Жаңатас қаласындағы Сарысу аудандық мешітінде имамдар жиналысы болып өтті. Жиынға келген ауыл имамдарын ауданның бас имамы Ғ.Қонақбаев келе жатқан құрбан айт мерекесімен құттықтады. Исі мұсылманның ұлық мейрамы құрбан айт адамдар арасында мейірімділік, бауырмалдық, жомарттық деген сияқты тағыда басқа көптеген жақсы қасиеттердің қалыптасуына себеп болатын мереке.
Құрбан айт меркесін жоғары деңгейде өткізуге мешіт имамдары барынша атсалысуы керек. Айт намазын барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізейік. Намазға келушілерге барлық жағдайлар жасалынсын. Намаздан кейін құрбандық малдары арнайы рұқсат етілген орындарда шалынып, көмекке мұқтаж отбасыларға таратылып берілсін деп сөзін жалғаған бас имам, үш күн айт күндерінде ұйымшылдықпен келушілерге қызмет етілуін тапсырды.
Жиында бас имам мешіттер халықтың рухани сұраныстарына жауап беретіндей деңгейде болуы керек екенін тілге тиек етті. Ауыл жастарының діни сауатының артуына барынша жәрдем жасалу керек. Ауылдардан шәкірттер дайындауды барынша қолға алу керек, ол үшін мешіттерде сауат ашу курстары тұрақты түрде жұмыс істеуі керек екенін баса айтты.
Жиын соңында аудандық мешіттің ұстазы С. Тұрсынбеков имамдарға жат ағымның сенімдегі, амалдағы айырмашылықтары, сыртқы сипаттары, «сәләф солихтар» кімдер, жат ағым мүшелері неге өздерін сәләфиміз дейді деген мазмұнда семинар сабақ өткізді.
Сарысу аудандық мешітінің баспасөз қызметі