Халықтың өмір сүру деңгейінің жақсаруына қарамастан, біздің қоғамда қамқорлыққа зәру, баса көңіл аударуды қажет ететін азаматтар бар. Әлеуметтік осал топтардың қатарында өзін қамтамасыз ете алмайтын мүгедектер, көп балалы аналар, әлеуметтік аз қамтылған азаматтар, жалғызбасты еңбекке жарамсыз азаматтар мен жетім және мүмкіндігі шектеулі балалар бар. Қоғамның осындай мүшелеріне көмек қолын созуда Тараз қаласындағы облыстық орталық мешітте бірнеше іс-шаралар атқарылып жатыр.
Жыл сайынғы дәстүрге сай биылғы жылы да облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешіті Тараз қаласындағы көмекке мұқтаж адамдарға көмек қолын созып, қайырымдылық жасады.
Бұл жолы қайырымдылық көрсетілген отбасы саны әдеттегіден көп болды. Орталық мешіттің ұйымдастыруымен биыл 55 отбасыға 10 мың теңгеден қаржылай қолдау жасалды және азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Қайырымдылық көрсету негізгі 3 категория бойынша жүргізілді: бірінші: мүгедектер; екінші: көп балалы мұқтаж адамдар; үшінші: отбасы жағдайы төмен, мұқтаж адамдар. Қасиетті Рамазан айында өздеріне жасалған қайырымдылыққа дән риза болған отбасылар облысымыздың бас имамы Данияр қажы Алимұхамедұлына және мешіт қазметкерлеріне зор алғыстарын жеткізді.
Көмек көрсетілген 55 отбасының мүшелері Рамазан айында ораза тұтқан мұсылман жамағатының құрметіне ұйымдастырылған ауызашарға да қатысып, дастарханнан дәм татты.
Пайғамбарымыздың бір хадисінде: «Садақа беріп, жақсылық жасау – жамандықты қайтарып, өмірді ұзартады» деген. Бабабаларымыздың «Сауыңда садақа бер» дегені де бекер айтылмағаны анық. Ал, мұндай мейірімділік шаралары орталық «Һибатулла Тарази» мешітінде дәстүрге айналғаны бәрімізді қуантады.
Лаура Алмаханова,
«Һибатулла Тарази» мешіті.
Тараз қаласы.