Омар ибн Хаттабтан (р.а.) жеткізілген:
«Бірде Пайғамбарымызбен (ﷺ) бірге отырғанымызда үстінде аппақ киімі бар, шашы қарғаның қанатындай қап-қара бір жолаушы кіріп келді. Ол Пайғамбарымыздың (ﷺ) алдына келіп жайғасқанда екеуінің тізелері түйісіп тұр еді. Әлгі адам қолдарын тізесіне қойып: «Уа, Мұхаммед, маған Ислам жөнінде айтып берші», - деді. Алла Елшісі (ﷺ): «Исламның мәнісі – Алладан басқа құдайдың жоқтығына және Мұхаммед Оның Елшісі екендігіне куәлік беруде, намаз оқуда, зекет төлеуде, Рамазан айында ораза ұстауда және жағдайың болса қажыға баруда», - деп жауап берді. Ал әлгі адам болса: «Сен шындықты айттың», - деді, ал біз болсақ бұл адамның Пайғамбарымызға (ﷺ) сұрақтар ғана қойғанына емес, сонымен қатар, оның (ﷺ) айтқан сөздерінің шындығын растап отырғанына да таңғалдық.
Содан кейін ол: «Ал енді маған Иман жөнінде айтып берші», - деді. Алла Елшісі (ﷺ): «Иманның мәнісі – Аллаға, Оның періштелеріне, Оның Кітаптарына, Оның елшілеріне және Қиямет күніне, сондай-ақ, жақсы мен жаманның Алладан екендігіне иман келтіруде», — деп жауап берді. Әлгі дам тағы да: «Сен шындықты айттың», - деді. Сәлден кейін ол: «Енді маған Ихсан жөнінде айтып берші», - деді. Алла Елшісі (ﷺ): «Ихсанның мәнісі – Алланы көріп тұрғандай құлшылық жасау, сен Оны көрмесең де, ақиқатында, Ол сені көріп тұрғанын есіңнен шығармай құлшылық етуде», - деп жауап берді.
- Енді маған Қиямет күні туралы айтып берші.
– Бұл жөнінде сұралушы сұраушыдан артық білмейді.
– Онда маған оның белгілерін айтып берші.
- Күң өзінің қожайынын туады, жалаң аяқ, жалаңаш қой бағушылар зәулім үй салуда бір-бірінен асып түсуге тырысатын болады. Осыдан кейін әлгі адам орнынан тұрып, кетіп қалды. Біраз уақыт өткен соң Алла Елшісі (ﷺ): «Әй, Омар, сұрақтарды қоюшының кім екені саған белгілі ме?» - деп сұрады. Мен: «Алла мен Оның Елшісі жақсы біледі», - дедім. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ) былай деп жауап берді: «Асылында, бұл сендерге дін үйретуге келген Жәбірейіл (ғ.с.) еді».
asyldin.kz