Меркі ауданы, Ойтал ауылы, Станция кентіндегі "Жүніс молда" мешітінің жанынан жастарға діни білім беру орталығының іргетасы қаланды.
«Жүніс молда» мешітінің бас имамы Қасымалиев Дастан салынып жатқан медресе туралы былай деді: "Діни ілімді үйрететін «медресе» сөзі араб тілінен тәржімалағанда мектеп деген мағынаны білдіреді. Қазір діни мамандар аз болуы салдарынан сәулеті келіскен ауылдық жерлердегі мешіттер имамсыз бос тұр. Біз осы мәселелердің оңтайлы шешімін табуына себепші болсақ деген мақсатты ұстанудамыз. Медресенің қоғамға берері көп. Басқалардан айрықша білім орталығында тәлім алған бала Жаратушысын танып, иманды да ибалы болып өседі. Мұнда тәрбиеленген жас өскіндер қоғамдағы түрлі жаман әдеттен бойын аулақ ұстауға бейімделеді. Осындай еселі еңбектің арқасында болашақ қоғам жемқорсыз, нашақорсыз, тағы сол сияқты індеттен ада қоғам құрамыз деген ниеттеміз. Бұл тек медресенің қоғамға берер пайдасының бір парасы".
Медресе – діни ағартушылық ордасы. Жалпы медресе жайлы айтар болсақ, қолға алып жатқан медреседе бір уақытта елуден астам шәкірт білім ала алады. Дін орталығында сауатты ислами ілім аламын деушілерге қойылатын өзіндік талаптары болады.
Дәріс беретін ұстаздар Орта Азияға аты мәлім “Нұр-Мүбарак” Египет ислам мәдениеті университетін бітірген жоғары білімді мамандар болады. Алғашында тек Құран жаттаумен айналысып, кейін ислам негіздерін қосуды жоспарлануда. Айта кетейік, Қазақстандағы тағы бір түйткілді мәселенің бірі – Құранды толық жаттаған қарилардың аз болуы. Бұл жыл сайын Рамазан айында тарауық намазын өткізу үшін сырттан қари алдыруға мәжбүр етеді. Көршілес мұсылман елдерде бізге қарағанда қарилар саны өте көп. Сол себепті кей өңірлер қырғыз ағайындар мен өзбек, тәжік елінен де қари алдыртып жатады. Медресе құрылысы аяқталып, ауданнан Құран жаттаған қарилар шығып, алдымызда намазда тұрса одан асқан бақыт жоқ шығар. Алла сол күнге жеткізсін!
Медресе 2 қабаттан тұрады, бірінші қабатында қабылдау бөлімі, директор бөлмесі, ұстаздар кеңсесі, компьютер сыныбы, кітапхана және акт залы орналасады. Ал екінші қабатында 50 бала білім алатын сыныптар мен жатақхана орналасады.
"Қолымыздан келгенше, сауапты істен құр қалмауды жан-жақты насихаттап жүрміз. Бүгінде жамағат айтқан уағызды ұйып тыңдайды. Соның арқасында медресе құрылысына деген қаражат мәселесі жалпы халықтың демеушілігімен болып жатыр. Әуелі Аллаға мың да бір шүкірлік етіп, сосын осындай игі бастаманы қолдап барынша атсалысып жатқандарға алғыс айтамыз" - дейді имам.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі



06 Қараша 2025
15 Джумада-авваль 1447

