Жамбыл облысының Меркі ауданына қарасты Ақжол ауылында жаңа мешіт ашылып, еліміздегі құлшылық ордаларының қатары тағы бір ғимаратпен толықты.
Жаңа мешіттің ашылу салтанатына Меркі ауданының бас имамы Қанат Талғатұлы, сондай-ақ Меркі ауданының әкімі орынбасары Берік Дүйсенбайұлы мен өңірге белгілі ақсақалдар, жамағат қатысты.
Бас имам Қанат Талғатұлы: «Ақжол ауылында бүгін үлкен қуаныш, жаңа мешіт ел игілігіне беріліп отыр. Мешітіміз жамағатқа толы болсын. Құлшылық ордасын салған азаматтарға Алла Тағала разы болсын. Бұл – аса зор сауапты іс» дей келе, жиналған халықты мешіт ашылуымен құттықтады.
Салтанатты шарада Құран оқылып, еліміздің амандығын тілеп, дұға жасалды. Сонымен қатар ауыл тұрғындары өздерінің ізгі тілектерін білдіп, осы істің басы қасында жүрген ұйымдастырушыға ат мінгізіп, мешіт салған кәсіпкерлерге жамағат алғыстарын білдірді.
Ақжол ауылында ашылған бұл мешітте жамағаттың құлшылық жасауына барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Ақжол ауылы Меркі ауданының ең шеткі нүктесі болуымен ерекшеленетінін атай кеткен жөн.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі



06 Қараша 2025
15 Джумада-авваль 1447

