Айлардың төресi, күллi мұсылман баласы үшiн қасиеттi Рамазан айымен қимай қоштасатын күн де келді. Шілденің шіліңгір ыстығына сабыр ете жүріп, міне, Оразаның айтына да келіп жеттік. Үш күн тойланатын Айт мерекесі алдымен 28-шілде Тараз қаласы бойынша мешіттерде таңғы сағат 07.00-де күні айт намазын оқумен басталады. Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз өсиетінде: «Айт күні бірінші орындайтынымыз - намаз оқу», - деген екен. Бұл намаз исламның ұраны болғандықтан, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өмірінде оны бір рет те қалдырмай оқыған. Айтта мұсылмандардың бір-бірімен татулықтарын арттыруы - мерекенің негізгі сәні. Осы мақсатта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бір-біріңе сыйлық беріп, татуласыңдар... Бір-біріңе берген сыйлықтарың - араларыңдағы өшпенділікті жояды», - деп өсиет еткен. Бұл мереке сонау сахабалар дәуірінен бері ерекше аталып келеді. Мұсылман жұртшылығы бұл мереке қарсаңында оразаның біткеніне емес, мұсылмандық бес парыздың бірін аман-есен атқарғанына қуанады.
Отыз күндік оразаның соңын ала Айт мерекесінің келуінің астарында да хикмет жоқ емес. Абдулла ибн Масұдтан (р.а.) жеткен хадисте: «Мүмін пенделер Рамазан айының оразасын толық ұстап, айт күні намазға бет алғанда, Алла Тағала періштелерге: «Ей, періштелерім, адамзат бейнет атқарса, ақысын талап етеді. Пенделерім Мен парыз еткен оразаны атқарып, ақысын алуға мешітке бет алды. Олар Мен үшін ораза ұстады, Менің пәрменіммен ауыз ашты, енді қуанышқа кенелсін. Сендер куә болыңдар, оларды жарылқадым», - делінген. Бір жағынан айт мерекесі оразадан кейінгі Алла Тағаланың құлдарына берген дүниедегі сыйлығы болса, ал екінші жағынан нағыз қуаныш пен ұлы мереке ақыретте екенін еске салуда.
Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірде «Уа, Әбу Бәкір, әр қауымның өз мерекесі бар, біздің мейрамымыз осы» деп, ораза айттың мұсылмандар үшін ерекше мереке екенін білдірген (Фәтхул-бари, 949).
Айт күні ғұсыл құйыну, айт намазына барарда үйден бір нәрсе жеп шығу, әдемі иіс себіну, барған жолымен емес қайтарда басқа жолмен қайту, жоқ-жітікке садақа үлестіру – сүннет істерге жатады.
Жабирдың айтуынша, Расулаллаһ мешіттен барған жолмен емес, басқа жолмен қайтатын (Субулус-сәлам, 2/488).
Ал Әнастың (р.а.) риуаятында «Пайғамбарымыз ораза айт намазына үйінен құрма жеп шығатын» делінген (Насбур-рая, 2/208).
Ораза айты адамдарды бауырмалдылық пен кішіпейілділікке, кешірімділік пен сүйіспеншілікке шақырады. Мұсылмандар бұл күні сүннет бойынша мерекелік көңіл-күймен мешітке жиналып айт намазын оқып, одан кейін бір-бірінің үйлеріне айттап барып мерекелерімен құттықтайды. Бірін-бір құттықтағанда сахабаларымыз «Алла баршамыздың күнәларымызды кешірсін» деп дұға еткен. Солар секілді біздің де өзара дұға тілеп, Алладан көбірек кешірім сұрағанымыз абзал. Мерекеде ренжісіп қалған кісілер татуласып, әр үйде сәні мен салтанаты ерекше мерекелік дастархан жайылады. Қарияларға сәлем беріп батасын алу, сырқат кісілерді зиярат етіп көңілін сұрау да мереке қуанышына қуаныш қосады.
Күндіз осылайша Айт мерекесін атап өткен мұсылмандар кешке қарай да қарап отырмаған. Дініміз бойынша айт түндерін құлшылықпен өткізу мұстахаб амал. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде «Кімде-кім ораза айтының түні мен құрбан айтының түнін құлшылықпен өткізсе, барша адамдардың жүректері өлетін күн келгенде, ол адамның жүрегі өлмейді» деген (Фәтхул-қадир, 1/423).
Рамазан айында мұсылмандардың құлшылыққа ерекше ден қоятыны белгілі. Отыз күндік оразадан бөлек күнделікті тарауих намазы мен Құран хатымдары, ауызашарлардағы айтылған уағыз-насихаттар қасиетті айдың мәнін айшықтай түседі. Сол рамазан айында оқыған намазымыз бен Құранымызды ораза бітісімен тастап кету тіптен жөн емес. Адам баласы Алла тағалаға құлшылық жасау үшін жаратылғандықтан, аталмыш ғибадаттарымызды бұдан былай да әдетке айналдырып, келер оразаға дейін үзбей орындай алсақ, рамазан айының біздің иманымыздың өсуіне сеп болғаны. Отыз күндік оразамыздың Алла тағаланың алдында айтарлықтай мәнге ие болғаны. Өйткені Жаратушы иеміз аз да болса тұрақты істелген амалдарды ұнатады.
Айт мерекесінің келуі қасиетті рамазан айының аяқталғанын білдіреді. Айт мерекесі келгенде біз он екі айдың ішіндегі ең қасиетті аймен бір жылға, мүмкін өмірлік қоштасарымызды ескеруіміз керек.
Шариғатқа сәйкес, айттарда көңіл-күйдің көтеріңкі, қуанышты болуы, жүзінен нұрлы шырай таралуы - Алланың рахметі, Пайғамбардың (с.ғ.с.) шапағаты, жәннат және нығметтеріне үміт арту белгісі саналады. Сондықтан, мереке күндері мұсылман бауырларымызға мейіріммен қарап, ауру-сырқаулардың көңілін сұрау, кембағалдарға қарайласып, қуандыру - ең сауапты да абзал іс.
Ендеше қасиетті Рамазан айынан кейін келген Мүбәрак Ораза айт мерекесі баршамыз үшін құтты болсын! Еліміз бейбітшілік пен татулықтың құшағында гүлдене өркендеп, Алла асыл дінімізге қуат беріп, дара діліміз бен туған тіліміздің мәртебесін арттыра түссін!
ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілі,
облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің Бас имамы,
Жұмабаев Данияр қары Әлимұхамедұлы