Пайғамбарымыз (ﷺ) араққа байланысты он кісіге лағынет айтқан: «Арақты сығушы, сығуға тапсырыс беруші, ішуші, тасушы, алдыртушы, құюшы, сатушы, арақтан түскен пайданы жеуші, арақты сатып алушы және сатып алдырушы». Кез келген адамның ақылдан айырып, мас ететін ішімдік арақ болып табылады. Мұндай ішімдіктің бір жұтымы да – харам. Хадистерде: «Әрбір мас етуші (ішімдік) – арақ, барлық арақ түрі – харам» және «Көп мөлшері мас еткен ішімдіктің аз мөлшері де – харам», – деп баяндалған. Ендеше, мұсылман баласы арақ-шарап қойылған жерде отырмауы тиіс. Омар (р.а.): «Мен Алла Елшісінің (ﷺ): «Кім Аллаға және Қиямет күніне иман келтірсе, арақ қойылған дастарқанға отырмасын» деген сөзін естіп едім», – дейді. Сали бин Абдулла (р.а.) риуаяты: «Пайғамбарымыз (ﷺ) дүние салғанан кейін Әбу Бәкір, Омар (р.а.) және бір топ адамдар отырып ең үлкен күнә жайлы әңгіме қозғайды. Олар ортақ ойға келмеген соң, Абдулла бин Амрден сұратты. Ол: «Ең үлкен күнә арақ ішу», – деді. Өйткені Пайғамбарымыз (ﷺ): «Бәну Исраил патшаларының бірі бір адамға жаза ретінде: арақ ішуді, өлім жазасын, зина жасауды немесе доңыз етін жеуді таңдауға бұйырады. Бас тартса, өлім күтіп тұр. Ол арақ ішуді таңдап, ақыры арақ барлық қылмысты істеуге итермелеген».
Негізі, арақ – адамға ең ауыр соққы беретін дерт. Елімізге осы арамнан түскен пайданың жақсылығы болмасы хақ. Өйткені, арақ кесірінен болған кісі өлімі, жол және өндірістік апат шығынын ешбір қаражат қайта қалпына келтіре алмайды. Оны жай қарапайым адамнан бастап ең білікті экономист те растайтын болар. Қоғам бұл қасіреттен айығу үшін барлық күрес тәсілін қолдану қажет. Біз дін қызметкері ретінде ішімдіктің залалды зардаптарын сізге жеткіздік. Сіз де бұл күреске өз үлесіңізді қосыңыз.
asyldin.kz