Дұғаның әдептері

Дұғаның әдептері

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Аса қамқор, ерекше Алланың атымен бастаймын!

"Дұға" - дегеніміз Аллаға жалбарыну, тілеу, шақыру, сұрау деген сөздерді қамтиды. Алла тағала құранда: "Менің құлдарым сенен Мен туралы сұраса: "Мен оларға өте жақынмын, Менен тілесе жауап беремін. Ендеше, олар да Менің әмірімді қабыл етсін" деген. (Бақара 186 аят)       

Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Әбу Һурайрадан келген хадисте былай деген: "Алланың алдында дұғадан құрметтірек еш нәрсе жоқ" Ахмад. Тирмизи. Аяттар мен хадистер дұғаның ұлы артықшылығы мен қасиетін және дұға-тілектің, ғибадаттың ең маңызды, әрі абзал түрлерінің бірі. Себебі, дұға пендені өзінің Жаратушы Раббысына жақындастырып, байланыстыратын және Аллаға аса мұқтаждығы мен Оның алдында өзінің дәрменсіздігін танытатын құлшылықтың түрі болып есептеледі. Сондай - ақ, Алла тағала Өзіне жалбарунышы әр пендесіне жауап беруді міндетіне алады.     

Дұға - Алланы көркем есімдерімен, сипаттарымен еске алу, әрі Одан қажет сұрайтын тілек болып табылады. Аллаға жалбарынушы адам дұғасының қабыл болуына себепкер болатын кейбір әдептерге тоқтаған жөн. Осы әдептер неғұрлым сақталса, соғұрлым дұғаның қабыл болуына игі ықпал болады. Солардың кейбірі:

1. Дұғаны ықыласпен жасау. Ықылас дегеніміз - Алла Тағалаға серік қоспай, әрі ниетін риядан алыс ұстап, бір ғана Алланың разылығы үшін, Одан ғана сұрау. Дұға құлшылықтың бір түрі дедік. Ал серік қосушылық ғибадаттың қандай да бір түрін Алладан басқаға арнау. Серік қосушылық ауыр, кешірілмейтін күнә болғандықтан, одан барынша сақтану керек. Ал, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі) былай деген: "Егер сұрасаң, Алладан сұра, жәрдем тілесең, Алладан жәрдем тіле". (Тирмизи) 

2. Алланың дұға қылушы пендесіне жауап беретініне күмәнсіз сену. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі) былай деген: "Алланың жауап беретініне (яғни, дұғаны қабыл алатынына) күмәнсіз сеніп, дұға қылыңдар". (Тирмизи)   

3. Дұғаны жүректің қатысуыменен жасау. Яғни, бар ойыңызды, ниетіңізді дұға етуге жұмылдырып, шын жүректен беріліп сұрау. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі) айтқан: "Алланың жауап беретініне кәміл сеніп, дұға қылыңыздар, сондай - ақ Алла - жүрегі өзге нәрсеге алаңдаулы, бейқам, қаперсіз адамға жауап бермейтінін біліңіздер". (Тирмизи)

 4. Аллаға Құран мен Сүннеттен келген дұғаларды қолданып жалбарыну. Құран аяттары - сөздердің ең қадірлісі, құрметтісі, әрі ең дұрысы. Өйткені ол - Алланың сөзі. Ал Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сөзі - Алла Тағаладан келген уахи. Сондықтан оның сөзі қысқа да, нұсқа, әрі мағынасы терең күйде келген.

5. Аллаға үмітпен және қорқумен бойсұнған және жалынышты күйде, дәрменсіздік пен мұқтаждығымызды таныта отырып, дұға қылу.

6. Өзіңнен бастап, кейін басқа мұсылмандарға дұға ету.

7. Дұғаны табанды түрде, жалықпай қайта қайта - қайта сұрау және оны Алла Тағаланың " өзі білсін" дегендей немқұрайдылық танытпау.

8. Дұғаны Алла Тағаланы мадақтап және Оның елшісі Мұхаммедке  (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтып бастау және осылай аяқтау.

9. Жалбарынған кезде құбылаға бет бұру.

10. Дұғаны екі қолды жоғары көтеріп сұрау.

Міне, осы жоғарыда айтылған әдептерді дұға жасауда ұстанатын болсақ, Алла тағала дұғамызды қабыл етеді. Алла тағала баршамызды мейіріміне бөлесін!

Ғани  Танатаров 

Жамбыл ауданы, Бектөбе ауылы

«Бектөбе» мешіті  имамы 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: