Алла Тағалаға шүкір етудің ең жақсы 3 амалы

Алла Тағалаға шүкір етудің ең жақсы 3 амалы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Әрбір деміміз үшін, әрбір атқан таңымыз, жаңа күніміз үшін, туған-туыс, жақын-таныстарымыз, дос-жарандарымыз үшін – бізге нәсіп етілген әрбір нығмет үшін біз Алла Тағалаға борыштымыз. Алла Тағала Өзінің шексіз Мейірімі мен Қамқорлығымен бізге сарқылмас байлық пен қабілет нәсіп еткен. Қасиетті Құранда былай айтылған: «(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: “Ол сондай Алла, сендер үшін есту, көру және сезуді жаратқан. Сонда да аз шүкір етесіңдер” де!» (67:23).

«...Егер Алланың нығметін санасаңдар, санына жете алмайсыңдар. Расында адам баласы өте ынсапсыз, аса шүкірсіз» (14:34). Өз бойында бар күллі нығмет пен қасиеттің бәрін адам баласы өзінен-өзі болып тұратын нәрсеге санап, Алла Тағалаға лайықты түрде шүкір айтуға қабілетті емес. Тек Алла Тағала ғана мақтау мен шүкір етудің ең жоғары деңгейіне лайықты, Оның мейірімінсіз біз екі дүниеде де бақытсыз болып, сәтсіздікке ұшырар едік. Сол себепті Аллаға шүкір ету адам жүрегіндегі иманның аса маңызды бір бөлігі. Күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, Алла Тағалаға қалай лайықты түрде шүкір айту керек? Төменде Алла Тағалаға шүкір етудің ең жақсы 3 амалын келтіреміз:

1. Алланы еске алу. Бұл баянсыз фәни дүниенің жетегінде жүрсек те өз өмірімізге көз жүгіртіп, саралап отыруға күнделікті уақыт тапқанымыз жөн.

Жан-дүниемізді Аллаға деген разышылыққа толтырып, соны сөзбен жеткізе білгеніміз абзал. Шүкір етудің ең жақсы дұғасы – «Әлхәмдулиллә», өзі сондай қысқа, бірқ амалдар таразысында құнды әрі ауыр болып келетін осы сөз адамның Аллаға деген сүйіспеншілігін нығайтып, оны анағұрлым бойұсынғыш жасайды.

2. Жақсы амал. Алла Тағалаға шүкір етудің көркемі – іс-әрекет, амалмен көрсетілетін ризашылық. Мүмін Аллаға шексіз ризашылық сезінгенде, ол Алла Тағала тыйым салғанан тыйылып, тек Аланың бұйырғандарын көркем түрде жасауға құлшынады әрі құлшылықты жігерлене отырып жасайды. Жақсы амалдардың ішінде ерекше орын алатын садақаны жиі жасайды. Садақа – Алла Тағаланың өзге жаратқандарына қатысты кез-келген көмек, әрекет. Садақа тек материалды түрде ғана берілмейді, сондай-ақ, күлімсіреу, біреуге оң, дұрыс кеңес беру және т.б. садақа болып табылады. Алла Елшісінің (ﷺ) хадисінде былай айтылған: «Күнде адамдарға әрбір буыны үшін садақа беруі керек. Егер екі адамға әділ түрде билік айтсаң – бұл садақа, адамның жануардың үстіне мінуіне немесе әлдебір жүктерді түсіруіне көмектессең – бұл садақа, жақсы сөз – садақа, намазға бара жатқан әрбір қадамың – садақа, жолдың үстінде жатқан қоқысты алып тастауың да садақа» (Бұхари, Мүслим).

3. Адамдарға ризашылық таныту.

Біздің сүйікті Пайғамбарымыздың (ﷺ) хадистерінің бірінде адамдарға разы бола алмайтын жан, Аллаға да разы бола алмайды делінген. Адамдарға деген ризашылық не? Адамдарға түсіністікпен қарау, олардың бойынан тек жақсы қасиеттерді ғана көре білу, кемшіліктерін жасыру – болмысынан қандай болса сол күйінде қабылдау. Біз пендеміз, Алланың жаратқан пендесіне қателесу де кемшілік те тән болғандықтан, өзге адамдарды да өзіміздей көре білуіміз – біздің оларға деген ризашылығымыздан. Өзгелерді өзіндей көрген адам ғана Алланың жаратылғандарына разышылық танытып, өз өмір жолында кездескен әрбір жан үшін Алла Тағалаға шексіз шүкір ете алады.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: