Ихсан ілімі: Даналық ойдан дән ізде

Ихсан ілімі: Даналық ойдан дән ізде

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мейірімді, Рахымды Алланың атымен бастаймын!

Көкірек көзі ашық, қазақ бауырларым! Қазақылықтан танбай, ата-анамызды қадірлей білейік. Қазақта "Сиырға түскен күн, бұзауға да түседі" дейді. Еш болмағанда ертеңімізді ойлайық. Әр қазақтың баласы ата-анасынан безінетін болса, келешегіміз бұлыңғыр болмақ. Үлгілі отбасылардың өнегесін алып, өсіп-өнген ел мақтанар, қызыға қарар әулет болуға талпынайық.

Ортамызда жүрген қарияларымыздың бір кезде елі, халқы, келешек ұрпағы үшін жасаған игі істері ерекше орын алады.

Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, еліміздің бейбітшілік тыныш өмір кешуіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыздың арқасы деп есептейміз. Міне, енді қарттар күні саналы ғұмырларын Отан деп, тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан алдыңғы буын ата- әжелеріміздің төл мерекесі. Олардың өмір жолдары бүгінгі ұрпаққа табылмас қазына.

Қарттарды құрметтемейтін, олардың алдындағы перзенттік парызын үлкен ынтамен орындамайтын, әдептілік, кішіпейілділік, сергек сезімталдық көрсетпейтін, бұл қасиеттер қанына сіңіп, жүрегіне ұяламаған ұрпақтан не опа, не қайыр?! Адамның өмірінің мәні мен  сұлулығы, адамның келешегіне сенімділігі – баланың ата-анасын ардақ тұтып, өзінің перзенттік қарызын бір сәтке де есінен шығармауында. Үлкендіктен ешкім құтыла алмаған. Бірақ кәріліктің өзінің сәні – мәні бар.

Қарт кісіні құт-береке деп танысақ, ол ұрпақ көрегендігі. Ұрпағы құрметтеген ата-ана әр кезде де бақытты. Ата - ардақты тұлға. Иә, «Әкеден ұл тусайшы, ата жолын қусайшы» деп халық ұрпаққа атаның мұрасын жалғастыруды уағыздайды. Ата ұрпағының қайырымды, мейірімді, ақылды, іскер болуын тілеп, сол үшін қамқорлық іс-әрекеттерін басы жерге жеткенше дамыта береді, өнеге көрсетеді, өсиет айтады.

Әже - ақ сүт берген аналардың анасы. Әже әрқашан да балалық бал дәреннің басықасында болып, асыраушы, аялаушы, тәрбиелеуші басты кісі. Өмір өрнектеріне, тіршілікке көбірек араласқан ана перзентін көбінесе әженің қарауында қалдырады. «Жан жүрегім, жарығым» деп әже немересін, шөбересін жүрегіне теңейді. Жан жүрегін салып нәрестені, бүлдіршін жасөспірімді тәрбиелейді. 

Даналықтың алтын кілті - ата-бабаларымыз. Ата жолын жалғап келе жатқан бүгінгі күнгі ақсақал аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз. Ата-әжелеріміз туралы жүрек жарды ойыммен бөліскім келіп отыр.

Қария деген сөз елдің басы болу, ақылын айтар дана болу, ел төрінде құрметке бөлену.

Қазақтың әр отбасында арқа тұтар ата-әжелері бар. Олардың әрбір айтқан гауһар тасқа бергісіз ақылдары жас ұрпақтың өсіп-өркендеуіне өте мол үлесін тигізеді.

Ата-әжесі бар үйдің балалары да өзгеден ерек, ортасындағы ерекшелігі қариялардың ыстық алақанынан дәм татып, жауһар сөздерін саналарына сіңіріп өскендігі білінеді. Ата дәстүр салтымыздан таймай, ескі ғұрыптармен немерелерін нағыз қазақтың салтын сақтар бабалардың жолыменен жүретін өр рухты қазақты тәрбиелеп өсіреді. Сондықтан да болар, қарты бар үйден қазақылықтың иісі ұрып тұрады.

Ескінің көзін көрген аталарымыз мамандық алмаса да, өмірден көркен-білгенімен дәрігер де, мұғалім де, емші де. Әжемнің айтқан ақылдарына мән беріп қарасаң, айтқанын орындасаң байқайсың, дәлелденген дәрігерлік нұсқаулармен пара-пар. Әженің ақылымен-ақ емделіп құлан таза айығуғада болады. Кейбір насихат әңгімелерін жер жүзін жеті рет айналып шықсаң да кезіктіре алмайсың.

Қазіргі заманды техниканың заманы, ақпараттың заманы, даму, өркендеу деп жатамыз. Осы біз, күн өткен сайын білімдіміз, мықтымыз деп алып, қорғансыз қалған шағында қарияларымызды қарттар үйіне алып барып тоғыта саламыз. Қане, біздің қазақылық, білімділік, ақша, мансап, байлық. Оның бірінің болганынан не пайда, иненің жасуындай жүрегінде мейірімі болмаса. Ата-анасымен бірге ойнап-күліп бір дасархан басында емін-еркін әңгіме дүкен құрып, ақылын тыңдамағаннан соң несі байлық.

Қарты бар үй қазыналы үй деп халқымыз бекер айтпаған. Бар өмірін балаларына арнап солардың болашағы үшін еңбек еткен әр ата-ананың еңбегі ұшан теңіз өз балаларын жеткізіп қана қоймай «Балам балым-баламның баласы жаным»-деп немере үшінде жанын салып жүретін сол ата- әжелер.

«Бала» деп бар өмірін сарп еткен ата-ананы қадірлеп, құрметтеу қартайғанда аялы алақанда ұстау әр шаңырақтың перзенттік парызы.

Ата-анаңды құрметтесең, сен де сондай игілік көресің. Ендеше қарияларымызды әрқашан қадір тұтатын ардақтайық ағайын.

 «Жас күнімде бейнет бер, қартайғанда дәулет бер»,- деп елдің іргесі сөгілмеуін амандығын шаңырағының шаттығын, ел бірлігін тілеген дана ғой. Қарияларымыз аман болсын! Жүздеріңізден күлкі кетпесін мерекелеріңіз құтты болсын!

 Үміткүл  МУСАЛИЕВА

Жамбыл ауданы «Бәйдібек» мешіті

«Әжелер алқасының» төрайымы 

asyldin.kz

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: