ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат қажы Оңғар Татарстан мүфтиі Камил Самигуллинмен Қазан қаласында кездесті.
«Russia Halal EXPO» халықаралық халал индустрия көрмесі қарсаңында өткен кездесуге «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы мен ҚМДБ-ның бас есепшісі Лаура Байжарасова қатысты.
Ершат қажы Ағыбайұлы Татарстан мүфтиімен сұхбат барысында ҚМДБ-ның пандемия жағдайында атқарып жатқан бірқатар игі істері мен ауқымды жобаларына тоқталды.
«Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Діни басқарма және оған қарасты еліміздегі үш мыңға жуық мешіттің имамдары, жалпы дін қызметкерлері онлайн форматта жұмыс атқарудың түрлі тетіктерін игеріп үлгерді. Онлайн дәрістер мен сұхбаттар, аз уақыт ішінде «Муфтият» баспасынан шығып жатқан бірнеше кітаптың шығуы, елдегі жағдайға байланысты қолға алынған қайырымдылық шаралары, жалпы Діни басқарма ұйытқы болған тағылымды істер мен түрлі жобалар жүйелі түрде жүргізілуде» деп атап өтті наиб мүфти.
Татарстан мүфтиі Камил Самигуллин де қазақстандық делегацияға құрмет көрсетіп, халықаралық халал индустрия көрмесі бауырлас екі ел арасындағы діни-рухани байланыстың беки түсуіне септігін тигізетініне сенім білдірді.
Еске сала кетейік, ертең Татарстан астанасы Қазан қаласында 28-29 шілде күндері «Russia Halal EXPO» халықаралық халал индустрия көрмесі өтеді.