Бізге мәлім, тарихымызда қасиетті Мекке шаһарына жаяу қажылық сапарына шыққан бабаларымыз болған. Текті атаның ұрпағы бүгінгі жаһандану заманында, ғылым мен техниканың қарыштап дамыған дәуірінде де баба ізінен жаңылмапты. Елорда тұрғыны Дулат Иманқажы баба дәстүрін жаңғыртып, бүгін «Нұр Астана» орталық мешіті алаңынан жеті мың шақырым қашықтықтағы қасиетті Меккеге аттанды.
Ердің жасы елуге таяған Дулат мамандығы қаржыгер болғанымен спорт саласынан да қара жаяу емес. Соңғы төрт жылдан бері елордамыздың №56 мектеп-лицейінде шаңғы үйірмесінің бапкері әрі №10 қалалық емхананың қызметкері. Жаяулатып талай асудан асатын Дулат бұған дейін Алматы қаласынан Бақанасқа дейін марафон жасаған. Бұл жеңісін көрнекті қоғам қайраткері, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамет Қонаевтың тоқсан бес жылдыған арнапты.
Бүгінгі бел байлап отырған алыс сапарға шығуына түрткі болған жайды Дулат Иманқажы былай түсіндірді. «Туған жерім Семей өңірінде болған бір басқосуда Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілхановпен кездесіп, екеуара әңгімеміз жарасып, мен ол кісіге еліміздегі марафонды ілгерілету төңірегіндегі ойымды жеткіздім. Өйткені, салауатты өмір салтын қалыптастыруды дін де қолдайды ғой. Осылайша Астанадан Меккеге дейін жүгіріп барып-келуге тәуекел ете алатынымды айттым. Ол қызығушылық танытып, құзырлы орындар тарапынан қолдау көрсетуге уәде етті. Сонымен қатар, Астана мешіттерінің имамдары қажылық міндетімді де атқара келуімді ұсынды. Бұл мен үшін үлкен демеу, үлкен қуаныш болды» дейді марафоншы.
Дулаттың ізгі сапарына қолдау көрсетіп жатқан ел азаматтары да жетерлік. «Нұр Отан» партиясы, Сыртқы істер министрлігі, «Нұр Астана» орталық мешіті, «Мегаспорт» спорттық брендтер дүкені басшылығы, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Ауғанстан соғысының ардагері Бақытбек Смағұл, Талғат Ерғалиев және өзі уақытша жұмыс істеп жүрген №10 қалалық емхананың ұжымы демеушілік танытып, қолдау көрсетуде.
Бүгінгі марафоншыны салтанатты түрде шығарып салу рәсіміне «Нұр Астана» мешітіне мемлекет және қоғам қайраткерлері, мешіт имамдары мен қала тұрғындары жиылып, онда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауғанстан соғынысының ардагері Бақытбек Смағұл сөз сөйлеп, Дулат Иманқажыға сәт сапар тіледі. «Байырғы баба дәстүрін қайта жалғап, тектіліктің белгісін көрсетіп отырған Дулатқа Алла жар болсын, сапарын оң қылсын деп тілейміз. Бүгінде техниканың сан мың түрі дамыған заманда, жаяу жүгіріп Мекке шаһарына қажылық ету ердің ісі. Ел ерінің есендігін тілейді. Сапарың оң болсын» деді халық қалауы жүрекжарды тілегінде.
Дулат Иманқажы бүгінгі Елорда тойында басталған үш айғаға созылатын сапарында Меккеге дейін жеті мың шақырымды басып өтсе, кері қайтарда да осынша қашықтықты бағындырады екен.
«Алда Әзербайжан, Иран, Кувейт, Сауд Арабиясы елдерінің топырақтарын басып өтеді екенмін. Сапарымның басым бөлігі ыстық климатты елдерге түсіп отырғаны оңай болмасы анық. Алайда, тәуекел, Алла қуат берсін!» дейді Д.Иманқажы. Марафон спортының тарихына үңілсек, әлемнің ең мықты жүгірушілердің өзі он күннен артық жолда болмапты. Ал, болашақ қажымыздың марафоны үш айға созылмақ.
Марафоншының бұл сапарында қажылығын атқара келуін ұсынған мешіт имамдары да Жаратқаннан дұға етіп, сәттілік тіледі. «Алла тағала мына қасиетті Рамазан айында барша ізгі амалдарымызды, соның ішінде Дулат бауырымыздың ниеті мен сапарын қабыл етсін. Раббымыз елімізге тыныштық, жерімізге береке беріп, барша қажылардың сапарлары оңды болуын нәсіп етсін» деп бата берді «Нұр Астана» мешітінің найб имамы Абдусамад Махат.
Ал, марафоншымыздың есімі жұртшылыққа 2010 жылғы Ақ Азияда ойындарынан таныс. Халықаралық доданың құрметіне ол Алматы мен Астананың арасын бір аптада жүгіріп өткен. Сол кездегі сапар біраз қиыншылыққа түскенімен, намысты қолдан бермеуге бел байлаған Дулат Иманқажы мәрені лайықты кесіп өткен.