімізді бір қозғап алып, орамал тағу салтымызда жоқ деп айтып, болмаса мақала жазып жүргендердің қарасы көп, қазір. Біріншіден, орамалға қарсы шығамын деп Алланың парыз еткен үкіміне қарсы шығып жүргенін түсінсе деймін. Екіншіден, ол арабтардың әйелдері ғана тартатын орамал емес. Арабтардың әйелдері ислам діні келгенге дейін бұлайша орамал тартпаған деп ойласаңыз біліңіз, бұл - бүкіл мұсылман әйелдеріне ортақ орамал тарту үлгісі. Алла "Нұр" сүресі 31 аят және "Ағзаб" сүресі 59 аяттарында қыз баласының беті, алақаны, тобықтан төмен басқа жерлері әурет екендігі айтылған. Енді сәл қит етсе орамалға тисетін, ислам дінің қаралап, ислам дінің салт-дәстүрден бөліп алғысы келетіндер, қит етсе салт-дәстүрді алға тартатындарға айтарымыз: Қай ата-бабамыз қыздарына тізеден жоғары белдемше кигізіп, қай ата-бабамыз қыздарының кіндігін көрсетіп, қай ата-бабамыз қыздарының шашын жайып жіберіп көшеде тайрандатып қойған? Екі сөздің бірі қыздарымыз он жақта теңін тапқанға дейін отырған деп айтамыз. Ал қазір жап-жас қыздарымыз жаңағы киімдерді киіп алып, түнгі клубтарда жүреді. Ал осы біздің салтымызда бар ма? Қазір теледидардан қалауым деген қазақтың менталитетіне жат бағдарлама болып жатыр. Барлық қатысып отырған қазақтың қаракөз қыздары. Енді айтындаршы, біздің қай дәстүрімізде бар? Қай қазақтың қыз баласы өзін жарнамалап бай іздеген?
Тікелей эфирде бір-бірін тепкілеп шашын жұлып жатыр. Осы біздің қыздарға жараса ма? Болашақ ана атанатын қыздарымыз осындай болса, ертенгі ұрпақ қандай болмақ? Неге осыларды айтып шырылдамайды. Қай қазақтың қызы өз тәнін саудалап еді, қай қазақтың қызы ақша үшін жалаңаштанып шешініп еді. Айта берсе, қазір қазақ қыздарына тағылатын сың көп. Осының барлығы дәстүрдің діннен ажыратылған сонау кеңес үкіметінің кезінде басталған болатын. Ал оған дейін қазақ даласында мұндай сұмдықтар болмаған. Қазақ халқы «малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы» деген қағиданы берік ұстанған. Қыздың абыройы бір рудың абыройы болған. Бір қыздың абыройы төгілсе, бір рудың ар-ожданы тапталды деген сөз. Сондықтан өлімнен ұят күшті болған. Ал енді тәуелсіздігімізді алып, қолымыз өз ауызымызға жетіп, дін мен дәстүр қайта бір-бірімен сабақтасып, ұрпақ тәрбиесін имандылық жолмен тәрбиелеудің орнына, қайтадан дәстүрді діннен бөле жарып, дінді ескіліктің сарқыншағы деп ұрандап жүрміз. Дін дәстүрдің таразысы. Сондықтан дәстүрді діннен бөле жарып қарауға болмайды.
Зульфухар Түзелбаев
Жамбыл облысы Талас ауданы
Бостандық ауылы «Төртбай ата» мешіті