Мейірімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
Жүрегінде иманы, ар-ұяты бар мұсылман өзге жандарға тілімен де, ісімен де зиян тигізбейді. Бұл дүниеде жасаған жақсы - жаман іс - амалына ақыретте жауап беретіндігінен қорқады, жасаған жақсылығының бақытқа, ал жамандығының зиянға себепкер болатындығын жадында ұстайды. Ғасырлар бойы асыл діннен ауытқымаған бабаларымыз да ихсан ілімін өмірлеріне серік ете білген. «Өлімнен ұят күшті» деп, ұяттың иманнан һәм ихсаннан екенің көрсеткен. Сондықтан басшыға да, қосшығы да керек нәрсе - ихсан ілімі, яғни көркем мінезділік, қарапайымдылық. Ол-адамның ары мен ұятын сақтап, абыройын асқақтата түсетін рухани ілім.
Алла Тағала Құран Кәрімде: «Аллаға құлшылық етіңдер.Оған ешнәрсені ортақ етіп қоспандар. Әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық жасаңдар», - деп бұйырады («Ниса» сүресі, 36-аят). «Ихсан» сөзі шынайылық деген мағынаны білдіреді. «Ихсан» дегеніміз – Алланы көріп тұрғандай қорқынышпен, шынайылықпен, жауапкершілікпен құлшылық ету. «Ихсан» ілімі мұсылман баласын әр істе, әр құлшылықта шынайы болуға тәрбиелейді. Асылында, Алла Тағала барша адамның әр ісін, сөзін, ниетін, тіпті көкейдегі ойын да біледі. Шынайылық болмаған амалда береке болмайды.» - деген болатын.
Ихсан сөздік мағынасында – жақсылық жасау, қайырымдылық ету болса, ал, терминдік мағынада – Аллаға құлшылық етуде оны көрініп тұрғандай сезініп, бар ынта-ықыласпен орындау дегенді білдіреді. Басқаша айтқанда, Алла Тағаланың бір Өзіне құлшылық ету барысында Алла Тағаланы көріп тұрғаныңдай, егер бұлай ету қолыңнан келмесе, Ол сенің не істегеніңнің бәрін түгел көріп тұрғанын есіңе алып, кемел ықыласта болуың.
Байырғы заманнан мұсылмандық жолды ұстанған қазақ халқының діни түсінігіне етене жақын ілім болған. Осы ілімді қалыптастыруға Түркістан діни мектебінің негізін салушы Қожа Ахмет Ясауи бабамыз және оның ізбасарлары ерекше еңбек сіңірген. Ортағасырлық тарихи деректерге сүйенсек, Қожа Ахмет Ясауидің қолөнермен шұғылданған сопы екенін, дүние ісіне көп мән бермейтін тақуа адам болғанын байқаймыз. Бірде ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларымен сұхбаттасып отырғанда бір кісі келіп: «Иман дегеніміз не?» деп сұрайды. Сонда Алла елшісі: «Иман дегеніміз – Аллаға, Оның періштелеріне, пайғамбарларына, Алламен кездесуге, қайтыс болғаннан кейін қайта тірілуге сену» деп жауап береді. Сонда әлгі кісі: «Ислам дегеніміз не?» деп сұрайды. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ислам дегеніміз – Аллаға құлшылық ету, Оған ешнәрсені серік қоспау, намаз оқу, парыз болған зекетті беру, Рамазан айында ораза ұстау және қажылық жасау» деп жауап береді.
Сұрақ қоюшы: «Ихсан дегеніміз не?» деп сұрағанда, әз Пайғамбар: «Сені көріп тұрғандай Аллаға құлшылық етуің. Сен Оны көрмесең де Ол сені көріп тұрады» дейді. Біз осы хадистен «ихсан» ілімінің негізгі мәні Алланы көріп тұрғандай құлшылық ету екенін түсінеміз. Біз Алланы көрмесек те Ол бізді көріп тұрғандай сеніммен құлшылық жасауымыз керек. «Ихсан» ілімі адамды тақуалыққа тәрбиелейтіндігін естен шығармағанымыз абзал!
Ғайырфулла Қуанышбекұлы
Жамбыл ауданының бас имамы
asyldin.kz