Бүкіл әлемдердің Раббысы болған Аллаға сансыз мадақтар болсын! Соңғы пайғамбар Мұхаммедке Алланың игілігі мен сәлемі болсын!
Алла тағала: "Құран оқылғанда оған құлақ салыңдар, әрі тыныштық сақтаңдар. Рақымдылыққа бөленесіңдер" десе, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп, оны үйреткендерің» деп өсиет қалдырған. Құранды жақсылап оқыған, әріптерін дұрыс оқуға машықтанған әрі амал етуге тырысқан мұсылман Құранды жазуға тағайындалған мәртебелі періштелермен бірге болатынын Айша (р.а.) анамыздан келген риуаяттан көреміз: «Құранды шебер оқуға машықтанған жан Құранды жазуға тағайындалған мәртебелі періштелермен бірге болады. Ал Құранды оқығанда кекештеніп қиналса, екі сауап алады», – деген.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кеудесінде Құраннан еш нәрсе болмаған адам қаңырап тұрған үйге ұқсайды», – деген. Ибн Масғуд (р.а.): «Құран жаттаған адам ел ұйықтап жатқандағы түннің қадірін білсін, Адамдардың аузы ашық кездегі күндіздің қадірін оразамен өткізсін, адамдар қуанышпен жүргенде қайғыны да естен шығармасын, көп күлкінің артынан жылаудың да келетінін білсін, тәкаппарлықты кішіпейілділікпен бассын», «Құран жаттаған адам қуаныштың артынан қайғының, қаттылықтың артынан жұмсақтықтың, мазасыздықтың артынан тыныштықтың, қатыгездіктің артынан мейірімділіктің барын білсін», – деген.
Ибн Масғуд (р.а.): «Кімде-кім Құранды күндіз хатым етіп оқыса, сол күні періштелер кешке дейін оған салауат айтып тұрады. Ал енді кім Құранды түнде хатым етіп оқып шықса, таң атқанша періштелер оған Алладан жарылқау тілеп шығады», – деген.
Құран – адамзатты шексіз бақытқа жетелейтін, тура жол көрсететін, қияметке дейін өзгермейтін мәңгі мұғжиза. Құран-соңғы пайғамбарлықтың дәлелі, ханиф (тура) діннің үні әрі Ислам шариғатының ата заңы. Құран оқыған адамның бүкіл болмысымен өзгергенін байқайсың. Ішкі дүниесіне үңіліп қарасаң оның рухани тазарғанын, жүріс-тұрысының өзгергенін көресің. Құранға деген махаббат оны оқуға байланысты.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабаларының бірі Узайр бин Ғусайд Құранды ұнамды, жақсы бір мақаммен оқитын еді. Алланың елшісі (с.ғ.с.) ол кісіні: «Мына Ғусайд Құранды қандай жақсы оқиды», – деп мақтады. Ғусайд өзінің естелігінде: «Бір күні түнде «Бақара» сүресін оқып отырғанымда, атым жанымда байлаулы тұрған еді. Құранның даусын естіп атым оқырынып жер тарпи бастады.
Оқығанынымды тоқтата қойдым. Атым да тынышталды. Қайта оқи бастап едім, атым орнынан тарпи бастады. Үшінші мәрте оқи бастағанымда, атым тағы да мазасыздана бастады. Ұлым Яхия аттың жанында ұйықтап жатқан, басып кетпесін деп баламды алып кейін жатқызып қойдым. Басымды көтеріп аспанға қарағанымда ақ бұлттың көлеңкесіне ұқсайтын бір тұманның ішінде шырақ сияқты көптеген нәрселердің жарқырап тұрғанын көрдім. Ақ бұлт жарқыраған күйінде көкке көтеріліп көрінбей кетті. Таңертең Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) айтқанымда: «Ей, Ғұсайд, оқы. Ей, Ғұсайд, оқы», – деген сөзінен Құранды оқу керек екенін білдім. «Иә, Расулалла! Яхия ұлым аттың аяғының астына жақын жатқандықтан басып кетеме деп қорқып Құран оқығанымды тоқтатып едім», – дегенімде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ей, Ғұсайд! Сенің көргенің періштелер болатын. Оқыған Құраныңды естіп келді. Сол қалпы оқи бергеніңде, таңға дейін тыңдайтын еді. Көпшілік көзінен жасырынбайтын еді», – деді. Қасиетті кітапты оқу – ең ұлы ғибадаттардың бірі және Аллаға жақындататын төте жол. Әбу Умама риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құран оқыңдар! Ол қиямет күні иесіне шапағат етеді», – деп басқа пайғамбарларға берілмеген шапағатты Құран иеленетінін білдірген.
