Қазақ халқының ғұмырындағы бір ғибрат ол - қайырымдылық, жомарттық, қарайласу. Мол сауабқа жетелейтін бұл қасиеттердің қайнары асыл дініміз Исламнан бастау алғаны сөзсіз. Сол секілді мал шаруашылығымен күн көріп жүрген маңғыстаулық, Қызылордалық ағайынға Алладан шөп тапшылығымен сынақ келуде. Ол осы мүмкіндікке ие, қайырымдылық жасауға жағдайы бар бізге де бір сын екені сөзсіз. Осыған орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің бастамасымен, «Зекет және қайырымдылық» қорымен бірлесе отырып «Қиындықта ел бірге» қайырымдылық акциясы кең ауқымда аталып өтті. Аталмыш шараға Шу ауданы «Төле би» мешітінің бас имамы Талғат Кәрібайұлы ұйытқы болып, Шу ауданының жомарт жүрек тұрғындары мен мешіт жамағаттары жиылып, аталған өңірге шөп жөнелту үшін игі іске ұйысуда.
100 мыңнан аса халық тұратын шуақты Шу өңірі де осында жақсы іске өз үлестерін қосуда. Әу баста 1 вагон шөп жинап, сыр еліне жолдау жоспарда болғанымен, сауапты іске сусаған шулықтар қосымша 2 вагон сұрап, жалпы 3 вагонға 3000 дана шөп бауларын тиеді. Атап айтқанда асарға ат салысып ауыл-ауылдан келіп жатқан азаматтардың қарасы қалың болуы, баршаны қуантқаны анық.
Бүгін ауданға арнайы атбасын бұрып, ауқымды жоспармен келген Жамбыл облысының бас имамы Бейбіт қажы Әліпбекұлы қайырымдылық асарына қатысып жатқан жігіттермен кездесіп, алғысын айтып, батасын жаудырды. Ауызбіршілік туралы насихатын айтып, қайырым жасаудың жақсылығына тоқталды. Шу ауданы, «Төле би» мешітінің имамы Талғат Кәрібайұлы, алдағы уақытта осы игі іс-шара жалғасын тауып, 10 вагон шөп жіберу көзделіп отыр дейді.
Байжан Емберді
Шу ауданы, "Төле би" мешітінің баспасөз қызметі