Алла тағала:«Расында, сендерге Алла тарапынан нұр және ашық кітап келді. Сол арқылы Алла тағала Өзінің разылығына ілескендерді амандық жолдарына салады және Өз нұсқауымен оларды қараңғылықтан нұрға шығарады әрі тура жолға салады» Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Құран аяттарын көп жаттаған адамның жұмақта дәрежесінің аса жоғары болатындығын Абдулла ибн Амр аль - Ась риуаят еткен хадиске айтқан: «Құран иесіне (Құран оқып жаттаған адам) былай делінеді: Оқы және жоғарыла (төрлет), оқы, дүниеде қалай оқыған болсаң дәл солай оқы. Расында, сенің орның ең ақырғы оқылатын аятта» Құранның бір кереметі сол – адам өміріне керектінің барлығын осы кітаптан табады.
Құранда Адам атадан бастап келе жатқан адамзат тарихы, олардың әлеуметтік жағдайларын, өз ара қарым-қатынасымен табиғаттың үйлесімділігі барлығы дерлік қамтылған. Жаратылыстың дүниеге келгенге дейінгі, дүниеге келгеннен кейін, оның тұрмыс-тіршілігі және ақыретке барғанда оқыған Құран өзіне де, өзгеге де сауабы тоқтаусыз барып тұратын жағдайын суреттеген. Демек ислам жолымен жүрудің ең дұрыс бағыты Құран сөзіне құрмет көрсету, жаттап алу болып табылады.
Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Алланың пендесіне рақымы мол, Сен де өзіңдей адамға мейірімді бол. Ол жаратты, Сен-дағы жаратып бақ, Бардан барды шығарсаң болады сол. Керексіз қылмайды иең дағы, Мен де сүйтем деп қана сен де тағы.
Бір Құдайың сабырлы, сенде шыда, бәрі осындай ойлансаң артқы жағы. Мұны білсең, боласың сүйікті құл, Құлы болсаң қожаңның сүйгенін қыл. Шын мұсылман болайын деп ойласаң, Құдайға құл болудың мәнісін біл», – деп жырлаған Пайғамбарлардың тарихындағы биік таулардың ішінен үңгіп сарайлар салған үмбет бүгіндері қайда?
Әлемнің жеті кереметіне енген ғажайып дүниелер сол заманның адам нанғысыз туындысы емес пе? Алланың берген ұлық нығметін көтере алмай талай үммет қатты азапқа ұшырады. Құранда: «Көптеген қалаларды, халқы залым болғандықтан ойрандап жібердік. Міне, бұлардың астан-кестеңі шығып жатыр және иен қалған құдықтар мен (қаңыраған) сарайлар жатыр» дейді. Жаратушы хақты танымай өздерін тәңірі деп көкірек керген талай патшалар мал-дүниесімен қош айтысты.
Шал ақын жырлағандай:
«Жігіттер, жалған дүние бізден қалар,
Бір күні ажал келіп жаныңды алар,
Жан шығып, дүниеден көшкеннен соң,
Мал-мүлкің, қатын-балаң бәрі қалар», – деп, ақыретті естен шығармауды айтып отыр. Сөз соңында айтарымыз, Алла тағала қыбламыз бір, кітабымыз бір, намазымыз бір деген үмметті Ислам туының астына біріктіріп, басқа ұлттар және діндегілермен жақсы мәмледе болуға шақырады. Ел аман, жұрт тыныш болсын!
Ғани ЖАНҰЗАҚҰЛЫ
Жамбыл ауданы, Бектөбе ауылы
"Бектөбе " мешіт имамы